Аялайық, ардақтайық ананы!
Аялайық, ардақтайық ананы!
Тараз қаласының орталығындағы аурухана жанындағы саябақ тұсынан өтіп бара жатып, таяуда ғана бой көтерген «Анаға тағзым» руханият орталығының алдына қойылған құшағына жас сәбиін қысып ұстаған ана бейнесін көрген сайын оған зер саламын. Онда ананың балаға деген мейірімділігі ерекше көрсетілген. Әйел бейнесі арқылы қазақ қызының инабаттылығын, биязылығын, қазаққа тән мінезін сипаттаған. Ананың оң қолына сәбиін ұстап, алға қарай бір қадам жасап тұрғанының мәні – түн ұйқысын төрт бөліп, бір қолымен бесік, екінші қолымен әлемді тербеткен, сәбиін құнды қасиеттерге тәрбиелеген, ақ сүтімен адамгершіліктің асыл қасиеттерін дарытқан аналарға тағзым ретінде бейнеленген. Соны көремін де өткен жылы бір таныс астаналық азаматтың айтқан мына бір әңгімесі еріксіз еске түседі. – Қарапайым отбасында, ауылда өстім. Жеті баланың кенжесі болғандықтан, қара шаңыраққа ие болып қалдым. Қолымда 80-нен асқан шешем тұрды. Қанша жасқа келсем де анам қамқоршым болды. Мені ерекше жақсы көріп, аналық махаббатын аямай төкті. Үйленіп, бала-шағалы болсам да әрдайым есік алдынан күтіп алатын. Тіпті, қызмет бабымен түн ортасында келсем де көз ілмей тосып, мені көріп «Ә, балам келдің бе? Жұмысыңнан шаршап келдің бе, қарғам? Құдай қуат берсін, балам» деп, Аллаға сыйынып барып төсегіне жататын. Дүние мен үшін сонымен қызық болатын. Қазақ әнінің бірінде «Анасы бар адамдар ешқашан қартаймайды» деп жатады ғой. Сол сөздің жаны бар екен. Жасыма қарамай реті келсе анама әзіл-қалжың айтып, кейде жас балаша еркелейтінім де бар болатын. Анам дүниеден озғаннан кейін көңілім құлазып, әжептәуір «жалғызсырап, жетімсіреп» қалдым. Үйге келсем көңілім анамды іздейді, оның жылы сөздерін естігім келеді, алақан табының ыстығын сезінгім келеді. Баз бір кезде анаңды сағынып, жүрегің езіледі, кейде көкірегің қарс айырылып, көздеріңе мөлтілдеп ыстық жас келеді. Қайран, ана! Сөйтіп жүргенде бірде түнде іссапардан үйге келдім. Есікті өз кілтіммен ашып, ішке ендім. Бала-шаға, жұбайым, інім мен келін, барлығы қалың ұйқы құшағында, кімнің үйге келіп-кетіп жатқанын еш сезер емес. Сол сәтте жарықтық анамның үйде жоғын қатты сезіндім. Уақытпен санаспай мені әр кез тосып отыратын бейнесі көз алдымнан көлбеңдеп кетпей қойды. Аяқтарымды жай басып, асханаға еніп, жарықты қосып, шай қойдым. Үстел басында отырып кешегі анам бар кездегі күндерді еске алып, ойым астан-кестен, ішкі дүнием әлем-жәлем болды. Жұдырықтай жүрегім кеудеме сыймайтындай аттай тулап, бойымда өксік пайда болып, еріксіз жанарыма ыстық жас келді. Анамның «Келдің бе, балам?..» деген жылы сөзін бүгін ести алмағаным жаныма қатты батты. Ана орнын ешкім, ешқашан толтыра, алмастыра алмайтынын сол сәтте терең ұқтым. Көздерім мөлтілдеген ыстық жасқа толды, көңілім босап, кеудемді өксік билеп, жападан жалғыз отырғандай «аттың басын бос жіберіп», егіл-тегіл жылап, иә, жылап, анамды сағынып, іштегі шерімді бір тарқатып алдым. Соңғы кезде сиректеу болса да әлгідей көңіл (басқаны білмеймін!) менде болып тұрады. Оным орынды ма, әлде орынсыз ба, білмеймін. Анаға деген көңіл, махаббат, сағыныш жас талғамайды-ау деп ойлаймын. Иә, ананың мейірімін, нұрлы жүзін, алақандарының ыстық табын, балаларына деген қамқорлығын, сірә санасында саңылауы бар жан ұмыта ала ма? Әттең, оны кеш түсінетініміз өкінішті. Қанша жылдар өтсе де әлі анамды аңсаймын, елжіреп сағынамын, әрдайым көңілімнің төрінде тұрады, бас иіп тағзым етемін. Кейде анамның басына «Анаға тағзым» деген ескерткіш қойғым келеді. Менің қиялым бойынша, ескерткіште есік жартылай ашылып, арғы жақта сарыла баласын тосқан ана бейнесін көргім келеді. Бұл ойым орындала ма, жоқ, әлде қиял күйінде қала ма білмеймін. Әйтеуір мені сондай ой көп