Аялайық, ардақтайық ананы!

Аялайық, ардақтайық ананы!

Аялайық, ардақтайық ананы!
ашық дереккөзі

Өлкемізге тағы бір кезекті қоңыр күз келіп жетті. Бізді қоршаған табиғат оған ертерек дайын­да­лып қойғандай. Тал-теректердің саялы жасыл жа­пырақ­тары сарыала түске боялып, лүп еткен сал­қын самал желге судырап, қалбалақтап жерге тү­сіп, төсек бо­лып жайылып жатыр. Көк аспан да басқа боз түс­ке айналғандай көрінеді. Құстар әні де сая­бақтардан естілмейді.

Тараз қаласының орталығындағы аурухана жанындағы саябақ тұ­сынан өтіп бара жатып, таяуда ғана бой кө­терген «Анаға тағзым» руханият ор­та­лығының алдына қойылған құшағына жас сәбиін қысып ұстаған ана бейнесін көрген сайын оған зер саламын. Онда ананың балаға деген мейірімділігі ерекше көрсе­тілген. Әйел бейнесі арқылы қазақ қызы­ның инабаттылығын, биязылығын, қазақ­қа тән мінезін сипаттаған. Ананың оң қо­лына сәбиін ұстап, алға қарай бір қадам жа­сап тұрғанының мәні – түн ұйқысын төрт бөліп, бір қолымен бесік, екінші қолымен әлемді тербеткен, сәбиін құнды қасиеттерге тәрбиелеген, ақ сүтімен адам­гершіліктің асыл қасиеттерін дарытқан ана­ларға тағзым ретінде бейнеленген. Со­ны көремін де өткен жылы бір таныс ас­таналық азаматтың айтқан мына бір әң­гімесі еріксіз еске түседі. – Қарапайым отбасында, ауылда өстім. Жеті баланың кенжесі болғандықтан, қара шаңыраққа ие болып қалдым. Қолымда 80-нен асқан шешем тұрды. Қанша жасқа келсем де анам қамқоршым болды. Мені ерекше жақсы көріп, аналық махаббатын аямай төкті. Үйленіп, бала-шағалы болсам да әрдайым есік алдынан күтіп алатын. Тіпті, қызмет бабымен түн ортасында келсем де көз ілмей тосып, мені көріп «Ә, балам келдің бе? Жұмысыңнан шар­шап келдің бе, қарғам? Құдай қуат берсін, ба­лам» деп, Аллаға сыйынып барып төсегіне жататын. Дүние мен үшін сонымен қы­зық болатын. Қазақ әнінің бірінде «Анасы бар адам­дар ешқа­шан қартаймайды» деп жатады ғой. Сол сөздің жаны бар екен. Жа­сыма қарамай реті келсе ана­ма әзіл-қал­жың айтып, кейде жас балаша ерке­лей­тінім де бар болатын. Анам дүние­ден оз­ған­нан кейін көңілім құлазып, әжептәуір «жал­ғызсырап, жетімсіреп» қалдым. Үйге кел­сем көңілім анамды іздейді, оның жы­лы сөздерін естігім келеді, алақан табы­ның ыстығын сезінгім келеді. Баз бір кезде анаңды сағынып, жүрегің езіледі, кейде көкірегің қарс айырылып, көздеріңе мөл­тілдеп ыстық жас келеді. Қайран, ана! Сөй­тіп жүргенде бірде түнде іссапардан үйге келдім. Есікті өз кілтіммен ашып, ішке ендім. Бала-шаға, жұбайым, інім мен келін, барлығы қалың ұйқы құша­ғында, кімнің үйге келіп-кетіп жатқанын еш сезер емес. Сол сәтте жарықтық анам­ның үйде жоғын қатты сезіндім. Уақытпен санаспай мені әр кез тосып отыратын бейнесі көз алдымнан көлбеңдеп кетпей қойды. Аяқтарымды жай басып, асханаға еніп, жарықты қосып, шай қойдым. Үстел басында отырып ке­шегі анам бар кездегі күндерді еске алып, ойым астан-кестен, ішкі дүнием әлем-жә­лем болды. Жұдырық­тай жүрегім кеудеме