15 қазан: атаулы күндер мен маңызды оқиғалар күнтізбесі

15 қазан: атаулы күндер мен маңызды оқиғалар күнтізбесі

15 қазан: атаулы күндер мен маңызды оқиғалар күнтізбесі
ашық дереккөзі
1961 жылы 15 қазанда Целиноград қаласында (Нұр-Сұлтан) Тың игерушілер сарайының құрылысы басталды. Латвия сәулетшілері О. Крауклис, Д. Даннеберг, П. Фогель жобасымен салынған оның құрылысы 1963 жылы салып аяқталған. Тың игерушілер сарайы 2 355 орынға есептелген. Көлемі және жабдықтар жүйесі жағынан сол кезде КСРО-да Кремльдің съездер сарайынан кейін екінші орында тұрды. Тың игерушілер сарайы 1990 жылдардың соңындағы күрделі жөндеу жұмыстарынан кейін 1999 жылдан бастап Конгресс-холл аталды. 2016 жылдан бастап «Астана» концерт залы болып атауы өзгертілді. 1999 жылы Солтүстік Қазақстан облысының Айыртау ауданында қазақ батырлары Қарасай мен Ағыбайға мемориалдық кешен орнатылды. 1999 жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Түлкібас ауданындағы Тұрар Рысқұлов атындағы ауылда Мұхаммед Қайдар Дулатиға ескерткіш орнатылды. 2005 жылы Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі БҰҰ-ның 60 жылдығына орай 100 теңгелік мерекелік ақшаны айналымға шығарды. Ол Қазақстан теңге сарайында жасалған. 100 теңгелік мерекелік күміс ақшаның диаметрі - 24,5 мм, қалыңдығы - 1,9 мм. Ал, салмағы - 6,45 грамды құрайды. Қазақстан Біріккен Ұлттар Ұйымына 1992 жылы 2 наурызда 46-сессияда мүше болып қабылданған болатын. Біріккен Ұлттар Ұйымы күні жыл сайын 24 қазанда ресми түрде аталып өтеді. 2008 жылы Жамбыл облысында әлемдік тәжірибеде тұңғыш рет йодпен байытылған дәндер алынды. «Кордай нан» ЖШС Тараз мемлекеттік университетінің тамақ өнеркәсібі мамандарымен бірге байытылған дәннің отызға жуық түрін шығарды. 2009 жылы Парижде ЮНЕСКО-ның Бас конференциясының 35-сесиясында Қазақстан ЮНЕСКО-ның Атқарушы кеңесі; Коммуникацияны дамытудың Халықаралық бағдарламасының Үкіметаралық кеңесі; «Адам және Биосфера» бағдарламасының халықаралық үйлестіру кеңесі; Халықаралық үкіметтік емес ұйымдар жөніндегі комитет, сондай-ақ, ЮНЕСКО-ның штаб-пәтері бойынша Комитет бюросының құрамына 4 жылға сайланды. 2012 жылы Қатар астанасы Дохада Дүниежүзілік пошта одағының (ДПО) 25-ші Конгресінің аясында «Қазпошта» АҚ-ға сапаны басқару үшін «В» деңгейлі сертификат табысталды. Сапаны басқарудың «күміс» деңгейі ДПО-ның қазақстандық пошта операторының өткізіп отырған реформаларының тиімділігін мойындау болып табылады. Шараның жұмысына әлемнің 192 елінен 1500 өкіл қатысты. 2014 жылы Шығыс Қазақстан облыстық этнографиялық мұражай-қорығының көрме залында Дінмұхамед Қонаев мұражайының «Ер жігіттің қаруы» бірегей көрмесі ашылды. Экспозицияда Д.Қонаевқа әлемнің белгілі мемлекет қайраткерлері сыйлаған кездіктер, қанжарлар, қылыштар, аң аулайтын карабиндер, мылтықтар таныстырылды. Көрмеге қарудан басқа Д.Қонаевтың ата-анасы мен отбасының фотосуреттері қойылды. Экспозицияда Д.Қонаевқа әр жылдары басқа елдердің басшылары, әріптестері мен достары сыйға тартқан қарулардың сирек кездесетін түрлері де болды. Олардың арасында Фидель Кастроның, Леонид Брежневтің, Иосип Броз Титоның, Эрих Хонеккердің сыйлықтары да қамтылған. Тіпті, коллекцияда 1982 жылы ҚР Президенті Н.Назарбаев қайраткерге сыйға тартқан қару да қойылды. 2014 жылы Бутанда өткен Дүниежүхілік таеквондо федерациясының (WTF) кезектен тыс жиналысында Арман Чилманов президент – доктор Чунг Вон Чоның қолынан аталған ұйымның атқарушы комитетінің мүшесі сертификатын алды. 2015 жылы қазақстандық Аделия Амраева Владислав Крапивин атындағы балаларға арналған әдебиет беделді сыйлығының лауреаты атанды. Оның «Өмір сүргім келеді» кітабында балалар суициді проблемасы қозғалған. 2016 жылы Нью-Йоркте «Астана» халықаралық қаржы орталығы (АХҚО) делегациясының АҚШ-қа сапары аясында АХҚО басқарушысы Қайрат Келімбетов пен Nasdaq, Inc президенті Адена Фридман өзара түсіністік пен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. 2019 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Баку қаласында өткен Түркітілдес мемлекеттер ынтымақтастығының 7-ші отырысына қатысты. Онда ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Түркі әлемінің Жоғарғы орденімен марапатталды. Саммит қатысушыларының алдында сөз сөйлеген Қазақстанның Тұңғыш президенті түркі тілдес қоғамдастықтың ұзақ мерзімді мақсаттары мен оған қол жеткізу жолдары енгізілуге тиіс «Түркі елінің келешегі-2040» бағдарламасын құруды ұсынды. 2019 жылы «Мұзбалақ» анимациялық фильмі қазанның 7-і мен 13-і аралығында Германияның Хемниц қаласында өткен 24-ші Халықаралық балалар мен жасөспірімдерге арналған Schlingel кинофестивалінде Германияның анимациялық фильмдер институты (DIAF) тағайындаған «Үздік анимациялық фильм» жүлдесімен марапатталды. Қазақтың ғасырлар бойы қалыптасқан саятшылық мәдениеті туралы сыр шертетін «Мұзбалақ» анимациялық фильмі бүркіт пен адамның достығы туралы баяндайды. Фильмді ҚР Мәдениет және спорт министрлігі тапсырысы бойынша Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ түсірген. Режиссерлері –Тұрдыбек Майдан және Тілек Төлеуғазы 1920 жылы Семейде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлы ақын, ағартушы Абай Құнанбаевтың балаларымен – Ақылбай және Төреғұлмен бейнеленген «Ұлы ақын Абай балаларымен» атты ескерткіштің ашылу салтанатына қатысты. Мемлекет басшысы шараның қатысушыларын Абайдың мерейтойымен құттықтап, ақын есімін құрметтеу – жалпы парызымыз екенін атап өтті. Ашылу салтанатынан кейін Президент Абайдың «Жидебай-Бөрлі» тарихи-мәдени және әдеби-мемориалды мұражай-қорығына барды. Абай мұражайы 1940 жылы Абайдың 95 жылдығы құрметіне ашылған. Бұл – Қазақстан тарихыхындағы алғашқы әдеби-мемориалды мұражай.