Алтынай Жорабаева сияқты танымал адамдардың мәһірге алған дүниесін жарияға жар салуы дұрыс емес - имам
Алтынай Жорабаева сияқты танымал адамдардың мәһірге алған дүниесін жарияға жар салуы дұрыс емес - имам
Жақында әнші Алтынай Жорабаева екінші рет тұрмысқа шықты. Әнші Әлішер есімді ер азаматпен некесін мешітте қиған болатын. Алтынай өзінен алты жас кіші күйеуінен мәһірге су жаңа көлік сұраған, деп хабарлайды Express Qazaqstan.
Бұл туралы әнші Instagram-дағы парақшасында жазды. Неке қиғанда әйелдің мәһірге зәулім үй, қымбат көлік, iphone талап етуі дұрыс па? Елдің алдында жарқырап жүрген жұлдыздардың мәһірге қымбат көлік алып, онысын мақтанып желіге салуы қаншалықты дұрыс? Осы сауалдарды Express Qazaqstan тілшісі Алматы қаласындағы Дінмұхамед Қонаев атындағы мешітінің бас имамына қойған еді. Имам, танымал адамдардың мәһірге алған дүниесін жарияға жар салуы дұрыс емес дейді. Себебі оған еліктейтін жастар көп екен.
Қалыңдықтың зәулім үй, қымбат көлік сұрауы дұрыс емес. Осындай талаптың салдарынан жастар бірін-бірі түсінбей ажырасып кеткендер де жетерлік. Әйелге өзінің әкесі немесе анасы жағынан жақын туыстарына берілгендей мәһір берілуі керек, — дейді Мейіржан Рахматуллаұлы.
Мейіржанның айтуынша, қалыңдық мәһір сұрағанда болашақ күйеуінің жағдайына қарауы керек екен. Ол қалыңдығының қалауын сатып әперем деп өзі қарызға батып кетпеуі тиіс.
Күйеуді қарызға батыратындай көп немесе қыздың көңілін ренжітетіндей кем болмауы керек. Мәһірді бірден беруге шамасы жетпесе, оның бір бөлігін алдын ала беріп, қалғанын кейін бере алады, дейді бас имам.
Мәһір — ер адамның қалыңдығына жасайтын сыйлығы. Ол қалындықтың құны немесе ақысы емес. Мәһірдің ең төменгі мөлшері 10 дихрам, яғни 60 мың теңге.