«Ақ найзалы Алдияр батыр»

«Ақ найзалы Алдияр батыр»

«Ақ найзалы Алдияр батыр»
ашық дереккөзі
Тәуелсіздік дәуірі туғанда Марал­тай «Кентавр» атты құпиялы ас­тары бата сөзден аумайтын текті жыр жаз­ды. «Кентавр» аттылы қазақтың ру­­хын кө­терген елдік ұраннан аумай қал­ды әрі авторлық «меннің» лири­ка­лық дара бейнесі болатын. «Дарын» Мем­лекеттік жастар сыйлығының лау­реаты, Қазақстан Республикасының Ең­бек сіңірген қайраткері Маралтай Райым­бекұлының «Ақ най­залы Алдияр ба­тыр» атты шежірелік һәм ерлік дас­таны ақынның шығар­машылық ба­бында екенін аңғартты. Поэманың туу басынан көркем тө­гілген сурет­керлік шеберлік, ұшар көкте қалық­таған қырандай тегеурін қазақ жырының Құлагері Ілияс Жансүгіровтің табиғат лирикасындағы буырқанған стилін еске сал­ғандай әсер етті. Ілиястың «Құлагер» ат­ты классикалық поэмасында ескі қазақ тұр­мысын әбден ашатын ас, бәйге та­қыры­бын Маралтай кейіпкерінің жол басы етіп таңдапты. Нысанаға тік атылған жебедей авторда бөгеліс жоқ, басы артық бейнелеуді ысырып тастайды. Алатаудың баурайында қалың ел жиналған.

Төрт төлегетайдың төресі Садырға жатты ас беріп. Садырдан шыққан шұбартөс – Тәкаппар, ожар Тәуімбет.

Ақын ел алдында жақынын қорлайтын зор­лықшыл қазақтың ағайынға жана­шыр­лығы, жылуы жоқ өктем мінезін дөп көр­сетті. Туған бауырға қаттылық томырық кей қазақтың сүйегіне біткен, түп себебі иен бай­лықты пір тұтқан надандық басына мал біт­пеген кедей туысын менсінбеуге, жек көру­ге, алауыздыққа жеткізген. Мәди Бә­пиұлы­ның туған ағасы Қақабайдан көрген ит қорлығы әйгілі «Қарқаралы» әнімен ұмы­тылмас құса-нала болып таңбаланып қал­ды. Шал ақынның «Басымды менің қор­ласа, «Бір туғанымды жоқтаман» деп наза­ланатыны нағыз қазақтың өр де әділ мінезі екені даусыз. Сюжетті поэманың өзегіне бір атаның балаларының басынан өткен шын­дық оқиға, ұрпақ жадынан өшпейтін тек­тілік, ағайын арасына түскен сызат, на­мы­сын тірі жанға таптатпас кісілік мінез алын­ған. «Бір биеден ала да туады, құла да туа­ды» дейді қазақ мақалы адам мінезін мең­зеп. Бір анадан жақсы да, жаман да туа­ды. Рубасы Тәуімбет туған ағасы момын Еле­кені жазықсыз жазғырды. «Жылқы күзе­тін неге тастадың, мал бағып қалмадың ба орныңды біліп, үстіңде бүтін киім жоқ, той сенің не теңің?» деп тілдейді. Қазақта өлсе ешкімнен ықпайтын, әділетсіздік көрсе, өзінен зормен айқа­са кетуге бар жаужүрек ерлер аз бол­ма­ған. Елекенің ұлы Алдияр сырттанның өзі екен. Дүйім елдің көзінше әкесін қорлап баққан немере ағасы Тәуімбет бидің астын­дағы құла атты қамшымен бір тартады. Ожар иесі үшін жазықсыз жануар жарықтық соққы алды. Қазақ дәстүрінде бұл қылық жылқының емес, оның иесін ұрғанмен тең. «Аруақ бірге, ас бір» деп, Алдияр