Түркістанда тұрмыстық техника шығарылады

Түркістанда тұрмыстық техника шығарылады

Түркістанда тұрмыстық техника шығарылады
ашық дереккөзі

Түркістан облысының орталығы - Түркістан шаһарының кәсіпкерлері, енді, тұрмысқа қажетті электр техникаларын өндіріп шығаруды өздері қолға алмақ. Ол үшін отандық «Orbis Kazakhstan» ЖШС-і мен өзбекстандық компания «Artel Electronics» ЖШҚ-ы (Жауапкершілігі шектеулі қоғам) өзара серіктестік орнатып, инвестициялық жобаны жүзеге асыруды көздеп отыр. Ал техника бағасы да тұтынушы үшін қолжетімді болмақ.

Түркістанның 2025 жылға дейінгі даму жоспары аясында ұйымдастырылып отырған кәсіпорында, негізінен, ас үй газ плитасы мен электрлі су жылытқыштарды жасап шығару жоспарланып отыр. Жалпы жоба құны 36 млрд. теңгені құрайды. Бұл жергілікті 2200 адамды жаңа жұмыспен қамтуға себеп болғалы тұр. Жаңа зауыт екі кезеңмен салынып, бой көтереді деп күтілуде. Бірінші кезеңде жалпы құны 23,5 млрд. теңге болатын ас үй газ плитасын шығаратын кәсіпорын жұмысын бастамақ. Оның жылдық қуаттылығы 500 мың дана тұрмыстық техника болады деп күтілуде. Бұл өз кезегінде 1510 жаңа жұмыс орнын құруға мүмкіндік бермек. Ал бірінші кезеңнің жұмыстары 2021-2022 жылдар аралығын қамтиды. Зауыттың екінші кезеңі 2023-2024 жылдар аралығында жүзеге асырылатын болады. Ол кезде аталған кәсіпорыннан электрлі су жылытқыштар өндіріліп шығарылады деп күтілуде. Мұнда да жылына 500 мың дана тұрмыстық техниканы ел нарығына шығару көзделіп отыр. Ол кезде 690 жаңа жұмыс орнын құру жоспарда бар. Қазіргі таңда серіктестер White Goods Management» ЖШС басқарушы компаниясын құрып, оны Нұр-Сұлтандағы «Астана» халықаралық қаржылық орталығына тіркеді. Сонымен бірге, аталған серіктестікті Түркістан қаласындағы  «Turkistan» Арнайы экономикалық аймағына (АЭА) жыл соңына дейін қайта тіркеу бойынша өтінімдер жіберілді. Мұнан бөлек, жобаның жүзеге асыру үшін жаңартылған жол картасы әзірленіп, аталған құжат ҚР Индустрия және инфрақұрылымды дамыту Вице-министрі М.Қарабаевтың, Түркістан облысы әкімінің орынбасары Р.Аюпов пен Түркістан облысының әкімі Ө.Шөкеевтің мақұлдауы күтілуде. Одан бөлек, кәсіпорынның орналасатын аймағы нақтылануда. Естеріңізге сала кетсек, жыл басында Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеев Өзбекстан Республикасына арнайы іссапар жасап, ондағы Ташкент қаласының әкімі Джахонгир Артыкхуджаевпен кездесу өткізген болатын. Тараптар жүздесуде Қазақстан мен Өзбекстан бірлесіп жылына 1 миллион дана тұрмыстық техника шығаратын кәсіпорын ашу туралы келісімге келген-ді. «Достық қатынастарға негізделген Қазақстан – Өзбекстан ынтымақтастығы нығая түсуде. Бүгінгі жоба біраздан бері талқыланып келген. Бұл бірлескен жұмыстың басы ғана. Жалпы, өзбекстандық инвесторлар Түркістан қаласына бірнеше өндіріс орнын ашуға қызығушылық білдіріп отыр», – деп атап өткен Ө.Шөкеев. Сонымен қатар, Өзбекстан еліне сапары барысында облыс әкімі Өмірзақ Шөкеев Чиназ ауданында болып, тұрғындарды жұмыспен қамту мақсатында бой көтерген тоқыма өнімдерін шығаратын ірі тігін фабрикасының ашылу рәсіміне қатысқан-ды. Өмірзақ Естайұлы тігін индустриясын дамытып, шалғай жерлерде қажетті жұмыс орындарын құратын жоба жетекшілерін облыс атынан құттықтаған болатын. «Qojakent Textile» компаниясы қысқа мерзім ішінде үкіметаралық өнеркәсіптік кооперация шеңберінде Түркістан қаласында тігін фабрикасын іске қосқаны белгілі.