Жаңалықтар

БҒМ: Түркістанда қайтыс болған оқушының оқиғасына қатысты пікір білдірді

ҚР Білім және ғылым бірінші вице-министрі Шолпан Каринова Түркістанда мектеп дәретханасындағы төбелестен кейін көз жұмған оқушының оқиғасына қатысты пікір білдірді.

«Сөзсіз, баланың өлімі – өте үлкен трагедия. Бұл жағдай белгілі болған соң, бірден Балалар құқығын қорғау комитетінің өкілдері Түркістан облысына аттанды. Қазір де олар сонда жұмыс істеп жатыр. Бұл факті бойынша тиісті органдар тергеу шараларын жүргізуде. Қорытындысын хабарлайтын боламыз. Менің ойымша, қорытынды жасауға асығудың қажеті жоқ. Мұнда тиісті органдар тиісті жұмысты аяқтауы керек. Сонда ғана шешім қабылданады. Оқушылар арасындағы алым-салық туралы пікірлерге келсек, біз, Білім министрлігі, ата-ана тарапынан да, мектеп ішінде де алым-салыққа жол бермеу керектігін айтамыз. Мұндай фактілер түбегейлі болмауы керек, әр фактіні жеке қарастырып, ең қатаң шаралар қабылдануы керек», – деді вице-министр.

Еске сала кетсек, 15 қазанда Түркістанда мектеп дәретханасындағы төбелестен кейін 5-сынып оқушысының көз жұмғаны хабарланды. Қаза тапқан оқушының әжесі БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында немересі мектеп дәретханасында соққыға жығылғанын, ал дәрігерлер баланың басында ауыр жарақат болғанын айтады.

Back to top button