еді әкелген, Осы­нау асқа бүгінгі, Жылқыда жүрген әке­сін». Жуанның ашу-ызасына тию қарадай үкіммен тең, со мезетте сұмдық зорлық-зомбылық, әділетсіздік қауға тиген қып-қызыл шоқ болып тұтанып, басу бер­мес өрттей лаулайды. Немере інісін байлаң­дар деп түтіге ақырған Тәуімбеттің бұйры­ғын орындамаққа жүгірген бағыныштылары кеш қалды. Бұл күтпеген сорақы жанжалдың соңы жарға әкеп соқты, жасөрім Алдияр елден безді. Дүниежүзілік поэзияда Шиллер, Байрон, Лермонтов поэмаларында әді­летсіздікке төзбей бүлік салған, буыр­қан­ған ағысқа қарсы қасқая жүзетін романти­ка­лық кейіпкерлердің елден безуі тағдыр-та­лайын айқындайтын. «Жаным – арымның садағасы» дейтұғын намысты, өршіл, еркін­дік сүйгіш ерлер галереясына лайық образ Маралтайдың Алдияры қиқу­лаған құстай көкжиекке сіңіп жоғалды. Ол қас қағымда жиылған елдің құрметін туғыз­ды. «Өз атын өзі ту қылып, «Алдиярлаған» ұра­ны, Алыс­тап қанша кетсе де, Құлаққа же­тіп тұр әлі». Балаң, бозбас болғанымен қаншыл­дығы, намысы ересек ерлерге тән Ал­диярдың алған беті қырғыз Алатауы. Поэ­ма қаһарманының романтикалық кейіп­керге айналуы өзінен күштімен күрес­тен тайынбай, жел аударған қаңбақтай жалғыздыққа ұрынуына душар болған сәттен басталды. Маралтай Алдиярды романтикалық қаһарманға тән атрибуттардан қақ­пайды. Ыстық көлде жалғыз күнелткен жа­сөрім Алдияр барыстың шұбар терісін жа­мылады. Шығыс дәстүрінде жолбарыс тері­сін тек батырлар жамылады. Үш-төрт жыл өмірі түзде, елден жырақ өткен кейіп­кер нағыз еркекке айналды. Ақын оны ауыз әдебиетінің бай дәстүрінде, фольклорлық сарынмен бейнелі суреттейді. Алдиярдың ер­ж­үректігіне қоса автор оның ақыл толы­сып, табиғатпен етене туысып, алдағы бо­лар күреске шыңдалғанын мифтік-мис­тика­лық сарынмен сүйіне суреттейді. Алдиярда ескі қазаққа тән қасиеттің бәрі бар, күн жадына қарап ауа райын болжау, түс жорушылық т.б. Рух бостандығын аңса­ған, күштіден бұғып қалмаған Алдияр бей­не­сін ақын ертегідегі батырлардан аумай­тын етіп суреттейді. Ұлттық дәстүрге берік ақын халық қазынасынан еркін көсіп алуы бек жарасымды. Маралтай – жырда өтірік данышпансуды, жалған абыз, күрделі бол­ғансуды менсінбейтін ақын. Пушкинге тән таңғажайып стиль. Бір қабырғасы ар­тық біткен қанатты қас тұлпарша шауып кете беруден жаңылмайды. Құнары қапысыз, қылаусыз, уызынан жарыған қазақ тілімен еркін көсілгенде ақынның қаламынан саулаған қарапайым сөздердің өзі тегіс, өз орнында шебер қиысып тұрғанын көруге болады. Алдияр аруақты ер екенін эпостық образ­ға тән кесектігі айғақтайды. Оның тү­сін­де күй атасы Кетбұға үңгірдің түбінде ақ найза бар деп аян берді. Поэманың сюжеті тартымды, сарыны эпи­калық дәстүрге негізделген. Түз тағы­сын­дай айдалада дара