Қазақстанда үздік ауыл әкімі анықталды – Мемлекеттік қызмет істері агенттігі

Қазақстанда үздік ауыл әкімі анықталды – Мемлекеттік қызмет істері агенттігі

Қазақстанда үздік ауыл әкімі анықталды – Мемлекеттік қызмет істері агенттігі
ашық дереккөзі
ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің баспасөз хатшысы Ерхан Таткен Facebook-тегі парақшасында еліміздегі ең үздік ауыл әкімі туралы жазды. «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында ауыл әкімдерінің тікелей сайлауын өткізудің маңызын атап өтті. Осы орайда «Үздік ауыл әкімі» конкурсының маңызы мен өзектілігі арта түсті. Өйткені конкурстың негізгі мақсаты – жұмыста жоғары нәтижеге қол жеткізген, ауылды елдімекендердің дамуына елеулі үлес қосқан, сондай-ақ халықпен белсенді ашық жұмыс жүргізетін үздік ауыл әкімдерін анықтау және ынталандыру», – деп жазды Ерхан Таткен. Биыл «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Мемлекеттік қызмет істері агенттігі екінші мәрте ұйымдастырған конкурс 15 қазанда аяқталды. Конкурсқа қатысу үшін еліміздің 14 облысынан жүзден астам ауылдық округ әкімдері өтінім берді. Облыстар арасында Түркістан облысынан – 21 әкім, Батыс Қазақстан облысынан – 15 әкім және Жамбыл облысынан 14 әкім конкурсқа өтінім беріп, белсенділік танытты. «Батыс Қазақстан облысы Тасқала ауданы Шежін ауылдық округінің әкімі Алғадай Жамбыл өңірлік және республикалық деңгейлерде ең көп балл жинап, үздік деп танылды. Алғадай Жамбыл осы ауданда туып өскен, мамандығы - мұғалім. Қызметтік жолын Тасқала ауданында бастаған ол 2019 жылы мемлекеттік қызметке орналасқан. Конкурстың республикалық кезеңінде ол ет және сүт өнімдерін қайта өңдеу және ауыл шаруашылығы кооперативтерін жүзеге асыру арқылы қосымша жұмыс орындарын құруға бағытталған жобасын қорғады», – деп жазды агенттіктің баспасөз хатшысы. Ал ІІ орын иегерлері:
  • Ержан Данаев, Жамбыл облысы Жамбыл ауданы Полатқосшы ауылдық округінің әкімі;
  • Абдикадир Сикимбаев, Түркістан облысы Төлеби ауданы Жоғарғы Ақсу ауылдық округінің әкімі.
ІІІ орын иегерлері:
  • Меруерт Мадағұлова, Павлодар облысы Железин ауданы Башмачин ауылдық округінің әкімі;
  • Айдар Исаев, Алматы облысы Панфилов ауданы Айдарлы ауылдық округінің әкімі.
Сондай-ақ, номинация иегерлері:
  • «Үздік шаруашыл әкім» – Нұржан Сеитов, Қарағанды облысы Ақтоғай ауданы Тасарал ауылдық округінің әкімі;
  • «Ашық әкім» – Марат Смағұлов, Ақмола облысы Степногорск қаласы Ақсу кентінің әкімі;
  • «Үздік әлеуметтік жоба» – Қанат Ниетқұлов, Қызылорда облысы Жалағаш ауданы Ақсу ауылдық округінің әкімі.
Конкурс жеңімпазы «Үздік ауыл әкімі» статуэткасымен, сондай-ақ әртүрлі номинация иегерлері Мемлекеттік қызмет істері агенттігі төрағасының құрмет грамоталарымен марапатталады.