Ұрпақ тәрбиесінде ұсақ-түйек болмайды
Ұрпақ тәрбиесінде ұсақ-түйек болмайды
Шымкентте «Ата-ана – ұлттың ұясы» атты ата-аналар форумы өтті. «Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігі ұйымдастырған ауқымды іс-шара Шымкент қаласы әкімдігінің қолдауымен өтті.
Оффлайн өткен форумға Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, «Сенімен болашақ» ҚБ құрылтайшысы Нұркен Асанов, Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Шахмардан Байманов, Түркістан облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рақымбек Жолаев, «Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қорының президенті Дархан Өте, ата-аналар мен қала тұрғындары қатысты.
Форумға Білім және ғылым вице-министрі Шолпан Каринова онлайн қосылып, сәттілік тіледі.
«Ата-аналар форумы – өте маңызды. Бала тәрбиесі – ортақ мүдде. «Ата-ана – мектеп – оқушы» үштігі тығыз қатынаста жұмыс істесе, көп жетістікке жетеріміз сөзсіз. Себебі балаларымыз, оқушылардың білімі мен тәрбиесі ересектердің басты міндет-мақсаты саналады. Форум жұмысына министр Асхат Аймағамбетовтің атынан сәттілік тілеймін!» – деді Шолпан Таңатқызы.
«Бұл – «Сенімен болашақ» республикалық қоғамдық бірлестігінің бесінші іс-шарсы. Бала үшін бас ұстаз – ата-ана екенін ескерсек, жақсы ата-ана бола білу де аса жауапты іс. Бірлестіктің мақсаты – ата-аналардың психологиялық-педагогикалық біліктілігін арттыру. Баланың тұлға, кемел адам ретінде қалыптасу жолында маңызды фактор саналатын отбасының, әсіресе әкелердің бала тәрбиесіне атсалысуына жағдай жасау, насихаттау, сонымен қатар педагогтердің статусын көтеру», – деді «Сенімен болашақ» РҚБ құрылтайшысы Нұркен Асанов.
Ал Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан бала тәрбиесі әр ата-ананың өзіне тікелей байланысты екеніне баса назар аударды.
«Баланы тәрбиелеу үшін алдымен өзімізді тәрбиелеуіміз керек. Қарапайым мысал ретінде айтайын, барлығымызда дерлік ұялы телефон бар. Статистика бойынша адам әр 3 минут сайын сол телефонға қарап қоя береді. Сөйте тұра, баласына гаджетке құмар болмауды ескертеді. Ал ол үшін ересек адам алдымен өзі үлгі болуы керек. Оқушылардың жанында мұғалімі 5-6 сағат болса, тәуліктің қалған уақытында ата-анасы болады. Сондықтан ата-ана ретінде жауапкершілікті сезінуіміз керек», – деді Шыңғыс Жұмабекұлы.
Форум барысында Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі Жастар және отбасы істері комитетінің төрағасы Шахмардан Байманов, «Білім-Инновация» халықаралық қоғамдық қорының президенті Дархан Өте, Түркістан облыстық Адами әлеуетті дамыту басқармасының басшысы Рақымбек Жолаев сөз алып, бала тәрбиесі жайлы ұсыныстарын ортаға салды.
Пленарлық жиыннан кейін форум түрлі тақырыптағы семинар-тренингтермен жалғасты. Бала тәрбиесі саласындағы коуч-тренерлер Елжас Ертайұлы, Асхан Абжанов, Ғалымбек Бермағанбетов секілді мамандардың тәжірибесі форумға келгендердің көңілінен шықты.
Назгүл НАЗАРБЕК
Шымкент қаласы