жүрген Ал­дияр­ды тұт­қынға алмақ болған қырғыз ханы Сару «Өзің­нен зор шықса, екі көзің сонда шы­ғ­а­ды» деген кепке ұрынды. Жас ба­тыр­дың те­геуріні астамсыған ханды сабасына тез түсірді. Ол Алдиярды қас етпей, дос қылу­дың артықшылығын тез-ақ мойын­да­ды. Әлеуметтен жырақ қалған жас қазақтың социумға қайта оралуы оның ерте есею жо­­­лындағы қадамдары тәрізді. Сару ханды Алдиярдың мысы басып, әулиені болжаған жұлдызшы тәрізді бауырына тарта, жал­бақтай сөйлеуі ежелгі дипломатияны ай­қын­дай түседі. Саяқ ердің өмірінде жаңа кезең бас­талды. Қырғыз Сару хан жол­барыс­тай қайратты жас қазақты бауырына тарт­ты. Хан түйсігі алдамаған. Сару хан алыс са­парлап кеткенде еліне жау тиді. Алдияр қал­мақтың қалың қолымен жалғыз соғыс­ты. Бұл ертегіге тән гипербола эпостық жыр­ға жат емес. Дұшпанға қарсы тұрмас бұ­рын ақын оны Құдайға құлшылық жасап, ме­дет тілеумен, әулиелер, Кетбұғадай аруақ­ты ерді еске алғанын айшықтап жырға қос­ты. Поэмадағы мифологиялық деталь – ақ найзаны батыр түсінде абыздан аян алған соң иемденгені – қазақ ұғымында аруақ қолдады, аруақ берді дегенді білдірсе керек. «Ақ найзалы Алдияр батыр» жырында қазақ фольклорының негізгі жанрларына ортақ сипат, дәстүрлі эпикалық жыр мен ғұрыптық фольклордың белгілері айқын. Жанры – жыр, ұлттық поэзияның ең көне түрі жыр. Сарыны желдірмелі әуенге құрыл­ған, экспрессивті әр тармағы лек-лек құйы­лып түседі. Дешті Қыпшақ даласында көне жыраулар рухы тірі, кейінгі Марабай жырау­дан қазіргі Маралтайға дейін ел қор­ғау, отаншылдық дәстүр үзілген жоқ. Әуез­хан Қодар айтқандай, жыраулар мұрасы ұлт рухын бекітуде діни кітаптың әсерінен еш кем болмаған. Маралтай «Қаратау ғазал­дары» атты кітабында елі үшін құрбан бо­лып, қоқандықтармен күрескен Шоқай дат­қа тұлғасына арнау дастан жазды. Фольк­лорлық, эпикалық жанр мен ше­жіре­лік-тарихи деректі жанрдың элементтері біртұтас құйылып, қаһарманның толысу, эволюциялық өсу жолын романтикалық леппен шалқыта беруі ақынның поэтикалық кеңістігін биіктете түседі. Ер Алдиярдың образын жасауда Маралтай ұлттық дүние­таным негіздерін фольклорлық элемент­термен байытып, ұтымды пайдалана білгені мәрттік. Постмодернизмге тән қасаңдық, жасандылық, тарлық, инфантилизм мұнда жоқ. Арқалы ақын жау әскеріне жалғыз шап­қан Алдиярдай жаужүрек ерге тылсым құді­рет, табиғат стихиясы көмектескен мисти­калық детальды лайықты ойнатуы шын­дыққа қайшы келе алмайды. Роман­тикалық поэмада бұл – қалыпты құбылыс, кейіпкері деректі тұлға болса да, халық ұғы­мын­да Құдайсыз қурай да сынбайды, аруақ­ты ерлер. Ел қорғаны болуға жаралған асыл ерден Сару хан айырылмауға бекініп, бала қылып алуға көңілі құлады. Ханның сұңғыла қатыны Алдиярға жалғыз қызы