Лондонда қазақ тілі сыныбын ашқан Әсел
Лондонда қазақ тілі сыныбын ашқан Әсел
Таяуда Лондонда отандасымыз Әсел Молдағалиеваның мұрындық болуымен қазақ тілі сыныбы ашылды. Әдетте жұрт алыстағы Англияға ағылшын тілінде еркін сөйлеп, дүниенің ілім-білімін меңгеру үшін баратыны белгілі, ал қазір әртүрлі себеппен Тұманды Альбионда тұрып жатқан қандастардың алаң-уайымы туған тілді ұмытып қалмау болса керек. Балалары ана тілінде ағылшынша акцентпен сөйлей бастағанын байқаған Әсел дереу қазақ тілі сыныбын ашуды ұйғарғанын айтады. Лондонда да қазақтар бір қауым ел емес пе, қазақ тілі сыныбы ашылатынын естіген бетте-ақ бірі қуана-қуана баласын жетектеп апарса, енді бірі онда сабақ беруге келісіп, жаңа басталған істің әп-сәтте қиюы келісе кетіпті. Жат жұртта жүрсе де, елді ойлап жүрген елгезек отандасымыз Әселді әңгімеге тартып, жаңалықты өз аузынан естіп-білгенді құп көрдік.
– Мамандығыңыз біз ойлағандай педагог емес, есепші екенін білгенде таңғалғанымыз бар. Бірақ ана тіліңізді ұмыттырмау үшін балаларыңызға күн сайын қазақ тілі сабақтарын жүргізіп жүргеніңізге қарағанда үйде отырып-ақ мұғалім болып алған секілдісіз?
– Мамандығым есепші болғанымен, мұғалімнің жұмысын бір кісідей білемін. Өйткені жаңа ортаға түскен төрт баламның оқу үлгерімін жоғарылату үшін қолымнан келгеннің барлығын жасадым. Жұбайым дипломат болып жұмыс істейтіндіктен, оның жұмыс бабы бойынша Вашингтонға қоныс аудардық. Онда төрт жыл тұрған соң, Лондонға көшіп келдік. Бастапқыда барлық сабақ ағылшын тілінде өтетіндіктен үлкен ұлдарыма оқу бағдарламасын түсіну қиын болды. Оған қоса, ол кезде олар ағылшын тілін жетік білмейтін. Балаларымның қиналып жүргенін көріп, оларға көмектесудің жолдарын іздестіре бастадым. Интернеттен түрлі пәндер бойынша қосымша материалдар тауып алып, өз бетімше ұғындырып жүрдім. Сосын мұғалімдерінен ақыл-кеңес сұрадым. Олар «Күн сайын кітап оқуға дағдылансын. Олар оқығысы келмесе, өзіңіз қасында отырып жиырма минуттай кітаптан үзінді оқып беріңіз, сонда олар айтқаныңызды есте сақтап, лезде «қағып» алады. Сосын күн сайын үш-төрт сөйлем құрастырсын» деп кеңесін айтты. Сөйтіп, балаларыма мұғалімдерінің айтқанын істеймін деп жүріп өзім мұғалім болып алдым (күліп). Десек те уақыт өте келе балаларымның қазақ тілінде ағылшын акцентімен сөйлейтінін байқадым, сөйтсем, шетелде тұрған қазақтардың балалары да қазақша акцентпен сөйлейді екен. Кейіннен олар толығымен қазақша сөйлегеннің орнына арасына үш-төрт тілді қосып сөйлейтінді шығарды. Мұны түсінуге болады, себебі жаңа тіл үйреніп жүрген баланың сөз арасында сол тілдегі сөздерді автоматты түрде айтып қалатыны белгілі. Вашингтонда тұрғанда балаларым испан тілін оқыған болатын, ал қазір осында біреуі неміс, ал енді бірі француз тілін оқып жүр. Мейлі, көп тіл білсін, десек те қазақ тілін ұмытпасын, акцентпен сөйлемесін деген мақсатпен қазақ тілі сыныбын ашуды қолға алдым.
– Сыныбыңызда оқитын балалар қазақ тілін қай деңгейде біледі екен?
