__МаңыздыЖаңалықтар

Қара шаңырақтағы қарбалас

Көпшілік қазір әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде инфра­құры­лымдық модернизациялау жұмыстары қарқынды жүргізіліп жатқанынан құлағдар. 2025 жылға дейін кампусты жаңғырту жоспары қабылданғанынан да хабардар болса керек.

Осындай үлкен игі іс-шаралар барысымен та­ныстыру мақсатында ҚазҰУ БАҚ өкілдеріне ар­налған пресс-тур ұйымдастырды. Талай бас­па­сөз турына барып жүрсек те жоғары оқу орын­дарының, оның ішінде өзіміз білім алған қара шаңырақтың мұндай шара ұйымдастыруы алғаш рет екен. Жанымызға ыстық оқу корпустары мен жатақханалардағы қарқынды құрылыс жұмыс­тарын өз көзімізбен көріп, бекер келмегенімізге қуандық. БАҚ өкілдерін ректор Жансейіт Қан­­сейіт­ұлы өзі бастап жүріп, бет­кеұстар уни­верситеттегі оң өзгеріс­тер­мен қатар, қор­даланған мәселелерді бүге-шігесіне дейін баяндап берді. Соңы­нан екі сағатқа жуық журналис­тер­дің сұрақтарына жауап беріп, кез кел­ген мәселеге ашықтығын көрсетті.
Осы пресс-тур аясында біз әл-Фара­би атын­дағы Қазақ ұлттық универ­си­тетінің бас­қарма төрағасы – ректоры Жансейіт Түймебаевқа алты айда адам танымастай өз­герген қалашықта ат­қарылған жұмыстар мен алдағы жос­парға қатысты сауал қойған едік.
– Жансейіт Қансейітұлы, көшбасшы уни­­­верситеттің өзге жоғары оқу орын­дары­нан озық жүруі заңдылық сияқты, дегенмен рейтингті ұстап тұру да оңай емес екенін, орасан жұмыстар да ат­қары­лып жатқанын білеміз? Әңгімені уни­верситеттің қазіргі барынан бас­тасақ…
– Өздеріңізге белгілі, әл-Фараби атын­дағы Қазақ ұлттық университеті – еліміздің ең алғашқы жоғары оқу орындарының бірі және ерекше мәртебесі бар. Сондықтан қай тұрғыдан алсаң да оның атына заты да сай болуы тиіс. Қазір университетте білім беру саласын дамыту, бәсекеге қабілеттілікті арттыру, әлемдік білім беру кеңістігіне ену тапсырмасы бойынша жұмыс жүзеге асып жа­тыр. Университет ұлттық масштабта ға­на емес, сонымен бірге халықаралық дең­гейде де интеллектуалды өсудің драйверіне айналып келеді.
Бүгін біз жаратылыстану, инженерлік-техникалық және әлеуметтік-гуманитарлық бағыттағы 16 факультеттен тұратын көп­салалы университеттік кешен саналамыз. 140-қа жуық ғылыми және оқу-зерттеу зерт­ханамыз бар. Білім және ғылым ми­нистр­лігіне ведомстволық бағынышты ғы­лыми-зерттеу институттарымен бірлесіп, «Бі­лім және ғылымды интеграциялау» жо­басы іске асырылуда. Жоғары оқу орнының шетелдік университеттермен және ғылыми орталықтармен 500-ден астам халықаралық келісімі бар.
Университеттің тарихы тереңде жатыр, оқытушылардың, ғалымдар мен студент­тердің кәсіби деңгейі жоғары. Оқыту­шылар үздіксіз дамуға ниетті. Үздік көрсеткіш­тердің арқасында оқу орны жаһандық бәсе­ке­ге қабілетті. Посткеңестік кеңістікте тек екі университет әлемнің топ-200 үздік уни­верситеттерінің қатарына кіреді. Атап айт­қанда, М.Ломоносов атындағы ММУ (78-орын) және әл-Фараби атындағы ҚазҰУ (175-орын). Сондай-ақ университет жоғары баға­ға қол жеткізген, QS Stars Rating System ха­лықаралық рейтингінде «Бес жұлдыз» ар­тықшылық белгісіне ие болған Орталық Азия өңіріндегі алғашқы және жалғыз жо­ғары оқу орны. Университет дайындықтың 17 бағыты бойынша үздіктер қатарына кіре­ді. Бұл білім беру бағдарламаларының бә­секеге қабілеттілігін дәлелдейді. Еуро­палық ғылыми-өнеркәсіптік палатасының бағалауы бойынша, университет осы жылы «АА+» жоғары бағасын алды. Еуропаның жетекші университеттерімен бір шепте. Ұлттық рейтингтерде әл-Фараби атындағы ҚазҰУ үнемі көшбасшылық орынға ие.
