Жаңа кітапта − Тіл ғылымының тұлғалары

Жаңа кітапта − Тіл ғылымының тұлғалары

Жаңа кітапта − Тіл ғылымының тұлғалары
ашық дереккөзі
Биыл Қазақстан Ұлттық ғылым академиясының құрылғанына 75 жыл толады. 1946 жылы ашылған еліміздің басты ғылым ордасының қазақ ғылымын қалыптастырып, дамытудағы қызметі ерен. Сондықтан осы мерейлі датаны атап өтер тұста қазақ тіл білімінің дамуына сүбелі үлес қосқан ғалымдардың өлшеусіз еңбегі кеңінен көрініс тапқан ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Кәрімбек Құрманәлиевтің «Тіл және тұлға» кітабының жарық көруі қазіргі кездегі маңызды мәдени жаңалықтың бірі деуге болады. Ұлттық ғылым академиясының тарихында күні бүгінге дейін тіл білімі саласынан­жиырмаға жуық ғалым академик атанған. Міне осылардың арасында әрқайсысы бір-бір ғылыми мектеп қалыптастырған Ісмет Кеңесбаев (1907-1995), Мәулен Балақаев (1907-1995), Ғайнетдин Мұсабаев (1907-1981), Нығмет Сауранбаев (1910-1958), Ахмеди Ысқақов (1910-1996), Әбдуәли Қайдар (1924-2019), Рабиға Сыздық (1924-2020), Шора Сарыбаев (1925-2018), Кәкен Аханов (1928-1978), Кеңесбай Мұсаев (1931-2020), Өмірзақ Айтбаев (1936-2020), Сейілбек Исаев (1938-1999), Мырзатай Серғалиев (1938-2011) секілді даңқты 13 академикпен бірге әлі де тіл білімі саласында тер төгіп жүрген ҚР ҰҒА академигі Сәлима Құнанбаева, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі Фаузия Оразбаева, ҚҰ ҰҒА академигі Зейнеп Базарбаева, ҚР ҰҒА корреспондент мүшесі Ерден Қажыбек, ҚР ҰҒА академигі Шерубай Құрманбайұлы секілді тұлғалы ғалымдардың әрбіріне «Тіл және тұлға» кітабында бір-бір мақала арналып, олардың ғылымдағы жетістіктері сараланып, олардың адамдық, азаматтық келбеті туралы тағылымды әңгімелер айтылған. Қазақтың ең басты ғылым ордасының құрылуының 75 жылдығы алдында жарық көрген академик Кәрімбек Құрманәлиевтің «Тіл және тұлға» атты кітабы қазақ тіл білімі ғылымының қалыптасып дамуына зор еңбек сіңірген ғалымдардың өмірі мен ғылымдағы еңбегі жан-жақты таразыланғанымен құнды. Қазақ тілі білімі тарихына қызығушы оқырман кітаптан тіл ғылымы тұлғалары жайлы мол мәлімет алады.