сый­майтындай аттай тулап, бойымда өксік пайда болып, еріксіз жанарыма ыс­тық жас келді. Анамның «Келдің бе, ба­лам?..» деген жылы сөзін бүгін ести алма­ғаным жаныма қатты батты. Ана орнын ешкім, ешқашан толтыра, алмас­тыра ал­май­тынын сол сәтте терең ұқтым. Көз­дерім мөлтілдеген ыстық жасқа толды, көңі­лім босап, кеудемді өксік билеп, жа­падан жалғыз отырғандай «аттың басын бос жіберіп», егіл-тегіл жылап, иә, жылап, анамды сағынып, іштегі шерімді бір тарқа­тып алдым. Соңғы кезде сиректеу болса да әлгідей көңіл (басқаны білмеймін!) менде болып тұрады. Оным орынды ма, әлде орын­сыз ба, білмеймін. Анаға деген көңіл, махаббат, сағыныш жас талғамайды-ау деп ойлаймын. Иә, ананың мейірімін, нұрлы жүзін, алақандарының ыстық табын, ба­лаларына деген қамқорлығын, сірә са­насында саңылауы бар жан ұмыта ала ма? Әттең, оны кеш түсінетініміз өкінішті. Қан­ша жылдар өтсе де әлі анамды аңсай­мын, елжіреп сағынамын, әрдайым көңі­лім­нің төрінде тұрады, бас иіп тағзым ете­мін. Кейде анамның басына «Анаға тағ­зым» деген ескерткіш қойғым келеді. Ме­нің қиялым бойынша, ескерткіште есік жартылай ашылып, арғы жақта сарыла ба­ласын тосқан ана бейнесін көргім келеді. Бұл ойым орындала ма, жоқ, әлде қиял күйінде қала ма білмеймін. Әйтеуір мені сон­дай ой көп мазалайды, көңілімде жүре­ді. Бәріне уақыт төреші ғой, көрерміз, өмір жеткізсе солай еткім келеді. Бұл анамның алдындағы өтелген парызым болар еді, – деп еді жасы орта жастан асқан, ұл-қыз өсіріп, немере сүйіп отырған бір танысым ағынан жарылып, ауыр күрсініп, көздері жа­саурады. Кез келген тірі пенде ана алдындағы парызы мен қарызын ойлап, дәл осылай «жүрекке жүк» арта алар ма еді?! Жүрек­ке «сызат түсірген», санаға салмақ салған дәл осындай Анаға деген ұлы ма­хаб­батты кез келген перзент сезіне алар ма?! Әй, қайдам… Ертеректе бір жігіт халық арасында ана туралы жиі айтылатын «Анаңды арқалап Меккеге апарсаң парызыңнан құтыласың» деген сөзді негізге алып, анасын қажылыққа апармақ ниетпен, ше­шесін арқалап Меккеге жеткізбек болыпты. Ағайын-туыстары, қатарлас-замандастары мен ауылдастары әлгі жігіттің бұл ісін қолдап, басқаларға үлгі етіп, бата беріп шығарып салады. Анасын арқалаған жігіт алғашқы күннің өзінде біраз белестен, қы­раттан асады. Түстен кейін алыста жайы­лып жүрген түйелерді көзі шалған қарт ана: «Балам, анау көз ұшында көл­бең­деген не нәрсе?» деп баласынан сұрайды. «Түйе ғой, шеше» деген жауап алады. Біраз­дан кейін әлгі түйелердің қарасы айқын­да­ла түскенде шешесі: «Анау қараңдаған не нәрсе, балам?» деген сұрақ қояды. – Түйе, боталарымен жайылып жүрген түйелер ғой, – деп жауап береді баласы. Тағы біраз жол жүргеннен кейін ана­сы: «Жақындап келе жатқан не?», – деп қайта сұрақ қояды. «Тыныш оты­рыңыз­шы адамды шаршатпай, жаңа айт­тым ғой, олар түйелер деп», – дейді ашуға мініп. – Е, балам, бәрін түсіндім. Ашуланба, кері үйге қайтайық. Сенің тілің жаңадан былдырлап шығып келе жатқанда күні бойы «анау