«Ақыл базары» академиялық білімді қажет етпей ме?

«Ақыл базары» академиялық білімді қажет етпей ме?

«Ақыл базары» академиялық білімді қажет етпей ме?
ашық дереккөзі

Осыдан бір ай бұрын «Суперма­ма­сита» деген лақап атпен танымал бло­гердің үстінен қылмыстық іс қоз­ғал­ды. Әлі күнге дейін Алматы қалалық По­ли­ция департаментінің мүліктік қыл­мыс­тарды тергеу бөлімінде іс қаралып жа­тыр. Блогер 28 мыңнан астам қатысушыға қаржылық тәуелділіктен арылып, несие мен қарыздан құтылып, түрлі бизнес-ак­каунттарды басқаруды үйретуге уәде ет­кен. Алайда онлайн сабақ сапасы мен маз­мұны курсқа қатысушылардың көңі­лінен шықпағасын, марафоншылар ақ­шаны қайтару үшін полицияға арыз­дан­ған. Бұл – бір мысал.

Қазір тез баюдың жолын үйретеміз, тұрмыс тауқыметінен шығатын жолды көрсетеміз дейтін мотиватор-коучтар көбейген. Бірақ олардың білім деңгейіне мән беріп жатқан жан сирек. Арнайы академиялық білімсіз-ақ адам оқытып, дәріс беретін инстаоқытушылар онсыз да «шықпа жаным, шықпалап» отырған халықты босқа әурелеп, салмақ салып отырғанын түсінгісі келмейтінінде.    width= Данияр ЖІГІТБЕК,     инфобизнесмен, копирайтер: Инфобизнес­мен өмірді жеңілдеткені үшін ақша алады – Инфобизнесмен – білімі мен тәжіри­бе­сін бір жерге жинап, оны әрлеп, қа­был­дауға жеңіл болатындай етіп оқырманға ұсы­натын маман. Инфоөнім жасау – тұнып тұр­ған еңбек. Біраз адам тер төгіп, тұты­ну­шы назарына ұсынып, оны сатады. Сұраныс пен ұсыныстың түйіскен жерінде баға бе­кі­тіледі. Әсілінде білім алу тегін, бірақ оны ин­тернеттен іздеп отыратын адамның уа­қы­ты жоқ. Керісінше, өзінің ұнатқан сала­сын­дағы білімді меңгерген, тәжірибе жү­зін­де жасап көрген маманнан аз уақытта көп мағ­лұмат алған әлдеқайда тиімді. Бұл жер­ден шығатын қорытынды – уақытты са­тып алу. Интернеттегі көп мәліметті оқып, оны қорытқанша уақыт кетеді. Инфо­биз­несмен өмірді жеңілдеткені үшін ақшасын ала­ды. Бұл – сауда заңы, сондықтан теріс әре­кет көрудің қажеті жоқ. Енді біреулер бар, олар кітапта тұрған ақпаратты көшіріп алады. Ешқандай тәжірибе жүзінде іске асырып көрмеген дүниелерді сатады. Өзінде жоқ дүниені өзгеге сату. Бұл жерде халықтың көзі ашық болуы керек. Оны ажырата алса ғана мәселе туындамайды. Бұл – бір мәселе. Енді осы екі системада ақшаның рөлін анықтап алған жөн. Ақшаның рөлі мен қызметі – жауап­кершілікті үстеу. Яғни, егер бір сабаққа ақша төленсе, шәкірт те, ұстаз да жауапкерші­лік­пен қарайды. Ақша төлегенің үшін кез кел­ген дүниеден барынша көп алуға тыры­сасың. Бұл жағдайда да ақысы төленген зат ақшасын ақтауы керек. Сондықтан ақша жауапкершіліктің рөлін көбірек атқарады.  width=Айгүл ЕЛШІБАЕВА, дәстүрлі әнші, жырау: Олардың тілі – жұмсақ, ділі – темірдей қатты – Психологпін деп елді алдап, дінді ара­лас­тырып, ақша табамыз деген пысы­қай­лар­мен айқасқаныма жарты жыл болды. Тү­сінгені түсініп, сапалы білім алуға бет бұр­ды. Түсінбегені түрлі жағымсыз пікір жау­дырды. Адамның фарисей деген типі бо­лады. Ең жиіркенішті әрі қауіпті отрядқа жа­татын тип. Қоғам бірінші тирандардан, екін­ші сондай фарисейлерден көп зардап шегеді. Олар елге ар-иманның айнасы ретін­де көрінгісі келеді. Діннің шапанын жамы­лып, екі сөзінің біріне жаратушының есім­де­рін қосып сөйлейді. «Алланың қалауымен жа­сап жатырмыз» деп, елдің қамы үшін жасап отырғандай жалған жанашырлық та­нытады. Түпкі мақсаты бас пайдасын ой­лап, адамдарды мәжбүрлі түрде несиеге, жоқ­шылықта жүргендердің жүрегіне тиетін сөз­дер айтып, қалау еркінен айырады. Олар­дан үстемеақы жеп, ақыр соңында ешкімге пай­да бермегесін, қайырсыз істің бәрін жа­ратушыға әкеп тірейді. Нәтижесінде, қо­ғам тақыр кедей болады. Бірақ өздері астың асы­лын жеп, тонның қамқасын кигенде ал­дына жан салмайды. Олардың тілі – жұм­сақ, ділі – темірдей қатты. Дүрмекті айла­сы­мен артына ерткендерге айтарым: «Заң орын­дарына қалай шағымдансақ болады?» деушілер көбейіп жатыр. Судың да сұрауы барын ұмытпаған жөн. Маркетингтегі арбау, «жылы-жылы сөйлесең, жылан інінен шы­ғады» дегендей жаман ойлама деп, биз­нес­тен білім тәжірибесі аз, ақыл таразысы ша­малы адамды тыңдауға бола ма?! Қазақта «Сау­да сақал сипағанша» деген жақсы тәм­сіл бар. Инстаақылмандарға сеніп, несие алып, сабаққа қатысып, лекциясын сатып алған адамдардың өкінішке толы хаты көп ке­леді. Мұндай тірлікті ауыздықтамаса, та­мыр жайып кету қаупі бар.  width=Айна ДОСМАХАМБЕТҚЫЗЫ, блогер, ІТ маманы:

Екі нәрсені сатуға болатынын білетін едік

– Мотиватор-тренер, коуч-психолог болу үшін дипломның қажеті бар-жоғын нақты айта алмаймын. Бірақ кез келген істі бастамас бұрын кәсіби маман болам, осы саланың майын тамызып, жілігін шағамын десе диплом керек деп ойлаймын. Тек тәжірибе жүзінде емес, академиялық білім алған да артық емес. Ал жай ғана курс өтіп алып, коуч-тренер болған адамның білімі соны үйретуге қаншалықты жеткілікті деген сұрақ туады. Екіншіден, ол маманның ниеті қандай? Егер тек ақша табу болса, онда бұл әрекетті дұрыс деуге келмейді. Кей­бір адамдар бір салаға маманданып, тә­жірибе де жинақтап, білімін бөліскісі ке­леді. Мысалы, Билл Гейтс тренинг өткізсе, өзім қатысар едім. Оның қаншама жылдық бизнес саласында тәжірибесі бар. Ал психологтер өткізетін мотивациялық тренингке қатысқаннан гөрі, егер өзің шынымен психологтің көмегіне мұқтаж бо­лып тұрсаң, кәсіби анализ жасайтын пси­хологке барғаның жөн. Көбіне өмірлік тә­жірибе жинаған егде жастағы адамдар шынымен білімін бөліскісі келеді. Өмірдегі қате жасаған іс-әрекеттерін айтып, жастарды қателеспеуге үндейді. Олардың мақсаты – тренинг өткізіп ақша табу емес. Мысалы, өз өмірімде болған жағдай өзгеге сабақ болсын деген ниетпен, «Ажыраспа» деген блог жүргізе бастадым. Көп отбасында ажырасу – бүкіл проблеманың шешімі сияқты көрінеді. Алайда ажырасу ешқандай проблеманы шешпейтінін өз басымнан өткесін жақсы білемін. Блог платформаға біраз оқырман келді. Кейін кездесу ұйым­дас­тырдым. Ондай кездесу мотивациялық кеңес беру кешіне жатпайды. Ажырасу тақырыбында не түсіндім, соны бөліскім келді. Егер адамдар осындай ниетпен істесе, оны қолдаймын. Бір келіншек маған хат жазды. Күйеуімен ажырасу үшін сотқа арыз­ды тапсыру кезегіне тұрғанда босқа тұр­майын деп менің блогымды оқып тұрған. Ке­зегі келгенде ойы өзгеріп, арызын тап­сыр­май кетіп қалады. «Ажырасудан кейін де өмірдің жеңіл болмайтынын түсіндім» деп хат жазды. Қандай саладағы тренер-мо­тиватор болмасын, «адамдар нені үйрете ала­ды, қандай білім бере алады, тәжірибесі қан­дай?» деген сұрақты қою керек. Инфобизнес деген – өнім. Бірі кітап сат­са, енді бірі білімін сатады. Бі­лім­ді қол­мен ұстай алмағандықтан, білетін ақ­­пара­тын сатады. Біз екі нәрсені ғана сату­ға бо­латынын білеміз: тауар және қызмет. Тауар де­геніміз – қолмен ұстап көретін зат­тар. Қыз­мет – біреуге қызмет еткенің үшін ақы­сы төленетін жұмыс түрі. Шашын қыс­­қар­тып беру, тамақ әкеліп беру, массаж жа­сау қыз­мет түріне жатады. Осы екі түр­ден басқа сату ұғымы болған жоқ. Уақыт өте келе адамдар білетін ақпаратын халыққа ақы­лы түрде сата бастады. Қазір оның жақ­сы не­ме­се жаман деп бөліп тұрғым келмейді. Се­­бебі пайдасы да, зияны да бар. Ин­фо­биз­несмендер көбейген сайын адамдарда сүз­гі пайда болып, сапалы мен сапасыз дүниенің аражігін ажырату керек. 2017 жылы тұңғыш рет қазақтілді ортада SMM курстарын өт­кіздім. Оған дейін мүлдем болмаған. Кейін жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптап кетті. Неше түрлісі шықты. Олар менің бәсекелесім болғандықтан, бақылап отыр­ғанымды жасырмаймын. Ішінде тәуір, іліп алатын санаға қонымды, пайдалы ақпа­рат та бар. Тіпті, сылдыр су, ешқандай жаңа­лы­ғы жоқ курстарды да байқадым. Ол кезде адам­дарға курсқа қатысқан ұнайтын. Неше түрлі курсқа жазылып, сапалысын да, сапа­сызын да қабылдай берді. Қазір заман өзгер­ді. Қанша курс болса, сонша таңдау, сүзгілеу түйсігі пайда болды. Оқырмандардың көзі ашыл­­ғаннан кейін, бір-біріне айта бас­тай­ды. Талқылау процесі пайда болады. Әлемде мық­ты коуч-тренер көп болса да, адамдар­дың дені Тони Роббинске барады. Себебі ол күшті шоу жасайды. Қанша қымбат болса да, айтатын ақпараты адамдарға ұнайды. Жеке ойым, «егер маған бір коучтың сабағы ұнаса, ішкі контентіне қараймын да, осыған ақша құртуға дайынмын ба, дайын емеспін бе?» деп сұраймын. Сонымен, инфобизнес – ХХІ ғасырдың заңдылығы. Одан қашып құ­тыла алмаймыз. Пандемия кезінде адам­дар курстарға қатысып, жаңа мамандық түрлерін меңгерді. Оларды жоққа шығаруға болмайды. Сабақ сатамын деп басы дауға қалған блогердің оқиғасын заңгерге айтқа­ны­мызда, мұндай оқиғаның көп тіркеліп жатқанын жасырмады. Алайда заңгер моти­ватор-коучтардың айтып жүрген ақпаратын тексеруге мүмкіндік жоғын айтады.  width=Айман ОМАРОВА, заңгер:

Әлеуметтік желіні бақылайтын заң керек

– Ақшаға білімін сататын мамандарды заң­мен қудалап, тоқтау сала алмаймыз. Бұл жер­де басқа мәселе бар. Ақшасы төленген са­­­бақтың мазмұны қаншалықты маңызды?! Мі­не, негізгі мәселе – осында. Әсіресе, «мо­ти­ватор-коучтардың айтып жүрген кеңестері тек­серілген бе, дереккөз қайдан алынған?» де­ген секілді сұрақтарға қызығушылық клиент тарапынан болуы керек. Мотиватор-тре­нердің ақпараты сапасыз болса, ол – қыл­мыс емес. Жалпы, елімізде қылмыстың бәрі шектелген. Белгілі бір деңгейде қылмыс жа­саған адам жазаланады. Егер ақшасы тө­леніп, сабақ берілмесе онда сот орын­дау­шы­ларына жүгінуге болады. Мұның тү­бінде алаяқтық жатыр. Өзіңіз айтқан оқи­ғаға оралсақ, онлайн мотивациялық са­бағын сатқан әйел курсқа қатысқысы келе­тіндерден ақшаны жинап алды. Бірақ са­бағының сапасы сын көтермейді. Қа­тысу­шы­лары оның үстінен шағым түсірді. Іс сот­қа жетті. Курс қатысушылары ақшасын тө­леп қойдық, сабақ берілмеді, тренинг өтпеді деп шағымдануға құқығы бар. Халық әлі де оңай ақша тапқысы келеді немесе миллионер етіп шығарамын деген сөзге сенеді. Осы мотиватордың сабағына қатыс­сам, өмірім жақсарып кетеді деп ойлайды. Дамыған елдердің өзінде жалған ақпарат тарату заңмен жазаланады, десек те моти­ватор-психологтер айтатын ақпараттың дұрыс-бұрыстығын тексеруге қауқарсыз бо­лып тұр. Сапасыз ақпарат беру де қыл­мыс­қа жатпайды. Жеке ойым, заң жобасы аясында әлеуметтік желіні бақылайтын заң бөлімшесін ашуды қарастыру керек. Заң бө­лімі ашылған жағдайда да мотиваторлар мен коучтардың сабағының сапасын тек­сере алмасақ та, әркім қолданып жүрген әлеу­меттік желісіне жауапкершілікпен қа­райтын еді. Қоғамда мұндай жағдайға түрлі пі­кірдің айтылуы заңды. Мотиватор-пси­хологтің сабағының пайдасын көріп, өмірі түзелгендер де аз емес. Онда тұрған ештеңе жоқ. Заңгер, педагог, математик, биологтер ақы­лы онлайн сабақ беріп жүр. Өзім де пан­демия кезінде тегін заңгерлік кеңес бер­дім. Сондықтан мотиватор-психологтердің онлайн сабағы мен тренингтерін қыл­мыс­тық іске бағалауға болмайды.

Дайындаған Гүлдана НҰРЛЫХАНОВА