– Университеттің оқытушы-профес­сорлық құрамы қайтадан жасақталып, жалақылары айтарлықтай көбейгені ұстаздарға жақсы құлшыныс сыйлап жатқан сыңайлы?
– Қазір университеттің кадрлық және ин­теллектуалдық әлеуетін дамыту аса маңызды. Оқу процесін 2800-ге жуық білікті оқытушы жүргізеді, олардың 70 пайыздан астамының докторлық, кандидаттық және PhD ғылыми дәрежесі бар. Университет бі­лім ордасының кадрлық әлеуетін дамы­туға ерек­ше назар аударады. Оқытушы-профес­сорлық құрамның штат саны шамамен 2,9 мың. Оның ішінде 1,2 мыңнан астам доктор, ғылым кандидаты мен 350-ге жуық PhD докторы еңбек етеді. Университет профессорларының арасында Ұлттық ғылым академиясының 10 академигі мен 7 корреспондент-мүшесі, ғылым мен техника саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың 14 лауреаты бар. Университеттің 400-ден астам оқытушысы «ЖОО-ның үздік оқытушысы» грантының иегері. Бұл республика бойынша 20 пайыз көрсеткіш.
Грант аясында оқытушылар әлемнің же­текші университеттері – Гарвард, Йель, Стэнфорд, Берклиде біліктілік арттырды. Халықаралық конференцияларға қатысып, монографиялар мен оқулықтар шығарды. Оқытушылардың халықаралық қауым­дас­тыққа бірігуіне үлкен көңіл бөлінеді.
100-ден астам ұстаз әлемдегі үздік 300-ге кіретін университеттерде тағылымда­ма­дан өтті. Сонымен қатар оқытушыларымыз «Болашақ» бағдарламасы бойынша тағы­лымдамаға белсенді қатысады. Универси­теттің 40-тан астам профессоры Венгрия, Германия, Моңғолия, Франция, АҚШ, Ресей, Түркия, Өзбекстан және басқа елдердің университеттерінде дәріс оқыды.
Жетекші шетелдік ғалымдарды – Уэйн Детройт (АҚШ) университетінде жұмыс іс­тейтін белгілі математик Уәлібай Өмірбай мен Кембриджде жұмыс істеген белгілі ней­робиолог Базылбек Дәулетовті универси­тет­те дәріс оқуға шақырдық.
Биыл қазан мен қарашада Еуропа, АҚШ, Ре­сей, Түркия университетінің 35 профес­соры шетелдік ғалымдарды тарту бағдарла­масы бойынша университетте дәріс бермек. Оқытушыларды материалдық ынталандыру мәселесіне көп көңіл бөлінеді. Мәселен, осы жылдың өзінде жалақы екі рет өсті. Бірінші рет ақпанда 20 пайызға көбейттік. Екінші рет Білім және ғылым министрінің нұс­қауы­на сәйкес, 1 қыркүйектен бастап белгі­лен­ді. Енді оқытушының ең төменгі жала­қысы – 285 мың теңге. Аға оқытушыға – 312 мың теңге, доцентке – 389 мың теңге, про­фессорға 500 мың теңге төлеп отырмыз.
– Әл-Фараби университетінде 2 мың­нан астам шетелдік студент оқиты­нын жұрт біле бермейді?
– Университетте шамамен 25,9 мың сту­дент болса, оның ішінде грантпен – 80 пайыз, келісімшарт бойынша 20 пайыз бі­лім алады. Бакалавриатта – 21 294, ма­гист­ратура мен докторантурада – 4 642. Биыл шамамен 7,7 мың студент оқуға қабылданды: ба­калавриатқа – 5,6 мың (73 пайыз); ма­гистра­­тураға – шамамен 1,7 мың (22 пайыз); докторантураға – 361 (5 пайыз). Бакалавриат үлесі өткен жылмен салыстыр­ғанда 2,6 есе көп. Магистратурадағы грант иегерлері 1,2 есе өсті. Жалпы мемлекеттік грант иелерінің шамамен 7 пайызын қабыл­дадық. Талантты жастар біздің университет­ті көбірек таңдау жасайды. Егер өткен жылы «Алтын белгі» иегерінің саны 508 болса, осы жылы 1 058 немесе екі есе көбейді.
