Жанында сіңлісі жылап тұрды: Түркістанда көпірден секірмек болған әйел құтқарылды

Жанында сіңлісі жылап тұрды: Түркістанда көпірден секірмек болған әйел құтқарылды

Жанында сіңлісі жылап тұрды: Түркістанда көпірден секірмек болған әйел құтқарылды
ашық дереккөзі
Түркістандық полицейдің жедел әрекетінің арқасында темір жол көпірінен секірмек болған орта жастағы әйел құтқарылды. Түркістан облыстық Полиция департаментінің хабарлауынша, 18 қазанда әлеуметтік желідегі Instagram, Facebook парақшаларында «Түркістанда полиция қызметкері адам өмірін сақтап қалды» деген мәтінмен бейнежазба тарады. Түркістан облысы Полиция департаментінің мониторинг жасайтын қызметкерлері бұл бейнежазбаға бірден назар аударды. Көпірден секірмек болған адамды құтқарған тәртіп сақшысын анықтау жұмысы жүргізілді. Ол Жергілікті полиция қызметі басқармасы Патрульдік қызметін ұйымдастыру тобының аға инспекторы, полиция майоры Бауыржан Тұрлыбекұлы Саржанов екені анықталды. «Түстен кейінгі уақытта қызмет бабымен қаладағы екі мөлтекауданның арасын жалғап тұрған үлкен теміржол көпірінің аумағында жүрген болатынмын. Шамамен сағат 15:20 өткен кезде көмек сұрап айқайлаған дауыс естідім. Дауыс шыққан жаққа қарай қарасам теміржолдың үстінен өткен көпірдің жиегінде адам ілініп тұр екен. Көпірден секірмекке ұмтылып тұрған әйел болып көрінді. Бірден тұра ұмтылдым. Мен келгенде әлгі әйелдің қасында тағы бір қыз жылап тұрды. Қыздың жалғыз өзі көпірден секірмек болған адамды құтқаруға шамасы келмей тұрғаны көрініп тұр. Мен өзіне қол салмақ болған әйелді қарсыласқанына қарамай көпірдің жиегінен түсіріп алдым. Оған мұндай қадамға барудың қауіпті екенін, отбасын ойлау керектігін айтып, біраз әңгімелесіп, көпірдің баспалдағынан дін аман қауіпсіз орынға дейін түсірдім. Содан соң 102-ге хабарласып, әріптестеріме әйелді тапсырдым. Кешкісін әйелдің халін білу үшін хабарын алдым, қан қысымы көтеріліп дәрігерлердің көмегіне жүгінген екен», - дейді полиция майоры Бауыржан Саржанов. Бүгінгі таңда әйелдің жағдайы жақсы. Түркістан қалалық полиция басқармасының қызметкерлерімен әйелге және жанында болған сіңлісіне тиісті көмек көрсетілді. Арнайы психолог мамандары әңгімелесіп, түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар қазіргі уақытта орта жас шамасындағы әйелдің мұндай қадамға баруына нендей себеп болғаны толығымен тексерілуде.