Түркістанда бір жыл ішінде бес мың бас ірі қара малға арналған бордақылау алаңы ашылды

Түркістанда бір жыл ішінде бес мың бас ірі қара малға арналған бордақылау алаңы ашылды

Түркістанда бір жыл ішінде бес мың бас ірі қара малға арналған бордақылау алаңы ашылды
ашық дереккөзі

Бордақылауда береке бар

Түркістан облысының шаруақор кәсіпкерлері биыл жарап-ақ тұр. Мемлекеттен берілетін несие, субсидия, қайтарымсыз грант сынды бағдарламалар мен қолдаулардың арқасында мал шаруашылығы саласында болмаған көрсеткішке қол жеткізді. Олай дейтініміз, облыста биыл әрқайсысы 1 мың бастан тұратын бес мал бордақылау алаңы ашылды. Кәсіптен нәсіп табамын деп отырған шаруалар өңірдің Сайрам, Сарыағаш және Түлкібас аудандарының шаруа қожалықтарынан. Әсіресе, сайрамдықтар аса белсенді. Аталған ауданнан үш бірдей бордақылау алаңы ашылып, қызу жұмысын бастап кеткен. Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мал шаруашылығы бөлімдерін өндіру және қайта өңдеу бөлімінің басшысы  Ербұлан Жәнібековтің мәліметінше, өңірде, әдетте, жылына бір бордақылау алаңы ашылады екен. Ал биыл бес бірдей бордақылау алаңының ашылуы, әрі оның әрқайсысының бір мың бастық орыннан тұруы қуантарлық жағдай екен. Рекорд. Бұл, өз кезегінде, өңірдегі ірі қара мал етінің жеткілікті болуына, Зеңгі баба төлін көптеп асылдандыруға әрі төрт түлік пен ет бағасының тұрақты болуына септігін тигізеді деген сенім бар. Асылдандыру демекші, күнгейдегі ірі қара мал мен ұсақ малды асылдандыру жұмыстарында да ілгерілеушілік көп. Мәселен, облыста бүгінгі таңда 1 миллионнан астам ірі қара болса, соның 600 мыңға жуығы аналық бас екен. Осынау сиырлардың 46 пайызы асыл тұқымды бұқамен түрлендіріліп, аталған жұмыстарды атқару аясында Түркістан облысы республикада 2-орынға шыққан. Сондай ақ, мал шаруашылығын асылдандыру бойынша 1738 бас асыл тұқымды аналық ірі қара мал шет елден импортталды. Есесіне, ұсақ малды түрлендіру ісінде көш басында – бірінші орында тұрмыз. Өңірдегі 5 миллионнан астам қой-ешкі аналығының 32 пайызы асыл тұқымды қошқарлармен түрленген. Нәтижесінде, ірі қара мал етін экспорттауда біздің өңір тағы да көшті бастаған. Мәселен, жыл басынан бері түстік өңірден 25 мың тонна ірі қара мал еті шет елге экспортталыпты. Бұл ретте, ауыл шаруашылығы басқармасының мал шаруашылығын дамытуға қатысты сала мамандары төрт түлікті асылдандыру жұмыстарына өңір тұрғындарын қызықтыру үшін тізбек ретінде мемлекеттік субсидия тағайындап қойғандарын жеткізді. Ербұлан Жәнібеков, Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мал шаруашылығы бөлімдерін өндіру және қайта өңдеу бөлімінің басшысы:
-           Тұқымдық түрлендіруді дамыту үшін тізбектеп субсидиялау әдісін қолданамыз. Яғни, бордақылау алаңында тұқымсыз ірі қараны асыл тұқымды бұқалармен шағылыстыру арқылы әрбір аналық басқа 10 мың теңге субсидия берілсе, бұқалардың әрқайсысы үшін қожайынына 150 мың теңге төленеді. Ал олардың төлін бағып, семіртіп, еркек ірі қара малды бордақылау алаңына өткізсе, оның әрбір келісіне 200 теңгеден субсидия төлейміз. Егер, бір бұқаның салмағы орташа есеппен 300-400 келі деп есептесек, соның әрбір келісіне 