Өр Текес пен Қызылжар арасында

Өр Текес пен Қызылжар арасында

Өр Текес пен Қызылжар арасында
ашық дереккөзі

Әлеуметтік өмірдің қайшылық-қақтығыстарының қайнаған ортасында есейіп-ержеткен ақындардың бірі – өзіндік айтыс мәнерімен, әнші-сазгерлік салмағымен, азаматтық арынымен, шешендік дарынымен сонау 1980-1990 жылдардың өзінде-ақ ерекше көзге түскен, Қытайдағы қазақтардың маңдайалды айтыс ақындарының бірі болған Серік Әнбияұлын атап айтуға болады.

Мен қазақпын, кешегі сақ бабамыз. Өршілміз, ұқсамаймыз басқаға біз. Жетіліп көкбөрінің сүтіменен, Асқар шың болған біздің бас панамыз – деп, тол­ғанған ақынның айтар ойы мен терең сыры «асқар шыңды баспана еткен» ұлттық тарихымыздың арғы-бергі көшірмесінде аңыз-ертегіге жүк болатындай ұлылықтың жатқанын әйгілеп тұрғандай болады. Серік Әнбияұлының өзі шығарған әде­мі әуенімен әуелеп жүрген «Де­меңіз», «Аттан дейтін сөз қайда», «Балалық» сияқты тер­ме­лерін тыңдап, «Мекен жыры», «Дала», «Бол­май­ды», «Мен қазақпын», «Ала­тауға», «Же­тісу» секілді толғау-өлеңдерін мә­нерлеп оқы­ған оқырманның көзі жете­тініне сенім­діміз. Ақын Серік Әнбияұлын аудандық, ай­мақтық және облыстық ақындар ай­ты­сында көп рет жүлдегер болып, ерекше көз­ге түскені себепті Қытайдағы бірнеше ба­сылым мен «Шарапат», «Каусар» сияқты телеарна бағдарламаларының тілшілері арнаулы іздеп келіп, айтыссүйер қауымға таныстырғанын білеміз. Өйткені ол Қытай қазақтарына танылмал айтыс ақындары Гүл­ден Мүлікқызы, Айғаныш Дәлелхан­қы­зы, Нұрзихан, Ұлжалғас Тұмарбайқызы, Айт­бек Әуесұлы, Ғазиза, Гүлбақыт, Мысыр, Зәпия, Гүлсімхан, Ғазиза, Зира, Нұрсара, Әбді­ғани Бәзілханұлы, Құрманбек Зей­тін­ға­зыұлы, Бауыржан Шормақұлы қатарлы ақын­дармен айтысып, өрелі өнер көрсеткен бо­латын. Әбдіғани: Жыр етіп Құлжа сынды қаламызды. Қорғайық жасыл орман даламызды. Тыныстас қазақ елі табиғатпен, Биіктеп биік таудан алам үлгі. Табиғат орта жайлы ағайындар, Бәріміз өсірейік санамызды. Қазағым ежелден-ақ жыршы халық. Тілдескен табиғатпен тіл шығарып. Жаны бір табиғатпен ұлтымыздың, Шертетін ағашы да күй шығарып. Айғаймен қыр қазағы әуенімен, Тастан да жіберетін тіл шығарып. Серік: Жұрт тыңдар ақындары айтса өлең. Келемін ел мұрасын жаттап ерен. Қазақтың әуеніне орман мүлгіп, Саңқ етіп құлақ түрер таста керең. Мүмкін бе осындайда іркілуім? Тыныстас табиғатпен тіршілігім. Жайқалып жапырағын кеңге жайған, Болғанда халқым терек, бүршігімін. Осынау туған дала табиғаттың, Аяймын кірпігімдей бір шыбығын. Әбдіғани Бәзілханұлы мен Серік Ән­бияұ­лының көлемді айтысының ішіндегі осы бір айтыс шумақтарындағы көтерілген тақырыптың адамзат баласына ортақ ке­лелі тақырып екенін былай қойғанда, он­дағы өлең жолдарының көркемдік өресінің нағыз ақынға тән суреткерлік шеберлігіне таңдай қақпау мүмкін емес. Әбдіғани ақын­ның «Шертетін ағашы да күй шығарып... Тас­тан да жіберетін тіл шығарып» деген об­­­разды ой толғамына Серік ақын «Қазақ­тың әуеніне орман мүлгіп, Саңқ етіп құлақ түрер таста керең. Жайқалып жапырағын кең­ге жайған, Болғанда халқым терек, бүр­шігімін. Осынау туған дала табиғаттың, Аяй­мын кірпігімдей бір шыбығын» деп теңеу мен әсірелеуге толы көркем де сурет­кер тіл арқылы сүбелі өлең жолдарын тоқ­сан толғанып, жүз жүйелейтін жазба ақын­дарша жандандырады. Осы бір ойымыздың шынайылығын Жамағат Шәрбекұлының «Іле кеші» газетінде жарияланған «Мұң­ғыл­күре ақыны Серік Әнбияұлымен Шапшал ау­данының ақыны Ұлжалғас Тұмарбай­қы­зының айтысы да көпті желпіндіріп тас­тады. Ұлжалғас: Ағажан әзіл айтып, төтеледің, Ел борышын демеймін өтемедің. Ұстазсыз, әр ағасыз аты шыққан Арманның асқарына жетелегін – дегенде, Серік Әнбияұлы: Қандай жақсы шабытты осы өлеңің, Көгеруін тілеймін көсегеңнің. Қол созып, Ай бетіне шығар болсаң, Өлеңмен Күн көзіне көтеремін, – деп тапбермеде жүйелі жауап қайтарып, оны көркем образға орап, тартымды етіп жет­кізеді. Серік Әнбияұлының тап бермеде түсірген бұл бір шумақ өлеңінің көркемдік өресі