Алматы алда келеді
Алматы алда келеді
Ауруды емдегеннен гөрі алдын алу тиімді екені – ғасырлар бойы дәлелденген тәсіл. Ол туралы қазақ халқы «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» деген. Демек, жаһанды жайпаған коронавируспен күресудің ең пайдалы жолы – коронавирусқа қарсы вакцина жасату.
Коронавирусқа қарсы алғашқы вакциналар өткен жылы пайда болса, биыл әлем бойынша вакцина алу ісі өте қарқынды жүріп жатыр. Ал елімізде, оның ішінде Қазақстандағы ең ірі мегаполис − Алматы қаласында тұрғындардың вакцина алуы кейінгі айларда өте белсенді түрде өтіп жатыр.
Мәселен, осы жылдың оныншы қазаны күні 1 755 Алматы тұрғыны вакцина салдырды. Онда ковидке қарсы екпенің І компонентін 814, II компонентін 941 адам алған.
Еліміз бойынша вакцина салдырғандар санын есептегенде Алматы қаласы алдыңғы орында келеді. Биыл 1 ақпан мен 10 қазан аралығында қалада 967 298 тұрғын вакцинаның бірінші компонентін, 896 069 адам екінші компонентін салдырған. Ал вакцина алғандардың 119 290-ының жасы 60-тан асқан екен.
Қалада 160 вакцина жасау пункті жұмыс істеп тұр. Онда 1 028 адамнан тұратын 237 егу бригадасы бар. Сондай-ақ медицина ұйымдарында, мектептерде, мәдениет, спорт объектілерінде, ірі базарларда вакцинация пункті бар.
Статистикаға қарасақ, Алматыда вакцина салдыру күн сайын ерекше қарқынмен жүріп жатқанын көруге болады. Тіпті әр күн сайын вакцина салдырудың қатары артып жатыр. «11 қазан күні 4 907 алматылық вакцина салдырды. Коронавирусқа қарсы екпенің І компонентін 1 899, II компонентін 3008 адам алды. Вакцина салдырғандар саны бойынша Алматы қаласы алдыңғы орында. Биыл 1 ақпан мен 11 қазан аралығында қалада 969 376 тұрғын вакцинаның бірінші компонентін, 899 300 адам екінші компонентін салдырған. Олардың ішінде 119 333 адамның жасы 60-тан асқан», – деп хабарлады басқармадан. Қалада 160 пункт жұмыс істеп тұр. 1 028 адамнан тұратын 237 егу бригадасы бар. «Қазір медицина ұйымдарында, мектептерде, мәдениет, спорт объектілерінде, базарлар мен қаланың СОСО-да вакцинация пункті жұмыс істей-ді», − дейді Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі. Қараңыз, қазанның оны күні 1 755 адам вакцина салдырса, 11-і күні 4 907 адам вакцина алған.
Алматы әкімі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен коронавирус инфекциясының таралуына қарсы іс-қимыл жөніндегі жедел штаб отырысында шаһар басшысы вакциналаудың әсері аурудың бетін қалай қайтарып жатқанын нақты дәлелдермен айтқан болатын. Бақытжан Сағынтаев: «Қабылданған жүйелі шаралар мен халықты вакциналаудың арқасында дерттің апталық көрсеткіші 100 мың тұрғынға шаққанда 169-дан 134,6-ға дейін төмендеді. Жыл басынан 10 қазанға дейінгі кезеңде 154,7 мың КВИ жағдайы тіркелді. Соңғы тәулікте вирус 326 адамнан анықталды. Өткен аптада жұқтыру индексі 0,94-тен 0,89-ға дейін төмендеді», − деп, бұл жөнінде жүргізіліп жатқан шаралардың жақсы нәтиже беріп жатқанын айтты.
Қаланың Санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің деректері бойынша Алматы халқының иммундық дәрежесі 54 пайызға жуықтаған. Қала тұрғындарының ресми санының 45 пайызы және жыл басынан бері ауырғандардың 7 пайыздайы вакцинаның екі компонентін алып үлгерген. Бұл салынып жатқан вакцинаның тиімділігін көрсетеді.
Қазір ресми статистика бойынша елімізге 14,8 млн вакцина әкелінсе, соның
7 миллионға жуығы салынды, ол – ел тұрғындарының 36,8 пайызы. Демек, азаматтарымызға вакцина салу ісін жеделдете түсу уақыт талабы десек, бұл істе Алматы қаласы өзге өңірлерге үлгі болып отыр деуге болады. Қазірдің өзінде қала халқының тең жартысына жуығы вакцина алып, салдырғандар саны 1 миллионға таяды.
Ауырғандардың жас құрамын салыстырмалы талдау кезінде соңғы 2 аптада 20 мен 60 жас аралығындағы адамдар арасында жұқтыру бір қалыпта десек, 14 жасқа дейінгі балалар мен жасөспірімдердің сырқаттануы бір пайызға төмендеген. Соңғы аптадағы көрсеткішке қарасақ, өзін-өзі жұмыспен қамтыған және жұмыс істемейтін азаматтарда ауру жұқтыру көбірек болған, ал бұл жағдай мектеп оқушылары арасында 3 пайызға, мектеп жасына дейінгі балаларда бір пайызға төмендеген. Мұның бәрі Алматы қаласы бойынша жүргізілген вакциналау ісінің оң нәтижесін көрсетеді.
Қауіптің беті қайтты деп арқаны кеңге салуға болмайды, сондықтан осыны мықтап ескерген Алматы қаласының басшысы Бақытжан Сағынтаев жедел штаб отырысында вакцинация бойынша түсіндіру жұмыстарын әлі де күшейте түсуді, білім беру орындарындағы эпидемиологиялық ахуалға мониторингті үзбей жалғастыруды, қаланың барлық аумағында шектеу шараларының сақталуын қатаң бақылауды тапсырды. Сондай-ақ шаһар әкімі Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасына тұмау мен ковидке қарсы вакцинацияға қарсы жұмысты одан әрі жалғастыруды тапсырды.
Тәртіп болмаса ешбір істің алға баспайтыны белгілі. Жаһандық пандемия жағдайында індетке қарсы күресте Алматы қаласы белсенділікпен көзге түсіп, халықтың саулығына зиян келтіретін әрекеттердің алдын алып жатыр. Мәселен, қаладағы мониторинг топтары 4-10 қазан аралығында 195 рейд жүргізіп, сол арқылы қала аумағындағы 24 объектіде карантин шектеулерінің бұзылғанын анықтады. Ол бойынша 106 хаттама толтырылды, оның ішінде заңды тұлғаларға 7 млн теңгеден астам сома көлемінде айыппұл салған 21 хаттама жасалды. Маска режимін бұзғаны үшін жеке тұлғаларға қатысты 3,7 млн теңге көлемінде шара қолданылып, 85 хаттама толтырылды.
Ashyq жобасы бойынша осы жылдың 29 қыркүйегі мен 5 қазаны аралығында жобаға қатысатын объектілердегі 171 келушіде қызыл мәртебе, сары 37 келушіде анықталған. Сондай-ақ 4-8 қазан аралығында қызыл мәртебесі бар 114 жеке тұлғаға өзін-өзі оқшаулау режимін бұзғаны үшін 30 АЕК айыппұл салынды.
Ахмет ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