200 теңгеден төлем жасалғанда шаруа бұқаның сатылым бағасынан бөлек, 60-80 мың теңге тағы да пайда табады. Шартымыз сол – ол төлдің аналығы тұқымдық түрлендіруге қатысуы керек. Мұндай жұмыстарға қорасында бірді-екілі ірі қарасы бар қарапайым ауыл тұрғындары да қатыса алады. Ол үшін ауыл тұрғындары бірігіп, аздаған құжат түзсе болғаны. Сол арқылы кемі 20 бас сиырды бордақылау алаңына алып келсе, асыл тұқымды бұқамен шағылыстырып, төлінің асыл тұқымды мал болуына септігімізді тигіземіз. Әрі әрбір бас сиыр үшін егесіне 10 мың теңге тағы төлейміз. Одан туылған төлді семіртіп, бордақылау орнына сатқанда жаңағы айтқан әрбір келіге 200 теңге деген жұмыстарымызды істей аламыз. Бұл жерде шаруаның ұтатыны көп. Біріншіден, алынған төл асыл тұқымды, тез ет алатын етті бағыттағы түлікке айналады. Екіншіден, алынған төлдің аналығын мал басын көбейту үшін өзіне қалдырып, бұқашықтарын бізге өткізеді. Үшіншіден, осынау әрбір процесс үшін мемлекеттік субсидияларға ие болады. Мұндай жұмыстардың өңірімізде жүріп жатқанына 10 шақты жылдың жүзі болды. Шаруаларға ұдайы түсіндірудің арқасында, тиімділігін көрсетудің нәтижесінде жылдан-жылға өңірімізде асыл тұқымды мал саны артып келеді. Жылдық көрсеткіш 0,5 пайыз. Алайда, бұл нәтижені одан әрі көтеруге болады. Ол үшін осынау шараға жергілікті шаруалар көптеп қатысуы керек. Бағдарламаның тиімділігін түсінуі керек. Бұл ретте, ұсақ мал – қой шаруашылығымен айналысып жүрген шаруалар түрлендірудің пайдасын түсініп алды. Қорасында 500-1000 қойы бар азаматтар үшін асылдандыру өте тиімді болғандықтан қазір бұл жұмыстар қызу қарқын алған.
Ірі қара малдан сауылып жатқан ағарған мәселесіне тоқталсақ, облысымыздың сауыншылары өткен жылмен салыстырғанда 16 мың тоннаға артық сүт сауыпты. Яғни, биылдыққа өңір фермерлері 556  мың тоннадан астам сүт өткізген. Былтырғы өңірлік көрсеткіш 540 мың тонна сүт болатын. Ағарғанды молынан сауып, нарыққа шығарып жатқандардың көш басында Сайрам ауданы тұр. Мұнда биыл 102 мың тонна сүт сауылған. Одан кейінгі үштікті Төлеби, Түлкібас, Қазығұрт және Келес аудандарының сауыншылары бастап тұр. Онда жыл басынан бері 40-50 мың тоннаның көлемінде сиыр сүті алыныпты. Түркістандағы мал шаруашылығын дамыту аясында түйе шаруашылығының аясын кеңейту жұмыстары да жандана түскен. Облыс орталығы – Түркістан қаласынан ашылған түйе сүтін өңдейтін жалғыз зауыт - «Golden Camel Group LTD» ЖШС-і аймақтағы түйе шаруашылығын дамытуға үлкен түрткі болды. Тәулігіне 100 тонна сүт өңдеуге қауқарлы зауытқа түйе сүтін уақытылы, дер кезінде жеткізіп әрі шикізатпен жеткілікті деңгейде қамтамасыз ету үшін жыл басынан бері 2012 түйе сатып алынған. Жалпы, облыстың мал шаруашылығына қатысты саласына жауаптылар түйе шаруашылығын дамытуды қолға алған соңғы үш жылда түйе санын көбейту жұмыстары жылына 14-15 пайызға артып келе жатқанын алға тартады. Яғни, үш жыл бұрын өңірдегі түйе саны 32 мыңның ар жақ, бер жағында болса, биыл оның саны 37 мыңнан асып жығылады екен. Қамбар ата төлі – жылқы шаруашылығын кеңейту де өңірде жоспарлы түрде дамытылып келеді. Былтыр 370 мыңның төңірегінде болған түліктер биыл 385 мыңның үстіне шықты. Мал шаруашылығы туралы сөз болған соң, Түркістан облысындағы құс шаруашылығы туралы да айтпай кетпей болмас. 