Жаңалықтар

Қалдықсыз технологияның «қара сарбазы»

ашық дереккөзі

Қалдықсыз технологияның «қара сарбазы»

Шыбындар экологиялық мәселелерді шешуге көмектесуде. Ғылыми атауы – Нermetia illucens, ал адамдар арасында «қара сарбаз» деп аталатын шыбынның дернәсілдері органикалық қалдықтарды табиғи таза тыңайтқышқа айналдырып қана қоймай, ақуыздарға бай құрама жемдерді жасауда таптырмас дүние болып табылады. Бүгінде әлемнің көптеген елдерінде Оңтүстік Америкада кездесетін қара шыбынның құрттарын өндіру қарқынды өсіп келеді. Университетіміздегі Ғылыми-технологиялық паркте қазіргі таңда дәл осы шыбындардан агросекторға өте тиімді өнімдер дайындау жолға қойылған. Оқу ордасындағы технопарк инженері Ермек Тауасаровтың айтуынша, бұл бірден үш өзекті мәселені шешуге мүмкіндік берді: біріншіден, органикалық қалдықтарды кәдеге жарату; екіншіден, экологиялық таза органикалық тыңайтқыштар алу және көкөніс пен жемістер, тіпті дәнді дақылдардың сапасын арттыру; үшіншіден, ақуыздарға бай өнім алу. Мұндай әмбебап тыңайтқыш жылыжай фермалары мен гүл сататын дүкендерде жоғары сұранысқа ие. Құрттарды әртүрлі үй жануарларына, одан бөлек, балық, қосмекенділер мен бауырымен жорғалаушылар, сонымен қатар құстар мен кеміргіштердің кейбір түрлеріне жем ретінде пайдалануға болады. «Қара сарбаз» шыбынының дернәсілімен қоректенген үй құстары жұмыртқаны 15-20 пайызға артығырақ табады және ауырмайды. Тіпті енді ғана жұмыртқаны жарып шыққан балапан да бірінші күннен бастап осы құрттармен тамақтана алады. Ірі қара малдың азығына қара сарбаз шыбынының дернәсілін ұнтақтап араластырса, дертке шалдығуы азайып, сүт өнімділігі артады. Мұндай малдың еті де құнарлы болмақ. Өйткені құрттардың денесінде барлық аминқышқылдар, соның ішінде лизин және метионин сияқты биологиялық құнды заттар бар. Сондай-ақ аталмыш құрттардың биомассасы ферменттерге, дәрумендерге және пайдалы микроэлементтерге бай.