Жаңалықтар

Қол жетпес сағымды көзбен көрдік - Дархан Мыңбай "Мұқағали" фильмі туралы

ашық дереккөзі

Қол жетпес сағымды көзбен көрдік - Дархан Мыңбай "Мұқағали" фильмі туралы

Кеше елордадағы “Сарыарқа” кинотеатрында “Мұқағали” көркем фильмінің алғашқы таныстырылымы өтті. Көпшілік "біртуар ақын туралы жаңа туынды" дегенде, тамашалауға асықты. Қазақта жырымен ұлтына да, өзіне де ескерткіш қойып кеткен ақын көп емес. Бұл орайда көркемөнер көшін Абай бастаса, сол әдеби титандар қатарында Мұқағалидың аты оқшау тұрады. Өзі жазғандай: “Біздейлердің мыңы кеп, мыңы кеткен. Бізді олардың балама біріне де, Ұлыға да санама, іріге де, Қалам тартқан қазақтың бәрі ақын, Абай, бірақ, қайтадан тіріле ме?..”. Иә, Абай да, Мұқағали да өмірге қайта келмейді. Алайда олардың мыңмен алысқан жалғыздығы жұмбақ, аңыз болып қала бермек. “Өлең менің сырласымдай, Сырлассам да құмарым жүр басылмай, Айтып өткен ақында арман бар ма? Жүрегінің түбіне кір жасырмай…”. “Мұқағали” фильмі кино тілінің өзгеше болатынын, озық өнердің құдыретін ұқтырды. Ақынның ғұмыры арқылы әрбір адамның ар-ұятын, намысын, іңкәрлігін, сағынышын, жоғалып бара жатқан қайырымын, әлсірей бастаған мейірімін еске салды. Ойыңды қозғап, толғамыңды шымырлатқанда Мұқағали әлемінен асырып, адамзатқа ортақ кеңістікке енгізгенін де жасырмаймыз. Көз жетпес сағымды шолдырып, ой түюге мүмкіндік берді. Көне сарын жоқ, сөзуарлық та жоқ. Сюжеттер - жаңа, образ - жаңа. Бұл да - кино өнерінің табиғаты, сиқыры. Мұқағали ақын “Сағым” өлеңінде: “...Табиғат сиқырына аңырғамын, Аңырғамын, алысты сағынғамын. Жоққа сенгіш сәбилік қайдан білсін, Сағымнан әрі тағы сағым барын,” - дегенін көрермен еске түсіріп, ұлттық санамыз жаңғырған сайын тылсымға айналған ұлы тұлғаларымыздың болмысын, ішкі сырын, ашылмаған қырын тануға ынтызары артты.