мазмұны қайсыбір жазба өлең­деріңіз­ден артық болмаса кем түспейді» деген пайым­дауы растайтынына күмән келтір­мейміз. Айтыс ақындарына қойылатын талап жо­ғары екенін көп жағдайда айтыссүйер қауым мен айтыс ақындары аңғара бермей­ді. Ондағы ойды бейнелеу қалай болу керек? Қарапайым болу керек пе? Жоқ, әлде көр­кем болу керек пе? Әрине, айтыс ақыны ойды көркем бейнелеудің шебері болаты­нын екінің бірі біледі. Алайда оның шығар­ма­шылық заңдылығына көп назар аудар­майтын айтыс ақындары да жеткілікті. Айтыс өнеріндегі ойды көркем бейнелеу ұйқаспен қана шектеліп қалмай, сөздердің өзара үндестігі, суреткерлік және бүкпелеу секілді образды ойнақылықпен ұштасып жататынын аңғарған ақын ғана қисынды сөз жүйесімен қарсыласын шаңқаптырып кете алады. Серік Әнбияұлының айтыс өлең­дерінен тыс өтірік өлеңдері мен өтірік өлең айтыстарының өзі бір төбе: Гүлбақыт: Деме мені ағайын өтірікші. Өлтірсең де айтпаймын өтірікті. Тышқанды мініп алып келе жатқан, Мысықты кене шағып өлтіріпті. Серік: Әлі көбін айтамыз қызық істің. Айтысты естіп аспаннан бүгін түстім. Құмырсқаның бір тобын мұзға байлап, Қасап қып кесірткені қымыз іштім. Әріптес таңдайыңды тамсандырмай, Шөлдесең сонда барып қымыз ішкін – деп келетін өтірік өлеңдерінің қиялға бай салмағы зілдей ауырлығымен оқырманы мен тыңдарманын тың әлемге жетелеп ала жөнеледі. Серік Әнбияұлының өлең өнеріндегі тер­ме-толғауларын былай қойғанда, оның «Керуен», «Сағыныш», «Жаңа қоныс», «Белес», «Қанатсыз балапан», «Ағын» сияқты күйлері мен «Көкшетау», «Жаңа дәуір», «Қызыл­жарым», «Тәуелсіздігім бәрінен қымбат», «Таңжарық» қатарлы әндері топтық ортада орындалып, айтылып жүргені оның саз­герлік қырын ашса, халық әндері мен өзінің ав­торлық әндерін топтық ортада тамыл­жытып орындайтын серілігі оның әншілік қырын әйгілеп жүргені белгілі. Серік бір сөзінде: «Менің айтыс сахна­сына шығуымды қолдаған қолдаушыларым жақсы болды. Олар – өнертанушы, қоғам қай­раткерлері. Олар менің өзімді ғана емес, өне­рімді қолдады. Сондықтан да мен өз дарынымды ұштайтын жекпе-жекте көп тосырқап тосылмайтын стильді қалыптас­тырдым. Өйткені менімен жекпе-жекке шыққан ақындардың алымдылығы менің өз биігімді қалыптастыруыма себеп болды» деген еді. Серік Әнбияұлының табан асты сөз табатын, қарсыласын қапыда сан соқ­тырып, оқырмандары мен көрермендерінің көңілінен шығатын озық ойлы, иі қанған шымыр өлең жолдарынан жинақылық пен көркемдік өресі жоғары тапқырлықты бай­қаймыз. Артық ауыз, босбелбеу сөз-сөйлем­дердің кездеспейтініне тәнті боламыз да, оның ел-жұрты алдында өз азаматтығы мен ақындық борышын бұлжытпай орын­да­ғанына риза болып: Өз басыңа білемін жетеді өнер. Еңбектерің әлі де еселенер. Тілейтінім ардақты ақын досым, Елдің жүгін нар болып көтере бер – деп өнерде де, өмірде де Секеңмен бірге бір тері­нің пұшпағын илеп жүрген, ақын, досы Жақыпнұр Оқасұлы айтқан ақ тілекті екі етпей орындағаны үшін ақын Серік Ән­бияұлын құрметтейміз әрі мақтан тұтамыз. Әнші, сазгер, айтыс өнерінің ақтаңгері, өртекестің ерен жүйрігі, Қызылжар өңірінің төбе биге лайық ақсақалдарының бірі бо­лып келе жатқан Серік Әнбияұлы жайлы бі­раз толғанған ойымызды қазақ әдебиеті «қа­шанда ел өміріндегі күрделі тарихи оқи­ғаларға үн қосып, өз заманының көкейкесті мә­селелерін көтеріп отырды. Өткен күн, озған дәурен, көне тіршілік шежіресі болды. Үнемі халық жағынан табылып, елдің бүгіні ғана емес, болашағы үшін де аса мәнді идея­лардың ұраншысы қызметін атқарды» деп, көр­некті қаламгер Мұхтар Мағауиннің те­рең мәнді, текті пайымдауымен түйіндейтін болсақ, Серік Әнбияұлының күмбірлеген күй­лері мен әрлі әуендерінен тыс «Текестен теріскейге дейін» атты алуан тақырыптағы жинағының өзі қазақ әдебиетінің қазына­сына жүйеден, қазақ мәдениетінің теңізіне тамған бір тамшы екенінде дау жоқ. Өйткені теңіз бұлақтан бастау алса, оның суының дә­мі тамшыдан белгілі болатынын екінің бірі біледі.

Бекқожа Жылқыбекұлы, филология ғылымдарының кандидаты