Жаңалықтар

19 қазанда қандай елеулі оқиғалар болды?

2004 жылы Мемлекет басшысы Алматыдағы резиденциясында НАТО-ның Бас хатшысы Яаап де Хооп Схефферді қабылдады.

2004 жылы Алматыда Қазақ тағамтану академиясының 30 жылдығына арналған мерекелік ғылыми-тәжірибелік конференция өтті.

2005 жылы Тараз қаласында ҚазТрансГаз АҚ қаржысына салынатын Тараз қаласының спорт сарайы спорт кешені құрылысының орнына алғашқы қада қағу салтанаты өтті.

2005 жылы Қазпошта АҚ Эстония поштасымен бірігіп, екі ел арасындағы мәдени байланысты нығайту мақсатында Аңшы иттер тақырыбына арналған жаңа пошта маркасын шығарды. Жаңа маркада қазақ тазысы мен эстон тазысының суреті бейнеленген.

2007 жылы Сәтбаев қаласының кен өнеркәсібінің шебері Шәміл Садықов Ресейдің алтын қаламы атты ұлттық әдеби сыйлығының күміс лауреаты атанды. Қазылар алқасы әскери-патриоттық аталымына оның Пошташы қыздың ажалы атты әңгімесін лайықты деп тапқан.

2010 жылы Алматыда қала тарихы мұражайында қазақ халқының біртуар батыр ұлы, қаһарман қолбасшы, жауынгер-жазушы Бауыржан Момышұлының туғанына 100 жыл толуына арналған «Рухыңа болашақ бас иетін, ұмытылмас ерлігің қасиетің» атты көрме ашылып, кездесу өтті.

2010 жылы Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың төрағалығымен ЕҚЫҰ Астанадағы Саммитін өткізуге дайындық мәселелері бойынша жұмыс кеңесі өтті.

2010 жылы ҚР Ұлттық банкі 2011 жылғы VII қысқы Азия ойындарына арналған номиналы 500 және 5000 теңгелік ескерткіш күміс шақаларды айналымға шығарды.

2010 жылы Вильнюстегі Сейм (Парламент) ғимаратында Қазақстанның ЕҚЫҰ төрағалығына арналған Қазақстан – Еуразия жүрегі атты фотокөрме ашылды.

2011 жылы Global Finance басылымы Қазақстан халық банкі АҚ-ны Қазақстандағы валюта айырбастау нарығындағы үздік провайдер қызметі номинациясында үздік деп таныды.

2012 жылы Хабар агенттігі АҚ құрамындағы тәулік бойы жаңалық тарататын 24KZ (қазір Хабар 24) арнасы өз жұмысын бастады. Аталған арна ұлттық цифрлық телевидениені дамыту бағдарламасының аясында құрылып, Otau TV ұлттық спутниктік жүйе арқылы хабар таратады.

2014 жылы Қызылорда қаласында Қазақстан бойынша алғашқы көше спортымен шұғылданатын жастардың әлеуметтік саябағы ашылды.

2015 жылы жұмыс сапарымен Қызылорда қаласына барған ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев күріш тазалайтын зауытта болды. Тәулігіне 80 тонна қоспа жем шығарып, 150 тонна күріш тазалайтын кәсіпорында Мемлекет басшысы ауыл шаруашылығын дамыту және жаңа технологияларды игеру керектігіне баса назар аударды. Президент дағдарыс кезеңінде ауыл шаруашылығы экономиканың тірегі болатынын айтты.

2016 жылы Жамбыл облысының Шу қаласында Қазақстан бокс федерациясы жаңа Тарлан дене шынықтыру және сауықтыру кешенін ашты.

2016 жылы Астанада Рақымжан Қошқарбаевқа арналған ескерткіштің ресми ашылу салтанаты болды. 11 метрлік монумент Б.Момышұлы және Р.Қошқарбаев даңғылдарының қиылысында орналасқан. Мүсіндік композицияның биіктігі 6 метрді құрайды. Ескерткіш авторы – белгілі мүсінші Асқар Нартов.

Back to top button