Жаңалықтар

Ла-Манш бұғазын 17 сағатта жүзіп өткен қазақ қызы

ашық дереккөзі

Ла-Манш бұғазын 17 сағатта жүзіп өткен қазақ қызы

Ашық суда жүзумен айналысатын әуесқойлар үшін Ұлыбритания мен Фран­цияның арасын бөліп тұрған Ла-Манш бұғазын бағындыру Олимпиадада атой сал­ғанмен тең. Сонау 1875 жылы Ла-Маншты тұңғыш рет жүзіп өткен ағыл­шын азаматы Мэттью Уэбб салған сара жолды жалғастыру, рекордтан рекорд жаңарту үшін суда жүзумен әуестене­тіндер Англияға қарай жыл сайын ағыла­ды. Олардың арасында жасы да, жасамы­сы да бар. 2011 жылы 70 жастағы ұлыбри­та­ниялық Роджер Оллсоп әйгілі бұғазды 17 сағат 51 минутта жүзіп өтіп, Гиннестің рекордтар кітабына енді. Ал қазақстан­дықтардың арасынан топ бастаған Әнел Сытдықова бұл межені үшінші мүмкін­дігінде ғана бағындырған. Әнелден кейін өткен қыркүйек айында екінші болып Мадина Құрманбаева Ла-Маншты гидро­костюмсіз жүзіп өтті. Оған қоса, ол Ыс­тық­көлді жүзіп өткен тұңғыш қазақстан­дық ретінде танымал. Франциядан елге оралғанына аз ғана уақыт болған Мади­наға хабарласып, сұхбат құрған едік. – Ең алдымен білгіміз келетіні – қар­жы саласында табысты еңбек етіп жүр­ген сізді суға жүзумен кәсіби түрде шұ­ғыл­дануға не итермеледі? – Осыдан он жыл бұрын қызымды Ал­ма­тыда спорт секциясына апарып, оның қа­лай жүзетінін сыртынан бақылап тұрғанымда нұс­қаушы келіп «Бәлкім, сіз де байқап көрер­сіз?» деп қолқа салды. Сол кезде «О не деге­ніңіз, мен – жасым ұлғайған адаммын. Суда мүлде жүзе алмаймын әрі бұл спортты ба­сынан бастай алмаймын» деп сенбеген едім. Алайда уақыт өте келе бұл сенімсіздік пен үрей сейіліп, суда жүзудің көп әдісін үйрене бас­тадым. Ақырында бұл спортқа қызық­қа­ным соншалық, тіпті ішкен асымды жерге қоя­тын болдым. Негізі, жаттықтырушылар әрі бірге жаттыққан топтағы әуесқойларға жо­лығып, жолым болды деп ойлаймын, өйт­кені біз жүзіп қана қоймай, үнемі бірге жү­гіретінбіз. Сөйтіп жүргенде суда жүзу, веложарыс және жеңіл атлетиканы бірік­тірген спорт түрі – триатлонға қызығушылық пайда болды. Уақыт өте келе суда жүзуден түрлі жарысқа қатыса бастадым, әдепкіде қысқа қашықтыққа жүзіп үйрендім, сөйте-сөйте үлкен қашықтыққа жүзіп көргім келді. – 2019 жылы Ыстықкөлді жүзіп өт­кен тұңғыш қазақстандық атандыңыз. Одан бөлек, Қырғыз Республикасы, Ре­сей және Қазақстаннан келген 22 қа­ты­сушының арасында гидрокостюмсіз жүз­­ген жалғыз спортшы ретінде есте қал­дыңыз. Бұл сіз қатысқан бәсі биік бірін­­ші жарыс па? Ашық суда жүзуге әуес болу дәл осы Ыстықкөлден бастал­ды ма? – Иә, 2019 жылы Ыстықкөлде 15 ша­қы­рым­ға созылған сол марафон мен қатысқан ең маңызды сайыстардың бірі болды. 