2021 жылдың аталған шаруашылыққа қатысты ең басты жаңалығы - сыйымдылығы 10 млн. данадан басталатын жұмыртқалы құс фермасының ашылуы еді. Ордабасы ауданына қарасты Шұбар елді мекенінен бой түзеген «Әбеке» шаруа қожалығы өңірдегі жұмыртқаға қатысты біршама қажеттілікті жабады деп күтілуде. Айта кеткен жөн, облыста бүгінгі таңда ірілеген үш құс фабрикасы бар. Олардың екеуі Сарыағаш ауданында болса, бірі облыс орталығы – Түркістан шаһарында орналасқан. Үш құс шаруашылығында қазіргі кезде жылына 90 миллион дана жұмыртқа өндіріледі. Бұл көрсеткіш облыстағы өнімге қажеттілікті толық жаппаса да, орташа деңгейде қамтуға өз үлесін қосады дейді сала мамандары. Жұмыртқа өндірісінде сарыағаштық шаруалардың жұмысы орасан. Мұнда жыл басынан бері 8-9 айдың өзінде 63 миллион дана жұмыртқа нарыққа шыққан. Сарыағаштан кейінгі орында Сайрам, Төлеби және Түлкібас аудандары тұр. Ондағы әрбір құс фабрикаларында бүгінге дейін 12 миллион данадан артық жұмыртқа өндірілген. Облыстағы мал санын арттыру жұмыстары осылайша жоспарлы түрде ұйымдастырылып келеді. Өткен жылмен салыстырғанда өңірдегі ірі қара мал санының басы 3,3 пайызға артса, ұсақ мал 3,4 пайызға, жылқы 4,6 пайызға, түйе саны 10,2 пайызға, құс 12,4 пайызға артып келеді екен. Жалпы, республика бойынша біздің облыстағы ірі қара мал санының 14 пайызы, ұсақ малдың 22 пайызы, жылқының 12 пайызы, түйенің 15 пайызы және өндірілген еттің 15 пайызы, сауылған сүттің 13 пайызы Түркістан өңірінің үлесіне тиесілі болып тұр. Сәйкесінше ет өндіру 4,4 пайызға артып 144,1 мың тонна болса, сүт өндіру 2,9 пайызға көбейіп 556,5 мың тоннаға жеткен. Ал жұмыртқа өндіру 5,6 пайызға артып 158,3 млн. дананы көрсетіпті. Біле жүріңіз, облыста бүгінгі таңда 1 млн. 145 мыңнан астам ірі қара, 5 млн.нан астам қой-ешкі, 400 мыңға тарта Қамбар ата тұқымы, 38 мыңға жуық түйе және 2 млн. 200 мыңнан астам құс бар.

Ветеринарлардың жалақысы көбейеді

Осы жылдың 1 қыркүйегінде жасалған ҚР Президенті Қасымжомарт Тоқаевтың «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты Жолдауы қорасында төрт түлігін күтіп, баптап, содан азық-түлігін айырып, пайда табамын, кәсіп қыламын деген ауылдағы ағайынның үкілеген үмітіне жарық сәуле түсіргендей болды. Мемлекеттік құжатта сала аясында Президент Қ.Тоқаев төмендегіше мәселе көтереді.
«Ветеринария саласын да жетілдіру қажет. Бұл салада орталық пен өңірлер арасындағы міндеттер мен құзыреттер нақты бөлінуі керек. Мал басының амандығы және өнімділігі жергілікті ветеринарлардың тиімді жұмысына байланысты. Бұл, түптеп келгенде, ауылдағы ағайынның әл-ауқатына тікелей әсер етеді. Ветеринария қызметі қазіргі заман талабына сай болмаса, ауыл шаруашылығы өнімдерінің экспортын арттыру мүмкін емес. Сондықтан, осы салада жүйелі жұмыс атқарылуға тиіс. Атап айтқанда, үдерістерді цифрландыру, мәлімет жинау және оны автоматтандыру, маман даярлау және олардың жалақысын көбейту шаралары. Үкімет жыл соңына дейін ветеринария жүйесін реформалау жөнінде нақты шаралар қабылдауы керек», - деді Мемлекет басшысы.
