Жаңалықтар

Әскерге шақырудан босатуға немесе кейінге қалдыруға кімдер өтініш бере алады

Қазақстанда мерзімді әскери қызметке шақырудың күзгі науқаны осы жылдың соңына дейін жалғасады. Қарулы Күштердің, басқа да әскерлері мен әскери құрылымдарының қатарын 18 бен 27 жас аралығындағы 17 мыңға жуық жас толықтырады. Әскерге шақырудағы жаңашылдықтар мен үміткерлерді іріктеудің ерекшеліктері туралы Ұйымдастыру-жұмылдыру департаментінің бастығы полковник Сәкен Жүсіпов айтып береді.

  • Қазіргі кезде әскерге шақыру науқаны қалай өтіп жатқаны жайында айтып өтсеңіз?
  • Осы жылдың 1 қыркүйегінен бастап Қазақстанның барлық өңірінде аумақтық әкімдер орынбасарларының басшылық етумен жергілікті атқарушы органдардың әскерге шақыру, медициналық комиссиялары өз жұмыстарына кірісті. Қолданыстағы Заңнамаға сәйкес мерзімді әскери қызметке әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе одан босатуға негіздері жоқ 18 бен 27 жасқа дейінгі ер азаматар шақырылуға тиіс екенін еске саламын.
  • Осы уақытқа дейін әскерге неше азамат шақырылды және қай әскер түріне шақырылды?
  • Қазіргі сәтте Ұлттық қауіпсіздік комитетінің шекара қызметін және мемлекеттік күзет қызмет жас буынмен жасақтау іс-шаралары аяқталды. Енді Қарулы Күштердің әскери командаларын құруға кірістік. Оны қараша айының ортасында аяқтау жоспарланып отыр. Одан әрі Төтенше жағдайлар министрлігі мен Ұлттық ұланның бөлімдері мен мекемелерін жасақтауға кірісеміз. Әскерге шақыру кампаниясын 31 желтоқсанда аяқтау жоспарлануда. Осы жылдың күзінде әскерге шақыру комиссияларының шешімдеріне сәйкес Қарулы Күштердің, басқа да әскерлері мен әскери құрылымдарының қатарын 17 мыңға жуық әскерге шақырылушы толықтырады.
  • Медициналық тексеруден өтпеген әскерге шақырушылар саны неше? Жалпы әскерге шақыруға үміткерлердің денсаулық жағдайына қатысты негізгі себептер қандай?
  • Қазіргі уақытта медициналық қарап тексеру қорытындысын шығаруға әлі ерте деп ойлаймын. Өйткені ол жұмыс әлі жалғасып жатыр. Іріктеудің негізігі өлшемшарты әскерге шақырушылардың денсаулық жағдайы болып қалады. Жағдайды түсіну үшін осы жылғы көктемгі әскерге шақыру нәтижелерінің статистикасына тоқталып өтейін. Көктемде 80 мыңнан астам әскерге шақырушы медициналық қарап тексеруден өтті. Оның 80 пайыздан астамы әскери қызмет өткеруге жарамды болып танылса, 10 пайызы әскерге шақыру мерзімінде ем қабылдап жатқандықтан кейінге қалдырылды. Ал қалған 10 пайызы денсаулық жағдайы бойынша әскерге шақырылудан босатылды. Енді ем қабылдау үшін әскерге шақыру мерзімін кейінге қалдыруды қажет ететін негізігі аурулар: ішқұрылыс аурулары, хирургиялық, неврологиялық, көз аурулары. Осындай аурулар көп. Оның бәрі қазіргі медициналық тексеру барысында анықталған.
  • Жалпы әскерге шақыру науқаны мен әскерге шақыру комиссиясының жұмысында қандай жаңашылдықтар бар?
  • Өткен әскерге шақыру барысымен салыстырғанда жаңалық енгізілген жоқ. Бұл ретте осы жылдың басынан бастап 2 жаңа қызмет көрсету түрі – бұлар әскерге шақыруды кейінге қалдыру және әскерге шақырудан босату мемлекеттік қызмет көрсету түрлері енгізілді. Қазір үйден шықпай, электрондық үкімет порталы арқылы өтініш білдірген әскерге шақырушыларға «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» Заңының 35 және 36 баптарын негізге ала отырып, әскерге шақыруды кейінге қалдыру немесе одан босату беріледі. Қазіргі таңда осы қызмет түрін он бір жарым мыңнан астам адам пайдаланды. Оның ішінде 10 мыңға жуық адам әскерге шақыруды кейінге қалдыру, 1500-ге жуық адам әскерге шақырудан босату құқығын алды.
  • Сәкен Сауытбайұлы, жуырда әлеуметтік желіге тараған видео арқылы шекара қызметіндегі әскери қызметшісінің өзінің мінез-құлқы елдің назарын аударып, қорқытты десек те болады? Сол туралы айтсаңыз?Бұндай жағдай не себептен болды?
  • Оны менде көрдім. Ол жағдай бойынша біздің Шекара қызметіндегі әріптестеріміз болған жағдайдың мән жайын анықтау үшін ішкі қызметтік тергеу жүргізіп жатыр. Қазіргі уақытта әскери қызметші Шекара қызметінің госпиталінде тексеруде. Нәтижесін Шекара қызметі қоғамның назарына жеткізеді деп ойлаймын.
  • Ата-аналарды қызықтыратын бір сұрақ бар, жылда қойылатын сұрақ. Қандай жағдайда әскерге шақыруды кейінге қалдырады?
  • Қолданыстағы заңға сәйкес әскерге шақыруды кейінге қалдыру әскерге шақыру комиссияның шешімімен беріледі. Бұл ретте комиссияның төрағасы әкімнің орынбасары болып табылады. Әскерге шақыруды кейінге қалдыру отбасы жағдайы бойынша, білімін жалғастыру үшін, денсаулығы және басқа да себептер бойынша беріледі. Сонымен қатар әскерге шақырудан босату мен қатар әскерге шақыруды кейінге қалдыруда электрондық үкімет порталының «Е-лицензиялау» мемлекеттік деректер базасының ақпараттық жүйесі арқылы беріледі. Әскерге шақыру немесе оны кейінге қалдыру бөліміндегі сұрақтар бойынша кеңес беру үшін Қорғаныс министрлігінде жедел желі жұмыс істейді. Онда жауапты лауазымды адамдар түсініктеме береді және сіздерді толғандыратын барлық сұрақтарға жауап береді. Қорғаныс министрлігінің сайтында көрсетілген телефон нөмірлері бойынша хабарласып та кеңес алуға болады.

– Сәкен Сауытбайұлы келіп, сұхбат бергеніңізге көп рақмет! Сау болыңыз!

– Сау болыңыз!

Back to top button