Халықаралық, республикалық пәндік олим­пиадалар жеңімпаздарының саны 2,6 есе өсті. Бізді таңдаған Назарбаев зияткерлік мектептерінің түлектері үш есеге көбейді. Жалпы, өткен жылмен салыстырғанда дарынды жастарды тарту көрсеткіші 2,2 есе артты. Әлемнің 50 елінен 2,4 мыңға жуық шетелдік студенттер білім алып жатыр. Біз 2025 жылы шетелдік студенттердің үлесін 25 пайызға дейін жеткізу міндетін қойдық. Түркия, Қырғыз Республикасы, Өзбекстан, Армения және басқа елдерде филиалдар ашамыз.
Мұның барлығы – әл-Фараби универ­ситетінің отандық білім беруді халықаралық аренада ілгерілетуге қосқан елеулі үлесі. Биыл академиялық ұтқырлық бағдарла­масымен университеттің 70 студенті Еуропа, АҚШ және Оңтүстік-Шығыс Азия университеттерінде бір семестр оқиды.
– Әдетте, көшбасшы университеттің түлектеріне сұраныс жоғары болады. Сіздерде көрсеткіш қандай?
– Шәкірттеріміз еліміздегі ең көп сұра­нысқа ие түлектер қатарында. Түлектердің жұмысқа орналасуы орта есеппен 94 пайыз­ды құрайды. Университет түлектері барлық салада табысты еңбек етіп, қазіргі студент­терге және жалпы университетке ауқымды қолдау көрсетіп отыр. Биыл әлемдегі ең жақсы университеттердің QS рейтингінде түлектердің жұмысқа қабілеттілігі бойынша үздік 201-250-ге кірдік. «Жұмыспен қамтыл­ған түлектердің үлесі» көрсеткіші бойынша университет әлемде 55-орында.
Биыл біз алғаш рет халықаралық стан­дарт­тарды ескере отырып әзірленген өз дип­­ломдарымызды бердік. Бұл қадам уни­вер­ситеттің беделі мен имиджін одан әрі арттырады.
– Бірақ университеттер білім сапа­сымен бағаланбай ма? Биыл оқу бағ­дар­ламаларында замана сұранысы­на сай бір өзгерістер бар ма?
– Әрине, әлемдік білім стандарттарының кө­­шінен қалмау аса көкейкесті. Оқыту­шы­лардың 35 пайызы ағылшын тілінде са­бақ береді, 2 мыңнан астам студент ағыл­шын топтарында оқиды. Биыл оқу бағдарлама­ларын айтарлықтай жаңарттық және ең өзекті әрі перспективалық бағыттар бойын­ша 100-ден астам жаңа оқу бағдарламасын іске қостық. Олар – неврология, ки­бер­физика, биологиялық инженерия, ро­боттық жүйелер, жаратылыстану мен ин­женерлік бағыттағы табиғи және техно­логиялық тәуекелдер. Әлеуметтік-гуманитарлық ба­ғытта: мемлекеттік басқару және қоғамдық қауіпсіздік, цифрлық экономика, шығар­машылық индустриялар, медиакомму­ни­кация, ақылды қала экономикасы. Вирусо­лог мамандарды даярлауға ерекше көңіл бөлінеді. Қазақстандық вакцинаны жасау­шы биологиялық қауіпсіздік мәселелері ғылыми-зерттеу институтымен бірлесіп, «Вирусология» оқу бағдарламасы іске қо­сыл­ды. Оқытудың тәжірибеге бағдарлануын жақсарту мақсатында 3000-нан астам ұйым мен кәсіпорын арасында ынтымақтастық орнатылған, оның ішінде «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры, «Қазақ­те­ле­ком», «ҚазМұнайГаз», «Қазатомөнеркәсіп», «Қаз­пошта» және басқалары бар.
– Ғылыми-инновациялық қызметке көңіл бөлу мемлекетіміз үшін маңызды мәселе, ортақ мүдде екені аян. Жас ға­лым­дар мен студенттік ғылымды қол­дау­да қандай жұмыстар атқарылып жа­тыр?
– Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ – білім, ғы­лым және инновацияларды үйлестіретін классикалық көпсалалы университет. Университет еліміздегі ғылыми жобалар мен ғылыми жарияланымдар саны жағынан көш бастап келеді. Рейтингтік басылым­дар­дағы әрбір бесінші қазақстандық жарияла­ным университетке тиесілі.
Университеттің бес ғылыми журналы Халықаралық деректер қорына кіреді. Біздің ғалымдардың жалпы Хирш индексі 3 100-ден асады. Нөлдік емес Хирш индексі бар ғалымдар мен мұғалімдердің саны ша­мамен 1 400-ге жетті.
ҚазҰУ-дың баспа қызметі саласындағы жетістіктері халықаралық марапаттармен белгіленген. Қазақстандық ЖОО мен ғы­лыми-зерттеу институттары арасындағы ҚазҰУ-дың жетекші орнын растайтын ең беделді «Вэб оф Сайнс» мәліметтер базасы уни­вер­ситетті «Ғылым көшбасшысы» сыйлы­ғының үш номинациясымен мара­пат­тады. Еліміздің ғылыми-техникалық дамуының маңызды басымдығы бойынша жалпы бюджеті 7,7 млрд теңгеден асатын 500-ге жуық ғылыми жоба іске асырылуда. Біздің ғалымдар 400-ден астам патенттер мен авторлық куәліктерге ие болды.
Университетте инновациялық жобалар іске асырылып, аз сериялы өнімдер шығару­да 10-нан астам ғылымды қажетсінетін өн­діріс құрылды.
Біздің ғалымдар COVID-19-дың алдын алуға белсенді қатысады. Сондай-ақ жергі­лікті өсімдік шикізаты негізінде дәрілік препараттардың аз тонналық өндірісі және дезинфекциялық жуу құралдарын шығару ұйымдастырылды. Жалпы, мұндай 100-ден астам жоба бар. Аталған жобалар сипаттал­ған 2 томдық кітап шығардық. Жас ғалым­дарды қолдау жүйесі жұмыс істейді, «ҚазҰУ-дың үздік жас ғалымы» конкурсы өткізіледі. Жыл сайын 15-ке жуық қызметкер талантты жас ғалымдарға берілетін мемлекеттік ғы­лыми стипендияның иегері атанады.
– Қазір ҚазҰУ қалашығында, әбден тозығы жеткен жатақханалар мен оқу корпустарында жөндеу жұмыстары жүріп жатқанын көрдік. Ұлттық уни­верситет алты айда адам таны­мастай өзгеріпті. Мұның барлығын көргісі келмегендер ғана көрмейтін шығар?! Бірақ осының бәрі үлкен қаражатты қажет ететіні белгілі? Кіріс қайдан?
– Университеттің қаржылық қызметінің бас­ты мақсаты – студенттер мен оқытушы-про­фессорлық құрам үшін барынша қо­лай­лы жағдай жасау.
Қаржылық тұрақтылықты арттыру мақ­сатында кіріс бөлігін ұлғайтып, шығыс бө­лігін оңтайландыру іс-шаралары жүріп жа­тыр. Нәтижесіз шығындар анықталып, азай­тылады.
Инфрақұрылым объектілерін пайдалану бойынша бейінді емес бизнес-процестердің аут­сорсингі жоспарланып отыр. Бұл мате­риал­дық-техникалық базаны дамыту жөнін­дегі бірінші кезектегі міндетті шешуге шо­ғыр­лануға мүмкіндік береді. Тұтастай алған­да, мұның бәрі білім беру – ғылыми қыз­меттердің сапасын арттыруға және қыз­меткерлерді одан әрі ынталандыруға ықпал етеді.
– Алматының көркіне көрік қосып тұр­ған Студенттер қалашығының инф­ра­құрылымын дамытуға ерен күш жұм­сап жатырсыз. Оның нәтижесін қа­лай елестетесіз?