мазалайды, көңілімде жүреді. Бәріне уақыт төреші ғой, көрерміз, өмір жеткізсе солай еткім келеді. Бұл анамның алдындағы өтелген парызым болар еді, – деп еді жасы орта жастан асқан, ұл-қыз өсіріп, немере сүйіп отырған бір танысым ағынан жарылып, ауыр күрсініп, көздері жасаурады. Кез келген тірі пенде ана алдындағы парызы мен қарызын ойлап, дәл осылай «жүрекке жүк» арта алар ма еді?! Жүрекке «сызат түсірген», санаға салмақ салған дәл осындай Анаға деген ұлы махаббатты кез келген перзент сезіне алар ма?! Әй, қайдам… Ертеректе бір жігіт халық арасында ана туралы жиі айтылатын «Анаңды арқалап Меккеге апарсаң парызыңнан құтыласың» деген сөзді негізге алып, анасын қажылыққа апармақ ниетпен, шешесін арқалап Меккеге жеткізбек болыпты. Ағайын-туыстары, қатарлас-замандастары мен ауылдастары әлгі жігіттің бұл ісін қолдап, басқаларға үлгі етіп, бата беріп шығарып салады. Анасын арқалаған жігіт алғашқы күннің өзінде біраз белестен, қыраттан асады. Түстен кейін алыста жайылып жүрген түйелерді көзі шалған қарт ана: «Балам, анау көз ұшында көлбеңдеген не нәрсе?» деп баласынан сұрайды. «Түйе ғой, шеше» деген жауап алады. Біраздан кейін әлгі түйелердің қарасы айқындала түскенде шешесі: «Анау қараңдаған не нәрсе, балам?» деген сұрақ қояды. – Түйе, боталарымен жайылып жүрген түйелер ғой, – деп жауап береді баласы. Тағы біраз жол жүргеннен кейін анасы: «Жақындап келе жатқан не?», – деп қайта сұрақ қояды. «Тыныш отырыңызшы адамды шаршатпай, жаңа айттым ғой, олар түйелер деп», – дейді ашуға мініп. – Е, балам, бәрін түсіндім. Ашуланба, кері үйге қайтайық. Сенің тілің жаңадан былдырлап шығып келе жатқанда күні бойы «анау не?», «мынау неге ондай?», «мынау кім?» деген жүздеген сұрақтарыңа мен еш қиналмай дұрыс жауап беретін едім. Енді қазір менің бар болғаны үш сұрағыма жауап беруден қиналып, ашуланып, бетімнен алдың. Барлығы түсінікті болды. Рақмет, ұлым. Ауылға қайтайық, – депті анасы. Бұл халық аузында ертеден сақталған аңыз болса да, өмірдің ойда жүрер бір тағылымды философиясы, ананы қадірлеудің бір қыры. Өкінішке қарай, бүгінде қарттар үйінде жүргендердің басым көпшілігі өзіміздің қаракөздер. Олардың арасында самайларын қырау шалған, жүздерін әжім басқан қарт аналарды да көру таңсық емес. Барлығына көз үйреніп, бой үйреніп барады. Олардан «Ұл-қыздарыңыз жоқ па?» деп сұрай қалсаң, жүздерін мұң торлап, көздері жәудіреп: «Ол жағын сұрамай-ақ қойыңызшы. Тағдыр тауқыметі осылай болды... Пешенеге жазғанды көріп жатырмыз», – деп тура жауап беруден тайсақтайды. Оларды түсінуге болады. Бұл сұрақ олар үшін жүрек түбінде жатқан ащы запыран, сыздауықтай жанын сыздататын ауыр сұрақ. «Тоғыз ай көтеріп, толғатып, барын аузына тосып, мәпелеп, «оның табанына кірген шөңге, менің маңдайыма кірсін» деп ақ сүтін беріп өсірген баласы ана алдындағы парызын өтей алды ма? Мына бейбітшілік заманда аналарын тірі жетім еткен келіні мен ұлының көсегесі көгерер ме екен?», – деген сұрақтар еріксіз кімді болмасын толғандырады. Әй, қайдам-ау! Ананың көз жасы, сірә тым алысқа жібермес... Бірде сөзден сөз шығып, бажамыз екеуміз ана, оның алдында перзенттік парыз туралы ой-пікір бөлістік. Сонда ол: «Біз бір ата-анадан сегізбіз. Әке-шешеміз жандарын аямай бізді «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай» мәпелеп өсірді, тәрбиеледі, білім берді. Әрқайсымыз жеке-жеке шаңырақ көтеріп, үй болдық, өз бала-шағамыздың қамқоршысы болып, солардың проблемаларымен айналысып, өз бетімізбен кеттік. Қартайған әке-шешеміз кенже ұлының қолында болды. Мен отбасымыздың тұңғышы болдым, әжем мен атамның қойнында шолжаңдап ерке өсіп, анамды – «жеңеше», әкемді – «аға» деп өстім. 