Президенттің осынау Жолдауынан соң Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының тиісті салаға жауапты мамандары одан әрі жатпай-тұрмай жұмыс істеуді қолға алды. Осы тұста облыс аумағында ветеринария саласын жетілдіру мақсатында өңірден орталықтандырылған «Ветеринариялық қызмет» ШЖҚ МКК құру бойынша Түркістан облысының әкімі Өмірзақ Шөкеевтің қаулысы қабылданды. Бұл құжат аудан, қалалардағы 16 бірлік «Ветеринариялық қызмет» МКК-ін оңтайлы басқару және жүйелі ұйымдастыру мен бақылау жұмыстарын жетілдіруге мүмкіндік береді. Сондай-ақ, жолдау аясында жыл соңына дейін ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігімен бірлесіп бір ветеринар дәрігердің бірыңғай жүктемесінің нормасын бекітіп, ветеринария қызметкерлерінің жалақы мөлшерін белгілеу, ұлғайту жөнінде тиісті шешім қабылданатын болады. Жалпы, ветеринариялық саланың рөлі тек қана ауыл шаруашылығында ғана емес, экономикалық, медициналық тұрғыдан да маңыздылығы жоғары екені рас. Облыстық атқарушы органның құзіретін кеңейту мақсатында 2019 жылы ҚР «Ветеринария туралы» Заңына өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, аудан, қалаларға қарасты «Ветеринариялық қызмет» МКК-ы қысқартылып, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына қарасты мемлекеттік кәсіпорындары болып қайта құрылған-ды. Бұрынғы аудандық әкімдікке қарасты болған ветеринария бөлімдері облыстық басқармаға қарасты болып, саладағы өзекті мәселелерді шешу жайы облыс деңгейінде қолға алынды. Нәтижесінде, облыс аумағында эпизоотериялық және энзоотиялық жағдайды орталықтан бақылап тұрақтандыруға, профилактикалық және диагностикалық іс-шараларды тиісті деңгейде атқаруға оңды ықпалын тигізу үшін тиісті жұмыстар қолға алынды. Атап айтқанда, облысқа қарасты аудан, қалалардағы «Ветеринариялық қызметі» мемлекеттік коммуналдық мекемесіне 1927 ветеринариялық дәрігер жұмысқа тартылды. Мамандарға арнайы жалақы бекітіліп,  айлық ақысы 1,5 есеге дейін, яғни, бұрынғы 60-70 мың теңгеден 100-110 мың теңгеге дейін көбейтілді. Түркістан облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының ветеринария саласындағы жұмыстарды ұйымдастыру бөлімінің басшысы Базарбек Омаровтың мәліметінше, бұған дейін ауылдардағы ветеринар мамандар жыл он екі айдың 3-4 айын ақысыз демалыста өткізсе, құзіреттілік басқармаға өткелі бұл мәселе оңтайлы шешілген. Ветеринар мамандар ай сайынғы еңбек ақысына қол жеткізіп, әлеуметтік жағдайын түзеуге мүмкіндік алды. Бүгінде сала жауаптылары ветеринар дәрігерлердің біліктігін арттыру мақсатында түрлі курстар ұйымдастырып, шеберлік сағаттарын өткізуді қолға алған. Саладағы жұмыстар мұнымен шектелген жоқ. Осы жылы ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз етуге облыстық бюджеттен 4,1 миллиард теңге қаржы қаралып, өткен жылмен салыстырғанда 10 пайызға өсті. Сонымен қатар, ветеринариялық іс-шаралардың сапасын арттыру мақсатында 2021 жылы жергілікті бюджеттен қосымша 352 миллион теңге қаржы бөлінді. Қаражатқа 16 бірлік арнайы жабдықталған УАЗ фермер автокөліктері, 16 бірлік биопрепараттарды сақтауға арналған камералық тоңазытқыштар, 178 бірлік витриналық тоңазытқыштар, 814 бірлік термочемодан, 366 бірлік ит ұстауға арналған ілмектер және 390 бірлік компьютер жиынтығы алынды. Осынау техникалардың барлығын тиісті аудан, қалаларға таратып, ветеринария саласының тамырына қан жүгіртуді ойлаған бөлім басшысы Б.