Хан­шайым аруды бер деп еріне шын ақыл қосты. Екі жастың табысуын ақын роман­ти­калық эпизодпен берген. Алдияр бір көргеннен көкейіне ұялап қалған Хан­шайым аруды қоғалы қамыстан атылған барыс кейпіндегі ажалдан құтқарып қалды. Ол хан қызымен отасты. Айы келген айында, күні келген күнінде қатыны егіз ұл туды. «Қырықсадақ деп атады, Қырғызшора деп біреуін...». Шежірелік деректер күшейген дас­танның екінші бөлімі қазақ тарихына қатысты нақты оқиғаларды қам­тиды. Тәуке ханның (1635-1715) хандық құрған уақыты, басқыншы жоңғарлардан оңбай жеңіліп, туған жерін тастап, бас сауғалай қашқан қазақ тайпалары ес жиып, Түркістанда бір тудың астына бірігіп, бағы асатын күн туды. Романтикалық сарын реа­листік суретке ауыса бастайды. «Алшынның алтын айдары, Әйтеке биді бас қылып, Қырғыздың ханы Саруға, Тәуке хан елші жүргізді». Әйтеке биге ерген уыздай жас жырау Бұқарды ақын «сөздері лағыл, жүзі нұр» деп сипаттайды, найман Шағыр батыр отыз жігітпен, бүгінгі тілмен айтса, бір ба­тыр­ды еліне қайтарып алуға қырғызға үлкен делегация аттанды. Жақсыны кім жа­қын тартпайды? Сару хан күйеу баласы Алдиярды өз еліне жібергісі келмей қина­латыны – нанымды психологиялық сыр. Маралтай ақын фольклорда ең шыншыл психологиялық мезет, елдік идеологияны ұлықтайтын отаншылдық көрінісін ұрым­тал тұсында шебер бере білгені сүйінішті. Ел қорғаны болуға қос ұлын қалдырарын айтты. Бұл – нағыз текті ердің сөзі! Қазақ­тың кең пейілі Алдияр сынды ерлерден дарыған құт. Сахара жұртында көп қатын алу полигамия үздіксіз жаугершілік заманда әулетті аман сақтау үшін аса қажет болды. Ер Алдияр некелі төрт қатын алған, сегіз ұлы болған. Қырғыз қызынан екі ұл, Тәшкен әміршісінің қызы Ежеп Асан, Медет, Кен­жебайдың анасы. Қоңырат қызы Тау­бикеден Қуат, Кенембай, Дөненбай туған. Ақпан, Тоқпан атты қос ұлының шешесі Жібек – қаракерей қызы. Найман-қара­ке­рей-матай-cадыр ішінде Алдияр руы өскен ата екені дау тудырмайды. Әз Тәукенің алдында Алдияр батыр ежел­гі дәстүрмен ханға адалдыққа ант берді, ел бірлігін нығайта түсетін аталы сөз сөйледі. Мұның бәрі – Алдиярдың елі үшін қа­йраткерлік жолға түскен, халқымен қауышқан жұлдызды сәті. Осы тұста Марал­тай исі түркінің алтын бесігі Алтайды қиыр жайлаған найман тайпасының Шыңғыс хан­нан жеңілген өткен тарихын жырмен сара­лап өтеді. Бірлік – қай уақытта болма­сын, қа­сиетті ұғым. Мемлекет мықты болуы­­ның ке­пілі – бірлікте, ішкі алауыз­дық­тан тыйы­ла білуде. Ұлы далада хан бас болса, батырлар оған қызмет қылуы тиіс. Әз Тәуке Ал­диярды халықты зар жылатқан Хиуаның ха­ны Мәмбетті тұтқындауға жұмсады. Аңға шыққан Мәмбет пен оның ажалы болып келген Алдиярдың алапат жекпе-жегін сурет­теуде ақын Төстік пен Шойынқұлақ­тың