40-қа толып, ағайын-туыстарға дастарқан жайып, батасын алдым. Сөз барысында анам абайсызда «бұл менің тұңғышым ғой» деп айтып қалды. Сонда қасында отырған замандас қайынбикелері шу етіп, «Өйтуге қалай аузың барады?» деп анамды ұялтқаны есімде. Жарықтық анам «кешіріңдер, кешіріңдер...» дей берді сасқанынан. Расымды айтайын, ойлап отырсам, көздері тірі кездерінде әкем мен шешеме тым жақындамай, әркез «арақашықтық» сақтап, қолдан келген жылы мейірімімді төкпеппін. Әкем ауылдық мектепте өмір бойы мұғалім болып қызмет етіп, зейнетке шығып, балаларының қолына – қалаға қоныс аударды. Өкініштісі, ертерек өмірден озды, қайран әкем. Анамыз тұрған ініміздің үйіне анда-санда сәлем беруге бас сұғып, шағын бір сыйлығымызды (орамал, көйлек, шай тағы басқа) беріп кетуден аспадық. Соның өзіне ол жайдарланып, көңілі жадырап, батасын беріп, балаша мәз болып қалатын. Соңғы жылдары аурушаң болып, біраз қиналды, бірнеше рет ауруханаға жатып, ем-дом алды. Бірақ, ауруы меңдей берді. Бір күні көңілін сұрап барсам, анам әжептәуір сынып, көз жанары сөніп, бойынан күш кетіп қалыпты. Алғаш рет қысылмай құшақтап сәлем беріп, көзінен сүйдім. Анам байғұс мұндай оқыс әрекетімді күтпеген болу керек, екі көзі суланып, мөлт-мөлт етіп келген ыстық жасын орамалымен қайта-қайта сүртіп отырып, о дүниеге аттанып кетті. Сірә, мейірімді де нәзік ана жүрегі ерекше көңіл толқынын көтере алмаған болу керек. Міне, содан бері жылжып қанша жылдар өтті. Біз де қартая бастадық. Тәубе, немерелеріміз «аталап» аяғымызға оралып, үйімізді думанға бөлеп, шапқылап жүр. Ойға берілген сәттерде, анамның сол соңғы бейнесі көз алдыма анда-санда көлбеңдеп келіп қалады. Оған деген сағыныш өмірімнің соңына дейін жалғасар. «Ата-ананың қадірін балалы болғанда білерсің» деп қазақ бекер айтпаған екен. Жылдар жылжыған сайын «Ата-анамның еңбегін ақтай алдым ба? Оларға мен қандай жақсылық жасай алдым? Олардың алдындағы парызымды толық орындай алдым ба? Өмір барысында нені елемедім?» деген сұрақтар сиректеу болса да мені мазалайды. Сол сәттерде оларға жауап іздеп қиналатыным рас. Көріп жүрсіз, шүкір, бала-немере өсіріп отырмыз, солардың әурелігімен, солардың проблемаларымен өмірдің талай бөлігі өтіп кеткенін сезбей қалыппыз. Кейде «Олардан не жақсылық, не рақат көріп отырмын?» деген ойға батамын. Мына сайқымазақ өмірмен алысып жүргенімізде бәрі ақ сағымдай өте шығады емес пе? Тұңғиық ой түбіне жету қиын...». Ата-ана мен перзенттері қандай байланыста болуы туралы қасиетті Құранда анық жазылған өсиеттер жетерлік. Құран Кәрімде: «Раббың тек оның өзіне ғана ғибадат етуіңді және ата-анаға жақсылық қылуды әмір етті. Егер құзырыңда олардың біреуі, әйтпесе екеуі бірдей қартайып, бойларынан күш-қуат кетіп, қолыңа қарап қалса, оларға «уһ» деуші болма, көңілін жабырқатып, ренжіте көрме және оларға жанын жадыратар жақсы сөз айт. Екеуіне де зор мейірмен, кішіпейілмен бас иіңдер, тәңірім, мені кішкентайымнан мәпелеп өсіргендей сен оларға рақым ет» делінген. Демек, Алланың ғибадатынан кейін ата-анаға жақсылық жасау қажет. Бұл – Алланың әмірі, парыз. Алла Тағала аятта өзіне ғибадат етуге шақырып тұрып, ата-анаға жақсылық жасауды ескертіп тұр. Өз кезегінде бұл ислам дінінде ата-ана ақысының қаншалықты екенін білдіреді. Имам мұслим (р.а.) хадис шәріпте пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Ата-аналарыңа мейірімді болыңдар, сонда перзенттеріңнен мейір көресіңдер» деген. Иә, өмірде сирек болса да кездесіп жататын осы бір оқиғадағы асыл ананың түн ұйқысын төрт бөліп, мәпелеп өсірген перзенті ана алдындағы перзенттік борышын өтеді деп айтуға аузың еш бармайды. Ана кешірді ме екен баласын?! Қайдам, бұл біз үшін ауыр сұрақ... Аялаңдар, құрметтеңдер ананы! Лайым, ананың орны пейіште болғай!
Сағындық ОРДАБЕКОВ, дәрігер-хирург, медицина ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Тараз қаласы