АймақСпорт

«Қолсыз жүзуші» атанған Әділет

17 жастағы Әділет Құрманғалиев Атырау облысы, Алғабас ауылында дүниеге келген. 10 жасында оқыс оқиғаға тап болып, қолынан айырылған. Өмірдің сынағына мойымаған жеткіншек, ұзақ емделу мен тынымсыз еңбектің арқасында қатарға қосылған. Бұл туралы Tengrinews сайтына айтып берді. 

– 10 жасымда көрші балалармен ойнап жүріп, токқа түсіп қалдым. Қоршалмаған аймақ болғасын, оның қауіпті екенін білген жоқпын. Осы күнге дейін 12 ота жасалды. Шетелде біраз емделдім. Денсаулығыма байланысты үйден білім алдым. Сол қолымнан түгел айырылдым. Оң қолымның кішкене бөлігі ғана қалды. Қазір программист мамандығы бойынша колледжде оқып жатырмын, – дейді студент.

Әділеттің сүйікті кәсібі көп. Бүгінде видео түсіріп, спортпен тұрақты айналысады. Әлеуметтік желі мен ТікТок желісінде 100 мыңға жуық оқырманы бар.

240162051 992274004885678 416094349904130743 n1

–  Күйзеліске көп түскендіктен, суицид туралы ойлайтынмын. Түрлі аурухананың есігін тоздырдым. Бір күні күйзелісімді жеңу үшін телефонды тілмен қолдануды үйрендім. Одан кейін үйдегілер ноутбук сатып алып берді. Содан бастап өміріме өзгеріс ене бастады. Интернетті қолданып түрлі ақпарат іздей бастадым. Түрлі ойын мен веб-бағдарламаларды қарай бастадым. Нәтижесінде, колледж студенті атанып, бағдарламалау мамандығына оқуға түстім.

Бос уақытымда спортпен айналысқанды ұнатамын. Өз бетімше тамақ жеп, суда жүзе аламын. 2016 жылдан бері жүзуді хоббиге айналдырдым. Бірақ құлақтың қабынуына байланысты дәрігерлер суға түсуге қарсы болды. Алайда араға уақыт салып, қайтадан бастадым. Жақында Нұр-Сұлтан қаласында өткен пара жүзуден жарысқа қатысып, жүлдегер болдым. Осы күнге дейін екі рет үшінші орын, бір күміс медаль жеңіп алдым. Жастар арасындағы Азия чемпионатына үміткер болып, тіркелдім, – деп қуанышын бөлісті Әділет.

Back to top button