Жаңалықтар

«Менің кім екенімді білесің бе?»: экс-депутат Түркістан мейрамханасында жанжал шығарды

Түркістан мәслихатының бұрынғы депутаты қаладағы мейрамханалардың бірінде жанжал шығарды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бейнежазба әлеуметтік желілерде таралды. Кадрлардан адамның балағат сөздер айтқаны, мекеме қызметкерлеріне жұдырық ала жүгіргені байқалады. Оған қоса ер адам өзін «мәслихаттың VII шақырылым депутатымын» және «бұрынғы бандитпін» деп таныстырған.

Түркістан облысының полициясы оқиға 17 қазанда түнгі сағат 12 шамасында болғанын хабарлады. Тәртіп сақшыларынан мекеме қызметкерлері көмек сұраған.

«Оқиға орнына полиция жасағы шықты. Тәртіп сақшылары ер адамның төлем жасаудан бас тартып, жанжал шығарғанын анықтады. Тәртіп бұзған адамға қатысты әкімшілік іс қозғалды. Жиналған материал сотқа жіберіледі. Сондай-ақ, ер адамның бұрын қалалық мәслихаттың депутаты болғаны және биыл наурызда өкілеттігі тоқтағаны анықталды», – деп мәлімдеді полицияда.

 

Back to top button