айқасындай эпикалық сарынды ой­нат­ты. Мәмбет үлек мінсе, Алдиярдың астында ат. Үлек таза қанды нар тұқымның бурасы. Түйе жануар жылқыдан тұрқы биік келеді. Көш­пелі араб нәсілі түйе мінген, шөлге жыл­қы шыдамайды, жарық дүниені жылқы­сыз елестете алмайтын қазаққа түйе көш көлігі. «Ақсақ құлан» аңызы найман-бағаналы руынан шыққан бақсы, асқан күйші Кетбұға есімін жадтан өшірмейді. Қаһарлы Шыңғыс ханның алдында Жошының өлімін күй тілімен естірткен Кетбұғаны пір тұту үзіл­ген жоқ, Махамбетпен жалғасты. Кетбұға қобыз шалған. Қобыз – көне аспап, бақсы­ның құралы, «Ақсақ құлан» күйі кейінгіге қобыз арқылы жеткен дейтұғын нұсқа қисындырақ. Маралтай Кетбұғаны поэмада мистикалық мезеттерді суреттеуде неліктен жиі келтіргені ойлантпай қалмайды. Бұл – бейсаналы һәм рухани жақындық. Мұнан Маралтай жыраулардың тұяғы екенін, өз бойын бақсылық күш билеп тұрғанын әб­ден сезінуге болар. Алдияр оны байлап алып, хан бұйрығын екі етпей, алдына әкелді. Ежелгі дәстүрде түр­кілер ерегескен дұшпанның қанын ұрт­та­ған. Әз Тәуке хан өз елін езгіге салған Мәм­бетті бауыздап, уысымен қан ішті. Адам­ды малша бауыздап, қанын ұрттаған Әз Тәукенің тағылық қылығын Алдияр батыр жақтырмапты. Жабайы қанішерлік-тің түк сүйкімі жоқ болғанымен, ол – көне ғұрып­тық-мистикалық үрдіс. Барша халық­та бар тағылық. Кольдридж (1772-1834) кө­не грек драмасы Вакх құдайға құрбан шалулар процесінде туғанын, пұт құдайға табынған халық аңыздар тудырған, соның негізінде кейіннен драма жанры пайда болғанын жазады. Ескі көп құдайға, пұтқа табынушылық дәуірлерде адамдар құрбан­дық­қа көптеп шалынған. Көктен көк қош­қар түсірген таураттық аңыз ортодокс дін­­дер­дің адам баласына мейірін айғақтай­ды. Маралтай этнопсихологиялық детальды жасырып қалмаса, бұған адамзат тарихын­дағы небір қиянатты, небір кекті мезеттер куә. Үшінші бөлімде Алдиярдың ел ұйыт­қысына айналғаны сөз болған. Поэманың кей тұсында фольклорлық эле­менттер молайып, реалистік тінінде босаң­дық кететіні бас кейіпкерге қатысты тарихи детальдардың аздығынан деп білемін. Ағайындарымен бір ауыл болып топтасып отыр­ған Алдиярдың үйіне жоңғар қонтай­шысы екі ноянын қарусыз, елші етіп жіберді. Ол қазақ салтымен қос ноянды қонақ қыл­ды. Ертесі батыр Әз Тәукеге қонтайшының татулыққа шақырған бітімгершілік сөзін жеткізбекке, оның шешімін алып келмекке хан Ордасына аттанды. Алдиярдың аңғал әрі адал ер екеніне осы әрекеті айғақ. Әз Тәу­кенің стратег, көреген екенін екі қазақ­тың арасында туған шиеленіс, бекер қақты­ғыс растайды. Расында екеуінікі де дұрыс. Үйіне келген құдайы мейманға жамандық жасау түрік, Қап тауы халықтарында өлім­мен тең. Цеван Рабдан жіберген қос ноянды Алдияр батыр еліне