– Балалардың қазақ тілін білу деңгейлері әртүрлі. Кейбірі қазақ тілін білсе де, ұялшақ әрі тұйық мінезіне бола сөйлей алмайды. Олардың белсенділігін арттыру үшін жұмыс істеп жатырмыз. Жалпы, біздің сыныпта 6-12 жас аралығындағы балалар оқиды. Бірақ төртке енді толған балақайларды да оқытып жүрміз. Олармен сабақ жүргізген тіпті қызық. Оларды әр он бес минут сайын ойнатып, «Аю секілді қорбаңдайық. Енді ара секілді ызыңдайық» деп сабаққа қызығушылығын оятуға тырысамыз. Алдағы уақытта жасөспірімдерді де оқытатын бір топ ашсақ деген ойымыз бар. Қазір тіпті жасы үлкендер де біздің сыныпта оқығысы келіп жүр, әсіресе ата-аналар «тілді ұмытпау үшін біз де оқысақ қайтеді» деп қолқа салуда. Сол себепті алдағы уақытта топтар санын көбейтуді жоспарлап отырмыз.
– Сондай-ақ сол сайтта жоба үйлестірушісі ретінде сіздің аты-жөніңіз жазулы тұр. Бірақ Іnstagram-дағы qaztili_london парақшасында түрлі ертегілер оқыған видеолар жүктеп, қазақша сөздерге түсініктеме беріп жүргеніңізге қарап, оқу процесін басқарудан бөлек, үш еріктімен бірге сабақ беріп жүрген болар деп ой түйдік.
– Иә, мен де сабақ беремін. Аяқ астынан мұғалім болып кеттім (күліп). Қызық, өз балаларыма көмектесуден туындаған бұл идея осындай үлкен іске ұласады деп еш ойламадым. Жалпы, мен білетінімді адамдарға үйреткенді жақсы көремін. Сол себепті балаларға егжей-тегжейлі түсіндіруге тырысамын, көп қайталаймын. Балалар болған соң, қайталап сұрамасаң болмайды. Тиісінше сабақ соңында энергияң таусылып қалады, бірақ алдыңа келіп тұрған баланың қазақ тілін үйренуге құлшыныс танытып, көзі бал-бұл жанып тұрғанын көрген сәтте шаршағаныңды ұмытып кетеді екенсің. Бізге жақын жерде тұратын балалар көшеде маған қазақша сөйлесе жүрегім жібіп сала береді. Сол сәтті пайдаланып «Өткен сабақта не өттіңдер, айтыңдаршы қане» деп әдейі сұраймын, олар болса рет-ретімен барлығын айтып береді. Әдепкіде қазақша бір сөйлем құрай алмайтын балалардың сыныпқа келгенде «Бүгін не өтеміз? Қандай ойын ойнаймыз?» деп у-шулап, жамырай жөнелгенін көргенде атқарып жатқан жұмысымыздың бекер емес екенін түсінемін. Осы ретте айтайын дегенім, ешкімді мәжбүрлеп оқыта алмайсың. Көпшіліктің «Қазақсың ба, қазақ тілінде сөйлеуге міндеттісің» деген ұстанымын құптамаймын. Елде жүргенде үлкен кісілердің қоғамдық орындарда қазақша жауап бере алмай, қиналып тұрған адамға «Сен қалай ана тіліңді білмейсің?» деп ұрысып жатқанын талай көрдім. Бұлай бетіне баса берсек, олардың тілге деген қызығушылығын оята алмаймыз. Вашингтонға көшіп келгенде ағылшынша көп сөз білгеніммен, сөйлей алмайтынмын. Сол кезде өзімді «артта қалған» адам секілді сезініп, өз-өзіме көңілім толмай жүретін. Бірақ мен кездескен америкалықтар тілді толық меңгермегенімді бетіме басып, маған ауыр сөздер айтқан емес. Дүкенге немесе кафеге кіріп бірдеңе сұрасаң, асты-үстіңе түсіп, жандары қалмай, ым-ишарамен болса да түсіндіруге тырысады. Қала берді, «Сізге мынау керек пе? Мынаны меңзеп тұрсыз ба? Жоқ, ана затты әкеп көрсетейін бе?» деп сөрелердегі бұйымдарды алдыңа «үйіп» салады. Әртүрлі себептермен қазақ тілін үйренбеген отандастарымызға дәл осындай сүйіспеншілік танытса екен деймін. Бәлкім, сіз ұрысқан адам қазақ тілін үйренгісі келіп жүрген шығар, мүмкін, қазақша акцентпен сөйлесе мазақ қылатын ортасына бола қысылып жүрген болар. Сол себепті елдегі көпшілік оларды алдымен тіл үйренуге деген құлшынысын арттыруға тырысса екен деймін.
Әңгімелескен Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