не?», «мынау неге ондай?», «мы­нау кім?» деген жүздеген сұрақтарыңа мен еш қиналмай дұрыс жауап беретін едім. Енді қазір менің бар болғаны үш сұрағыма жауап беруден қиналып, ашуланып, бетім­нен алдың. Барлығы түсінікті болды. Рақ­мет, ұлым. Ауылға қайтайық, – депті анасы. Бұл халық аузында ертеден сақталған аңыз болса да, өмірдің ойда жүрер бір тағылымды философиясы, ананы қа­дір­леудің бір қыры. Өкінішке қарай, бүгінде қарттар үйінде жүргендердің басым көп­шілігі өзіміздің қаракөздер. Олардың ара­сында самайларын қырау шалған, жүздерін әжі­м басқан қарт аналарды да көру таңсық емес. Барлығына көз үйреніп, бой үйреніп барады. Олардан «Ұл-қыздарыңыз жоқ па?» деп сұрай қалсаң, жүздерін мұң торлап, көздері жәудіреп: «Ол жағын сұрамай-ақ қойыңызшы. Тағдыр тауқыметі осылай бол­ды... Пешенеге жазғанды көріп жатыр­мыз», – деп тура жауап беруден тайсақ­тайды. Оларды түсінуге болады. Бұл сұрақ олар үшін жүрек түбінде жатқан ащы запыран, сыздауықтай жанын сыздататын ауыр сұрақ. «Тоғыз ай көтеріп, толғатып, барын аузына тосып, мәпелеп, «оның таба­нына кірген шөңге, менің маңдайыма кір­сін» деп ақ сүтін беріп өсірген баласы ана алдындағы парызын өтей алды ма? Мы­на бейбітшілік заманда аналарын тірі же­тім еткен келіні мен ұлының көсегесі кө­герер ме екен?», – деген сұрақтар еріксіз кімді болмасын толғандырады. Әй, қай­дам-ау! Ананың көз жасы, сірә тым алысқа жібермес... Бірде сөзден сөз шығып, бажамыз екеу­­міз ана, оның алдында перзент­тік парыз туралы ой-пікір бөлістік. Сонда ол: «Біз бір ата-анадан сегізбіз. Әке-шеше­міз жандарын аямай бізді «қанаттыға қақ­тырмай, тұмсықтыға шоқтырмай» мә­пелеп өсірді, тәрбиеледі, білім берді. Әр­қай­сымыз жеке-жеке шаңырақ көтеріп, үй болдық, өз бала-шағамыздың қам­қоршысы болып, солардың пробле­ма­ларымен айналысып, өз бетімізбен кет­тік. Қартайған әке-шешеміз кенже ұлы­ның қолында болды. Мен отбасы­мыздың тұңғышы болдым, әжем мен атамның қойнында шолжаңдап ерке өсіп, анамды – «жеңеше», әкемді – «аға» деп өстім. 40-қа толып, ағайын-туыстарға дастарқан жайып, батасын алдым. Сөз барысында анам абайсызда «бұл менің тұңғышым ғой» деп айтып қалды. Сонда қасында отырған замандас қайынбикелері шу етіп, «Өйтуге қалай аузың барады?» деп анамды ұялтқаны есімде. Жарықтық анам «кешіріңдер, кешіріңдер...» дей берді сасқанынан. Расымды айтайын, ойлап отырсам, көздері тірі кездерінде әкем мен шешеме тым жақындамай, әркез «арақа­шықтық» сақтап, қолдан келген жылы мейірімімді төкпеппін. Әкем ауылдық мектепте өмір бойы мұғалім болып қызмет етіп, зейнетке шығып, балаларының қо­лына – қалаға қоныс аударды. Өкініш­тісі, ер­терек өмірден озды, қайран әкем. Ана­мыз тұрған ініміздің үйіне анда-санда сә­лем беруге бас сұғып, шағын бір сыйлы­ғы­мызды (орамал, көйлек, шай тағы басқа) беріп кетуден аспадық. Соның өзіне ол жай­дарланып, көңілі жадырап, батасын беріп, балаша мәз болып қалатын. Соңғы жылдары аурушаң болып, біраз қиналды, бірнеше рет