Жаңалықтар

«Даурығатындай ештеңе көріп тұрған жоқпын»: Семей әкімінің орынбасары сенбілікке қатысты түсініктеме берді

Семей әкімдігі мұғалімдердің сенбілікке шығуына қатысты түсініктеме берді. Қала әкімінің орынбасары мұғалімдерді ешкім мәжбүрлемегенін және сенбілікке байланысты сабақ тоқтатылмағанын айтып сендірді.

Бұл туралы аrnapress.kz жазды.

Семей қаласында мұғалімдерді көше сыпыруға мәжбүрлеген. Мұндай тапсырманы қала әкімінің орынбасары берген. Аталған жайтқа қатысты Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов Facebook әлеуметтік желідегі парақшасында пікір білдірді. Министр мұғалімдерге қолдау көрсетіп, жағдайды реттеуге уәде берді. Сондай-ақ, министр сенбілік ұйымдастырған лауазымды тұлғалар әкімшілік жауапкершілікке тартылуы мүмкін екенін атап өтті.

Бүгін бұл оқиғаға Қала әкімінің орынбасары Димитрий Гариков пен білім бөлімінің басшысы Наталия Фесенко түсініктеме берді. Димитрий Гариков сенбілікті ұйымдастыруға тапсырма бергенін растады.

«Аталған сенбілік әкімдіктің қаулысына сәйкес өткізілді. Бізде жыл басында қалада жалпықалалық сенбіліктер өткізіледі деген қаулы бар. Азаматтарымыз қай жерде жұмыс істесе де, осы сенбіліктерге ерікті түрде қатысады. Жұма күні үлкен жиналыс өткізілді, оған бюджеттік ұйымдардың қызметкерлері, соның ішінде мектеп директорлары, коммерциялық ұйымдардың қызметкерлері, мемлекеттік қызметшілер және т.б. қатысты. Бұл жалпықалалық сенбілік болды. Хатта оқу процесін тоқтату немесе мектептердегі сабақтарды тоқтату туралы нұсқау болған жоқ», – деп түсіндірді әкім орынбасары.

Әкімнің орынбасары сенбілікке мұғалімдердің қатысқанында тұрған ештеңе жоқ екенін айтады.

«Кейбір мемлекеттік қызметкерлердің айтуына қарағанда, бұл сенбіліктерге әкімдіктің барлық қызметкерлері тікелей қатысады. Егер мұғалімдерді жалпықалалық сенбілікке бір рет қана тартсақ, онда әкімдік қызметкерлері, мемлекеттік қызметкерлер апта сайын сенбілікке шығады. Даурығатындай ештеңе көріп тұрғам жоқ. Өйткені бұл – өзіміздің қаламыз, менің ойымша, қаланың кез келген жанашыры осы сенбілікке өз еркімен шығады», – деді Гариков.

 

Back to top button