аман-есен аттандырмаса сүйегіне қара таңба түспек. Дұшпан болсын бір табақтан ас ішкен, қорғансыз, қарусыз елшілерді өлтіртіп қарап отыруға ары шы­дамас. Әз Тәуке жоңғар-қалмақ жағының бітім­гершілігіне сенбейді. Бұл уақыт ұтуға болмаса ішіне бүккен бір қулығы бар амал болуы мүмкін. Ол Алдиярға жауды аяған жара­лы, кәпірге сенбе, «Аңғалдық деген жауы бар, Батырдың жетер түбіне» дейді. Тәуке ханның сөзі негізсіз емес болғанымен, Алдияр оның қонтайшы жіберген екі елшінің бастарын ал, өлтір деген бұйрығына үзілді-кесілді қарсы шығады. Оқиға қонтайшы қазаққа іріткі са­лып, арандатқандай лезде дра­ма­лық сипатпен құбылды. Әз Тәуке тілін алмай қасарысқан Алдияр батырдың ауы­лын шабуға жасақ жіберді. Тәукеге қарсы шығуға қиналса да, Ер Алдияр мәрттіктен, кісіліктен танбады. Елшілерді жанталаса қорғауға, елшіні өлтірмейтін дәстүрді сақ­тап, еліне аман жіберуге бекінді. Кульминациялық өткір мезет, иманға ұйыған, елдік дәстүрді қастерлеп, адам­шылық қасиет үшін құрбан болуға даярлық, «ердің екі сөйлегені – өлгені» деп білетін далалық көкжал мінез. Қанға біткен тектілік кие көк бөріні тотем қылған қазақ­тан айныған жоқ. Әттеген-ай, дұшпан жақ қарсылас жақтың тамырын басуға келгенін бірі ұқпай, бірі ұғып, өзді-өзі шайқасып кет­кен қазақтар біраз шығынға ұшырады. Шайқаста Алдиярдың кенже інісі жаужүрек Майлан мерт болды. Ел аузында өжет інінің айқасқа отқа ұшқан көбелектей көзсіз түсіп кететін өр мінезін қауіп көріп, «Майлан, ажа­лың сенің қайдан?» деп Алдияр ағасы айт­қан бір ауыз сөз сақталған. Ақыры қос арыстан Әз Тәуке пен Ал­дияр батыр татуласты, жаугершілікте бірле­се ел қорғады. Халық даналығы «Ханда қы­рық кісінің ақылы бар» дейді. Ақыры Әз Тәукенің өз батырына «дұшпанға сенбе» дегені шындыққа айналды. Қалмақтың бір ерін жеңіп, екінші мықтысымен айқас үс­тін­де қапияда сырттан атылған жау оғынан өлді. Жекпе-жекте бұлай өлтіру – қиянат. Маралтай шайқас алдында кейіпкері түс көргенін, түсінде Кетбұға ертіп бара жатқан өзіне-өзі сұқтана қарағанын бер­ген. Қарттық жасқа жеткен Алдияр ұрыс­тан тірі қайтпасын білсе де, ажалдан тайын­бады. Баяғыда қан майданда шайқа­сып өлуді ерлер бақ санаған. Жыраулар поэ­зиясында үнемі пафосты жырға өзек бол­ған ақ өлім, ел үшін шейіт болу дәріп­телді. Алдияр Елеукеұлы (1641-1712) – қазақ-қалмақ шайқастарында 1696, 1698, 1701, 1710 жылдарда аттан түспеген, бес қаруын асынып ел қорғаған айтулы ер. Оның ар­дақ­ты есімі садыр руының ұранына айнал­ған. Ұрпақ ұмытпас үшін, ел іргесі берік болуы үшін көсемдер мен батыр­лардың аты жадтан өшпеуі тиіс. Әдебиеттің зор міндеті – елдік құндылықтарды лайық­ты ұлықтай білу.

Айгүл КЕМЕЛБАЕВА, жазушы, «Дарын» мемлекеттік жастар сыйлығының лауреаты