Омаров бұған дейін ауыл-аймақтардағы салаға қажетті техникалардың әбден тозығы жеткенін жеткізді. Мұнан бөлек, осы жылы ветеринариялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында, ауыл шаруашылығы жануарларына аса қауіпті 15 түрлі ауруға  қарсы 25,9 млн. доза вакцина егу жұмыстары жүргізілген. Тарқатып айтсақ, сарып ауруына қарсы – 572,9 мың. бас ірі қарадан және 2303,1 мың. бас уақ малдардан қан сынамалары алынып, ветеринариялық зертханаларда тексерілді. Нәтижесінде, 286 бас ірі қара және 449 бас ұсақ малдар ауруға «оң» нәтиже көрсетіп арнайы мал сою орнында сойылып, өңделді. Құтыру ауруының алдын алу үшін 34,4 мың бас қаңғыбас ит мысықтар ауланып, жойылды. Энзоотиялық аурулардың алдын алу мақсатында 2,7 млн. бас ірі қара мал бүркіліп, 9,1 млн. бас ұсақ мал тоғытылған. Сондай-ақ, 96,2 млн. шаршы метр қоражайлармен мен буферлік аумақтар залалсыздандырылды. Бүгінгі таңда, облыс аумағында эпизоотиялық және энзоотиялық ақуал тұрақты. Жем-шөптің жайы назарда Баршаға белгілі, биылғы қуаңшылық республикадағы жем-шөп мәселесінің жеткіліксіздігін тудырып, шаруаларды әбден әбігерге салды. Еліміздің батыс өңірлерімен қатар, жем-шөпке деген тапшылықты Түркістан облысының да шаруалары кәдімгідей сезініп қалды. Оған қоса, ауылдағы ағайынның көбі төрт түлігін ауыл маңынан ары асырмай жайғысы келетінінің салдарынан жайылым жерлердің барлығының тозығы жетіп, шөп атаулының жеткіліксіздігі басты проблемаға айналды. Осыған қарамастан, Маңғыстау, Атырау және Қызылорда облыстарында күрделі мал азығы тапшылығы туындауына орай, облыстың ерікті жастары, кәсіпкерлері, жанашыр тұрғындары, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-ы және Түркістан облысы әкімдігі бастауымен өңірімізден 95 вагон 3,0 мың тн. шөп Маңғыстау облысына жеткізілді. Ал өңірдегі шөп тапшылығының мәселесін шешудің оңды жолы ретінде салаға жауапты басқарма басшылығы аймақтағы орман қоры мен ұлттық табиғи парктер аумағынан шөп орып алуға рұқсат беріпті. Нақтырақ айтсақ, Келес, Сарыағаш, Жетісай, Мақтаарал, Төлеби Шардара, Отырар аудандарының Орман қорындағы жайылым жерін және «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінің жайылымдарын пайдалану туралы ауданаралық меморандум түзіліп, ондағы 581 агроқұрылымға 579,4 мың га жайылым жер, шөп шабуға 33 агроқұрылымға 2,3 мың га шабындық жер берілді. Алайда, ауылдан ары асырмай малын жаюға үйреніп қалған шаруалар рұқсат етіліп отырған жайылымдық жерлерге барудан бас тартып жатса керек. Аса бір құлықтық танытпайды екен. Сондай-ақ, басқарма басшылығы солтүстіктен «Азық-түлік келісімшарт» корпорациясы арқылы, арзан бағада 56 мың тонна жем сатып алып, өңірге жеткізу жолын қарастырып жатқанын мәлімдеді. Осылайша, Түркістан облысындағы мал азықтық қорды қамтамасыз ету мәселесі тұрақты бақылауда дейді саланың майын ішіп, жілігін мүжігендер. Айтуларынша, облыстағы мал басына қажетті 3,9 миллион тонна мал азығын дайындау жоспары артығымен орындалып, бүгінде облыста 4 миллион тонна шөп бар екен.