22 қа­тысушы болсақ та, әркім межеленген қа­шық­тықты жекелей жүзіп өтті. Әрбірінің жыл­дам­дығы әртүрлі болғандықтан, қаты­су­шы­лар шама-шарқына қарай өнер көрсетті. Жалпы, ашық суда жүзуге деген сүйіспеншілік бірте-бірте арта түсті. Әдепкіде «Бәрі ай­тып жүрген Ла-Маншты мен де бағын­дыруым керек» деген мақсат болмады. Кім болса да бір орында тұрмай, ілгерілегенді құп көреді. Қатарластарымен иық тіресіп, кәсіби түрде ары қарай жетіле түсуді көздейді. Сол секілді мен де даму үшін ірі жарыстарға қа­тысудың амалын қарастырдым. Жалпы, әлем жұртшылығы тамсанатын ашық суда жүзу спорты елімізде енді танымал бола бастады. Бұрын бізге беймәлім болған бұл спорт түрі туралы енді еститін боласыздар. Себебі бізде де сайыстар жиі өткізіліп жүр. Әсіресе, Бура­байда кейінгі кезде Open Water жарысы тұрақ­ты өтуде. Биыл Қапшағайда ашық суда жүзуден әлемдік деңгейдегі ірі жарыс Oceanman өтпекші болған еді, алайда пандемияға бола бұл іс-шара келесі жылға шегерілді. [caption id="attachment_157486" align="alignnone" width="1024"] – Ла-Маншта сіз жүзіп өткен қашық­тық БАҚ беттерінде біресе 32 шақырым делінсе, енді бірде 68 шақырым деп жазылып жүр. Анығында... – Анығында – 68 шақырым. Негізі, Ла-Ман­штың тік бағытта өлшенген қашықтығы – 34 шақырым. Әдетте көпшілік осы қа­шықтыққа жүзгенді жөн көреді. Бірақ түрлі себептермен, әсіресе ауа райына байланысты түрлі қашықтық тіркеледі. Мысалы, маған белгіленген меже 46 шақырым болды. Алайда Ла-Манш Атлант мұхиты мен Солтүстік теңізді жалғап жатқандықтан, онда судың ағысы біресе жиілейді, біресе бәсеңдейді. Осы себептен ағыс әр алты сағат сайын өзгеріп отырады, тиісінше мені жан-жаққа «лақтыра­ды», оның үстіне жолай медузаларға бірнеше рет тап болдым, олардан «құтылуым» керек болды. Сондықтан маған белгіленген бағыт біз күткендей тік емес, S пішіндес бағыт шық­қандықтан, бұл межені 68 шақырымды жүзіп өттім. Бұл 16 сағат 54 минутқа созыл­ды. Ал негізінде техникалық тұрғыдан қара­ған­да «менің қашықтығым» – 46 шақырым. – Ыстықкөлдегідей Ла-Маншты гид­рокостюмсіз жүзіп өту өз қалауыңыз бо­лар деп ойласам, сөйтсем бұл ашық суда жүзу марафонының бұлжымас та­ла­бы екен. Жүзуші тағы қандай ере­же­лерді естен шығармауы тиіс? – Негізі, гидрокостюммен жүзуге де бо­лады, бірақ ұйымдастырушылар мұны есепке алмай қояды. Көбіне бейресми марафонда жүзетін жүзушілер гидрокостюм киеді. Ресми бақылаушы алдымен үстіме киген киімді, соның ішінде қандай баскиім кигенімді тексереді, сосын олар мінген қайыққа сүй­кенбеуімді қадағалайды. Одан бөлек, ол қоз­ғалыс траекториясын түзетіп, хронология жүр­гізіп отырады. – Жүзу кезінде нәр татып алуға рұқ­сат шығар? – Әрине. Мен әр 45 минут бойы әлденіп отыр­дым. Қолдаушылар тобы маған спорт­шы­лар үшін ең тиімді энергия көзі санала­тын көмірсуы бар сусынды жіпке байлап лақ­тырады. Мен оны 40 секундтың ішінде ішіп үлгеруім керек, әйтпесе көп тұрып қал­саң, денең мұздап тоңады немесе ағыс сені басқа жаққа ағызып әкетеді. Айта кетерлігі, жүзушіге денесін қыздыру үшін ланолин жағып алуға болады. Бірақ мен күннен қор­ғайтын крем мен мойын тұсыма киім қа­жамау үшін вазелин жақтым. [caption id="attachment_157488" align="alignnone" width="1024"]– Франция жағалауына қарай түнгі уақытта жүзуге әркімнің батылы жете бер­мейтін секілді... – Ал мен үйреніп алғанмын. Дегенмен бас­тапқы уақытта қорыққаным бар, бірақ осы марафонға дайындық жүргізу барысында үрейімді жеңу үшін кешқұрым