Жаңалықтар

Алматы маңында 17 жастағы жігіт такси жолаушысын зорлап, тонап кетті

Алматы облысында таксидегі жолсерігін зорлап, онымен қоса тонады деген күдікпен 17 жастағы жігіт ұсталды, – деп жазды Polisia.kz.

Іле аудандық полиция бөліміне жас әйел арыз түсірді.

Оның айтуынша, 9 қазан түнгі сағат 03:00 шамасында Алматы қаласының №1 теміржол вокзалында үйіне жету үшін такси ұстаған. Әйелді отырғызып алған соң, такси жүргізушісі қасындағы тағы бір жолаушының өтініші бойынша Түймебаев ауылының жанындағы жолдан бұрылып, қаңырап бос қалған жерге апарған.

«Сол жерде оған шабуыл жасап, ұрып-соғып, зорлап, алтын алқасын тартып алған. Қылмыс такси жүргізушісінің қатысуымен жасалды. Ол зорлық жасаған адамға өзінің әрекетсіздігімен көмектесіп, оның серіктесі болып шықты»,- делінген хабарламада.

Тәртіп сақшылары күдікті ретінде Бұрындай кентінің 17 жастағы тұрғынын ұстады.

«Күдікті қылмысын мойындап, қамауға алынды. Сондай-ақ 22 жастағы такси жүргізушісі де ұсталды. Ол екеуі жерлес болып шықты. Такси жүргізушінің әрекетіне тергеу кезінде тиісті құқықтық баға беріледі», – деп атап өтті полициядағылар.

Қылмыстық іс ҚР ҚК 120-бабының 1-бөлігі (зорлау) және ҚР ҚК 191-бабының 2-бөлігі (тонау) бойынша қозғалды.

Back to top button