Қол жетпес сағымды көзбен көрдік - Дархан Мыңбай "Мұқағали" фильмі туралы

Қол жетпес сағымды көзбен көрдік - Дархан Мыңбай "Мұқағали" фильмі туралы

Қол жетпес сағымды көзбен көрдік - Дархан Мыңбай "Мұқағали" фильмі туралы
ашық дереккөзі
Кеше елордадағы “Сарыарқа” кинотеатрында “Мұқағали” көркем фильмінің алғашқы таныстырылымы өтті. Көпшілік "біртуар ақын туралы жаңа туынды" дегенде, тамашалауға асықты. Қазақта жырымен ұлтына да, өзіне де ескерткіш қойып кеткен ақын көп емес. Бұл орайда көркемөнер көшін Абай бастаса, сол әдеби титандар қатарында Мұқағалидың аты оқшау тұрады. Өзі жазғандай: “Біздейлердің мыңы кеп, мыңы кеткен. Бізді олардың балама біріне де, Ұлыға да санама, іріге де, Қалам тартқан қазақтың бәрі ақын, Абай, бірақ, қайтадан тіріле ме?..”. Иә, Абай да, Мұқағали да өмірге қайта келмейді. Алайда олардың мыңмен алысқан жалғыздығы жұмбақ, аңыз болып қала бермек.  width= Ақын рухының күші табиғаттың тылсым қуатынан кем болмайтыны әлімсақтан мәлім. Қоғамның қилы тылсымына, өзінің жан дүниесінің жұмбағына жауап іздеген ақын бейнесін кинода сомдау - қиынның қиыны. Бүгін кітапқа кейде жақындап, кейде одан алыстап жүрген жастарға Мұқағалиды басқа форматта таныстыру мүмкін бе? Әрине, бәрі мүмкін. Өнердің қуаты шексіз, оның түрлері де жетерлік. Бірақ қазіргі кезең осындай фильмге жол ашқаны айдай анық. Ақынның да балалық шақ - базары, жалындаған жастық кез - қазына-кені бар. Жасы ұлғайып, алтын көмбе болу бұйырмаса, ол да бір - құпиясы мол арна. Көп адам мойындай бермейтін тағы бір ақиқат бар. Кез келген таланттың тағдырына жан азабы жазылады... “Есімде ессіз менің бала шағым, Болмасқа әжемменен таласамын. Қиыры жоқ даланың сахнасында, Сағым болып ойнайтын болашағым,” - деп жазған ақын ешқашан бұғып өтпеді. Ішінен тынып та өтпеді. Бұлқынса да, буырқанса да туған жеріне, халқына бас иіп, өлең жырдың киесіне бағынды. Жалғыз сырласы - жырларында айтып, меңзеп үлгермегенін фильм желісінен табуды көрерменнің ой-өрісіне, сана-сезіміне қалдыруы да - жаңашылдық.  width= “Өлең менің сырласымдай, Сырлассам да құмарым жүр басылмай, Айтып өткен ақында арман бар ма? Жүрегінің түбіне кір жасырмай…”. “Мұқағали” фильмі кино тілінің өзгеше болатынын, озық өнердің құдыретін ұқтырды. Ақынның ғұмыры арқылы әрбір адамның ар-ұятын, намысын, іңкәрлігін, сағынышын, жоғалып бара жатқан қайырымын, әлсірей бастаған мейірімін еске салды. Ойыңды қозғап, толғамыңды шымырлатқанда Мұқағали әлемінен асырып, адамзатқа ортақ кеңістікке енгізгенін де жасырмаймыз. Көз жетпес сағымды шолдырып, ой түюге мүмкіндік берді. Көне сарын жоқ, сөзуарлық та жоқ. Сюжеттер - жаңа, образ - жаңа. Бұл да - кино өнерінің табиғаты, сиқыры. Мұқағали ақын “Сағым” өлеңінде: “...Табиғат сиқырына аңырғамын, Аңырғамын, алысты сағынғамын. Жоққа сенгіш сәбилік қайдан білсін, Сағымнан әрі тағы сағым барын,” - дегенін көрермен еске түсіріп, ұлттық санамыз жаңғырған сайын тылсымға айналған ұлы тұлғаларымыздың болмысын, ішкі сырын, ашылмаған қырын тануға ынтызары артты.  width= “Мұқағали” - тәуелсіздігіміздің 30 жылында жаңғырған еліміздегі тұлғалар туралы фильм түсіру бастамасының жаңа парағы десе болғандай. Мұнда сценарий авторы - жазушы Жүсіпбек ҚОРҒАСБЕК пен режиссер Болат ҚАЛЫМБЕТОВТІҢ қайталанбас қолтаңбасы, маңдай тері бар. Сондықтан елдің мәдениет пен өнер саласына, барша көрерменге "Тың ізденіс - жаңа фильм құтты болсын!" дейміз. Дархан МЫҢБАЙ, Парламент Мәжілісінің депутаты.