немесе түнде арнайы дайындалатынмын. Десек те, түнгі уақытта жүзудің пайдасы шамалы, себебі күн­нің көзі жоқ әрі су суық болады. Бірақ мара­фон уақыты ұзаққа созылатындықтан бұған да етіміз үйреніп алды. – Мәре сызығын кескен кезде қандай сезімде болғаныңызды сұраудың өзі артық болар. Әйтсе де, сол сәтте қандай күй кештіңіз? – Әдетте, мұндай кезде үйреншікті көрі­ніс­ті бақылауға болады: көп жағдайда жүзу­шілер құмды жағалауға мәреге жетеді, ал жаға­лауда күтіп тұрған француздар ерекше қар­сы алып, құттықтап жатады. Ал менде бар­лығы басқаша болды: біріншіден, мен бел­гіленген межеге түнгі уақытта жеттім, екіншіден, мәре сызығы құмды жағалауда емес, француздық Кале портының қасында ор­наласқан тас қабырғаға белгіленген. Тағы бір ескерер жайт, соңғы үш-төрт сағатта жыл­дам жүзуге мәжбүр болдым, себебі ағыс­тың бағыты өзгере бастағандықтан, бізді Сол­түстік теңізге қарай айдап әкету қаупі туын­дады. Оның үстіне, ағзаң да «шаршай» бас­тайды, одан бөлек, қолдаушылар мен бақы­лаушылар да «Алға!» деп сенің діттеген жерге тезірек жеткеніңді қалайды. Осылай­ша, соңында абдырап қалған мен тез жүземін деп қарсы алдымда тұрған әлгі тас қабыр­ғаны ең соңғы секундта ғана көрдім. Сол қабырғаға жеткен кезде ресми бақылаушы уақытты тіркеп алды, ал маған оларға қарай кері жүзу керек болды. Оған қоса, түнде тол­қын тулап соғады, қайықтағылар мені соғы­лып қала ма деп қорықты. Сөйтіп, ашық суда жүзуге ең қолайлы кроль стилімен жүзуге шамам жетпей, қайыққа дейін брасс әдісімен жүзіп, әрең жеттім. – Әлбетте, Каспий, Балқашты жүзіп өткің ке­леді, бұл өзіме де қызық. Бірақ әзірше еш­қан­дай жоспар құрмадым, үйде демалып жат­қан жайым бар. Одан бөлек, айналысатын өзге жұмыстарым баршылық. Негізі, мен бұрын қаржы саласында жұмыс істегенмін, сон­дай-ақ өндіріс компаниясында қаржы ди­ректоры қызметін атқардым. Қазір кон­салтинг компанияның жұмысын ілгерілетуге атсалысып жүрмін. Сосын жергілікті клубта балаларды суда жүзуге үйретемін. Жалпы, алдағы уақытта өзіме де көп нәрсені, әсіресе жүзу техникамды жетілдіру әрі жылдам­дықты арттыру бойынша жұмыс істеу керек. Маған хлор қоспасы себілетін бассейннен гөрі, табиғи ортада екеніңді сезіндіретін ашық суда жүзген қатты ұнайды. Оған қоса, ашық судың температурасы да жағымды әсер етеді. Тіпті, ашық суда жүзу арқылы психи­калық аурудан емделіп жүргендерді білемін. Алайда ашық суда жүзетін адам менталды тұрғыда мықты болуы керек. Біздің спортта 20 пайыз физикалық, 80 пайыз менталды дайындық қажет. Суық суда көп уақыт өткі­зетіндіктен әрі жоғарыда айтып өткендей бір сарынды көріністі көп көретіндіктен, миың орта жолдан тайдыру үшін кез келген нәрсені ойлап табады. Мысалы, бұғаздың бел ортасына келгенде басым айналып, жүрегім айныды, сондай-ақ толқын көтерілген кезде көп су жұттым, егер рухың мықты, сана-сезімің жоғары болмаса, әлгі жайттың барлығынан қорқып, жүзуді тоқтата салуың әбден мүмкін. Сол себепті жүзуші менталды түрде толысып отыруы қажет. – Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