– Университетте білім беру мен ғылым­ның озық инфрақұрылымын жасауға бағыт алдық, біртіндеп бар мәселені шешпекпіз. Уни­верситет кешені 54 жылжымайтын мүлік объектісін қамтиды. Оның ішінде 18 оқу-зертханалық корпус және 5,4 мың орын­дық 17 студенттік жатақхана бар. Ғи­марат­тардың жалпы ауданы 311,9 мың шар­шы метр. Университетте жалпы ауданы 17 846,1 шаршы метр және қоры 2 млн том­нан астам әдебиет бірліктері жеке орна­лас­қан кітапхана бар. Қауіпсіздік үшін барлық оқу корпустары мен жатақханаларда электрон­­дық өткізу жүйелері енгізілді. За­манауи бейнебақылау жүйесі орнатылды. Ин­тернет қолжетімді. Кампус аумағында то­лыққанды білім беру мен бос уақытты өт­кізуге арналған тұтас кешен жұмыс істей­ді: жаттығу залы, спорт алаңдары және сек­циялары бар спорт кешені, медициналық және әлеуметтік-тұрмыстық қызметтің кең спектрі қамтылған «Керемет» студенттерге қызмет көрсету орталығы, сондай-ақ жеке кинотеатр бар.
7 оқу ғимаратында косметикалық жөн­деу жүргізілді, 3 оқу ғимаратында күрделі жөндеу жұмысы аяқталып келеді, 14 жа­тақхана жөндеуден өткізілді, студенттерге қа­зіргі заманға сай жағдай жасалған, бар­лық жөндеу жұмыстарын сырттан мер­ді­герлер тартпай, университет қызметкерлері орын­дады.
Компьютерлік техниканы жаңарту бойынша көптеген жұмыс жүргізілді, 800 ком­пьютер сатып алынды және факуль­теттерге берілді.
Кампустың аумағы да абаттандырылуда. Биыл университет ұжымы 1 000-ға жуық қы­рым қарағайы мен сиверс алма ағашын және басқа да жеміс талдарын отырғызып, Елбасы аллеясын, Ғалымдар бағын, Ағаштар аллеясын ашты.
Біріншіден, жатақханалардың ескір­генін атап өткен жөн. Көпшілігінде пай­да­лануға берілгеннен бері күрделі жөндеу жүр­гізілмеген. Коммуникация жүйесі апат­тық жағдайда. 15 мыңға жуық студент жа­тақханаға мұқтаж. Соңғы студенттік жа­тақ­хана ­1991 жылы салынып, қолданысқа бе­ріл­­ген. Екіншіден, оқу ғимараттары тозған. Аудиториялардың, оқу жиһаздары мен техникалық құрал-жабдықтары ескірген. Инженерлік желілер мен коммуникацияның жағдайы сын көтермейді. Жаңа ғимараттар мен аудиториялар қажет.
Сондықтан кампусты дамытудың 2025 жыл­ға дейінгі жұмыс жоспары жасалды. Он­да жатақханалар мен оқу корпустарын қай­та жаңарту және салу жұмыстары қа­растырылған. Білім және ғылым ми­нистр­лігінің Қаржы орталығымен бірлесе оты­рып, жатақханалар салу үшін инвестор тар­туға әрекет етудеміз.
Оқытушылар әлемнің үздік уни­вер­ситеттерінде тағылымдамадан өтеді. ОПҚ мен ғалымдардың жалақысын көтеру және ма­териалдық ынталандыру саясатын жал­ғастырамыз. Университет ғалымдары елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына қоса­тын үлесін арттырады. Ғылыми нәти­желерді коммерцияландыру жаңа деңгейге кө­теріледі. Студенттер қазірдің өзінде тех­нопарк базасында гаджеттердің (план­шеттердің) сынақтық құрастыруын бас­тады. Жаңа жатақханалар мен оқу ғи­марат­тары салынады. Оқу ғимараттары, әр ауди­­тория цифрлық тақталар, панель­дер­мен жабдықталады. Озық ғылыми зерт­ханалар мен заманауи оқу орталықтарын құру жоспарланып отыр.
Университет интеллигенциясының рө­лін аттыру керек. Мемлекетіміздің әлеу­мет­тік маңызды салаларына белсенді қатыса отырып, Тәуелсіздіктің 30 жылдығы нақты істер және жобалармен атап өтіледі.
Жалпы, әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың одан әрі дамуы еліміздің адами (интел­лек­туалды) капиталын және ғылыми-техни­ка­лық әлеуетін нығайтуға бағытталуын қам­та­масыз ету үшін бар күшімізді саламыз.
– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен
Әділ БАЙБОЛ

Back to top button