ауруханаға жатып, ем-дом алды. Бірақ, ауруы меңдей берді. Бір күні көңілін сұрап барсам, анам әжептәуір сынып, көз жанары сөніп, бойынан күш кетіп қалыпты. Алғаш рет қысылмай құшақтап сәлем беріп, көзінен сүйдім. Анам байғұс мұндай оқыс әреке­тім­ді күтпеген болу керек, екі көзі суланып, мөлт-мөлт етіп келген ыстық жасын ора­малымен қайта-қайта сүртіп отырып, о дүниеге аттанып кетті. Сірә, мейірімді де нәзік ана жүрегі ерекше көңіл толқынын көтере алмаған болу керек. Міне, содан бері жылжып қанша жылдар өтті. Біз де қартая бастадық. Тәубе, немерелеріміз «ата­лап» аяғымызға оралып, үйімізді думан­ға бөлеп, шапқылап жүр. Ойға беріл­ген сәттерде, анамның сол соңғы бейнесі көз алдыма анда-санда көлбеңдеп келіп қалады. Оған деген сағыныш өмірімнің соңына дейін жалғасар. «Ата-ананың қа­дірін балалы болғанда білерсің» деп қазақ бекер айтпаған екен. Жылдар жылжыған сайын «Ата-анамның еңбегін ақтай алдым ба? Оларға мен қандай жақсылық жасай алдым? Олардың алдындағы парызымды толық орындай алдым ба? Өмір барысында нені елемедім?» деген сұрақтар сиректеу болса да мені мазалайды. Сол сәттерде оларға жауап іздеп қиналатыным рас. Көріп жүрсіз, шүкір, бала-немере өсіріп отырмыз, солардың әурелігімен, солардың проблемаларымен өмірдің талай бөлігі өтіп кеткенін сезбей қалыппыз. Кейде «Олардан не жақсылық, не рақат көріп отырмын?» деген ойға батамын. Мына сайқымазақ өмірмен алысып жүргенімізде бәрі ақ сағымдай өте шығады емес пе? Тұңғиық ой түбіне жету қиын...». Ата-ана мен перзенттері қандай бай­ла­ныста болуы туралы қасиетті Құранда анық жазылған өсиеттер жетерлік. Құран Кәрімде: «Раббың тек оның өзіне ғана ғибадат етуіңді және ата-анаға жақсылық қылуды әмір етті. Егер құзырыңда олардың біреуі, әйтпесе екеуі бірдей қартайып, бойларынан күш-қуат кетіп, қолыңа қарап қалса, оларға «уһ» деуші болма, көңілін жабырқатып, ренжіте көрме және оларға жанын жадыратар жақсы сөз айт. Екеуіне де ­зор мейірмен, кішіпейілмен бас иіңдер, тәңірім, мені кішкентайымнан мәпелеп өсіргендей сен оларға рақым ет» делінген. Демек, Алланың ғибадатынан кейін ата-анаға жақсылық жасау қажет. Бұл – Алла­ның әмірі, парыз. Алла Тағала аятта өзіне ғибадат етуге шақырып тұрып, ата-анаға жақ­сылық жасауды ескертіп тұр. Өз кезе­гінде бұл ислам дінінде ата-ана ақысының қан­шалықты екенін білдіреді. Имам мұслим (р.а.) хадис шәріпте пайғам­бары­мыз (с.ғ.с.): «Ата-аналарыңа мейірімді бо­лың­дар, сонда перзенттеріңнен мейір көре­сіңдер» деген. Иә, өмірде сирек болса да кездесіп жататын осы бір оқиғадағы асыл ананың түн ұйқысын төрт бөліп, мәпелеп өсірген перзенті ана алдындағы перзенттік боры­шын өтеді деп айтуға аузың еш бар­майды. Ана кешірді ме екен баласын?! Қайдам, бұл біз үшін ауыр сұрақ... Аялаңдар, құрметтеңдер ананы! Лайым, ананың орны пейіште болғай!

Сағындық ОРДАБЕКОВ, дәрігер-хирург, медицина ғылым­дары­­ның докторы, профессор, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі Тараз қаласы