Жаңалықтар

Сараптама жасалды: Петропавлдағы мәдениет үйінің төбесі құлады

Петропавлдағы мәдениет үйі ғимараты 1930 жылдары салынып, пайдалануға берілген. Әлеуметтік нысан 9 жыл бұрын күрделі жөндеуден өткен. Енді көне ғимарат біртіндеп бұзылып жатыр. Оның төбесін ұстап тұрған бетон тіреуіш майысып, құлап кеткен.

Төбесі құлағанда жақын маңда қызметкерлер болмаған, яғни зардап шеккендер жоқ. Қазіргі уақытта мәдениет үйінің қызметкерлері (әкімшілік құрамнан басқасы) қашықтан жұмыс істеу режиміне көшірілді.

«Үстіңгі қабаттарға көтерілуге болмайды, тыйым салынды. Басшылық оны қатты қадағалауды тапсырды. Төбесінің қалған бөлігі құлап кету қаупі бар», – дейді мекеменің күзетшісі.

Мәдениет үйінде шығармашылық ұжымдармен қатар мектеп оқушыларына арналған 25 үйірме жұмыс істейді. Ғимараттың апаттық жағдайда тұрғанына байланысты 546 тәрбиеленуші басқа орталықтарға ауыстырылды.

«Тіреуі майысып кеткен. Сараптама жасалды. Төбені қалпына келтіру үшін жобалық-сметалық құжаттар әзірленді. Жөнге келтіру үшін облыстық бюджеттен қаражат сұраймыз. Шамамен 105 млн теңге қажет. Мәдениет үйі қайтадан қашан іске қосылатыны әзірге белгісіз», – дейді Петропавл қаласы әкімінің орынбасары Асқар Хабибулин.

Back to top button