Қалдықсыз технологияның «қара сарбазы»

Қалдықсыз технологияның «қара сарбазы»

Қалдықсыз технологияның «қара сарбазы»
ашық дереккөзі

Шыбындар экологиялық мәселелерді шешуге көмектесуде. Ғылыми атауы – Нermetia illucens, ал адамдар арасында «қара сарбаз» деп аталатын шыбынның дернәсілдері органикалық қалдықтарды табиғи таза тыңайтқышқа айналдырып қана қоймай, ақуыздарға бай құрама жемдерді жасауда таптырмас дүние болып табылады. Бүгінде әлемнің көптеген елдерінде Оңтүстік Америкада кездесетін қара шыбынның құрттарын өндіру қарқынды өсіп келеді.

Университетіміздегі Ғылыми-технологиялық паркте қазіргі таңда дәл осы шыбындардан агросекторға өте тиімді өнімдер дайындау жолға қойылған. Оқу ордасындағы технопарк инженері Ермек Тауасаровтың айтуынша, бұл бірден үш өзекті мәселені шешуге мүмкіндік берді: біріншіден, органикалық қалдықтарды кәдеге жарату; екіншіден, экологиялық таза органикалық тыңайтқыштар алу және көкөніс пен жемістер, тіпті дәнді дақылдардың сапасын арттыру; үшіншіден, ақуыздарға бай өнім алу. Мұндай әмбебап тыңайтқыш жылыжай фермалары мен гүл сататын дүкендерде жоғары сұранысқа ие. Құрттарды әртүрлі үй жануарларына, одан бөлек, балық, қосмекенділер мен бауырымен жорғалаушылар, сонымен қатар құстар мен кеміргіштердің кейбір түрлеріне жем ретінде пайдалануға болады. «Қара сарбаз» шыбынының дернәсілімен қоректенген үй құстары жұмыртқаны 15-20 пайызға артығырақ табады және ауырмайды. Тіпті енді ғана жұмыртқаны жарып шыққан балапан да бірінші күннен бастап осы құрттармен тамақтана алады. Ірі қара малдың азығына қара сарбаз шыбынының дернәсілін ұнтақтап араластырса, дертке шалдығуы азайып, сүт өнімділігі артады. Мұндай малдың еті де құнарлы болмақ. Өйткені құрттардың денесінде барлық аминқышқылдар, соның ішінде лизин және метионин сияқты биологиялық құнды заттар бар. Сондай-ақ аталмыш құрттардың биомассасы ферменттерге, дәрумендерге және пайдалы микроэлементтерге бай.  width= Ермек Қамбарұлының айтуынша, «қара сарбаз» шыбынының дернәсілдері арқылы тыңайтқыш алу Еуропа мен Ресейде соңғы он жылда ғана белең алып келеді. Бұған дейін Америка, Индонезия, Қытай және Жапонияда осы технология кеңінен пайдаланылған. Бұл құрттар пластмасса, темір және полиэтиленнен бөлек, кез келген органикалық қалдықты қорек ретінде пайдаланады.
– Шыбындар арнаулы инсектарийде өмір сүреді. Ең басты қажеттілігі – жарық, жылу, ылғалдылық. Мұнда ылғалдылық деңгейі 70 пайыз болуы керек. Бөлме температурасы 25-28 градус деңгейінде сақталады. Одан бөлек, арнаулы құралмен үнемі су шашып отырамыз. Шыбынның жұмыртқасы құртқа айналу үшін жеті күн уақыт кетеді. Олар тамақ салынған арнайы ыдыста өседі. Қорегі 1/3 қатынаста кебек пен қалдықтардан дайындалады, – дейді жылыжай маманы Сабыр Темірбаев.
Қазір көптеген адамдар азық-түліктің экологиялық таза болуы керек екенін түсінеді. Осындай биошірінді араласқан топырақ құнарлы болып қана қоймай, өнімділігі де 2-3 есеге артады, одан да көп болуы мүмкін. Батыс елдерінде «қара сарбаз» шыбынынан алынған зоогумуста өсірілген көкөністер көңге немесе минералды тыңайтқыштарға қарағанда әлдеқайда қымбат. Табиғи таза тағам түрлерін тұтынса, экологияның теріс әсеріне қарсы тұруға көмектесетін биологиялық белсенді заттар адам бойына жеткілікті дариды.
Технопарктегі «Зоогумус өндірісі» жобасының сипаттамасында: «Тіршілік процесінде құрттар субстратты толық ақуызға (құрттарға) және түйіршікті экологиялық таза тыңайтқыш – зоогумусқа айналдырады. Дайын өнімнің көлемі субстраттың түріне және құрттардың өмір сүру жағдайларына байланысты 40-60 пайызға жетеді. Яғни бір тонна органикалық қалдықтан 400-600 келі зоогумус және 100-200 келі ақуыз массасы (құрттар) алынады. Утилизацияға әкелінген органикалық қалдықтарда құрт культурасының тіршілік әрекеті есебінен бактериялық көбею бес есе, ал патогенді микроорганизмдердің саны 28,5 есе төмендегенін атап өткен абзал. Сондықтан бұл технологияны зарарсыздандырудың биологиялық әдісі ретінде қарастырған жөн» делінген.
Қарапайым тілмен айтқанда, «қара сарбаз» шыбындарының дернәсілдерінен алынған зоогумус малдың немесе шошқаның тезегінен дайындалған тыңайтқыштарға қарағанда қауіпсіз. Өйткені екіншісінде гелминттер мен патогенді (ауру туғызатын) микроорганизмдердің жұмыртқалары кездеседі. Ал оқу ордасында дайындалатын органикалық таза тыңайтқыш мұндай зиянкестерден ада.
– Құс фермаларында ай сайын мыңдаған тонна қалдықтар шығарылады. Күніне кем дегенде 100-150 келі қалдықты өңдеу үшін 20-50 кг шыбын дернәсілі қажет. Бұл құрттар тек тағам қалдықтары ғана емес, мал мен құстың тезегін де өңдей береді. Бірақ ол кезде өсу циклі аздау болады, тез жетілмейді. Өйткені тезектің құрамында аммиак, азотты қоспалар көп. Өсіп жетілген құрттар қуыршаққа айналып кебеді. Қазіргі таңда қоректік зат ретінде әртүрлі қалдықтармен тәжірибе жасап жатырмыз. Мысалы, нанды кебекпен араластырып бергенде құрттар тез өсіп жетілетінін байқадық. Зоогумустың басты артықшылығы – оның құрамында макро, микро элементтер көп әрі концентрациясы өте жоғары. Мысалы, 10 литр суға 20-40 гр зоогумус салсаңыз жеткілікті. Тағы бір айта кетерлігі, жергілікті шыбындармен салыстырғанда «қара сарбазда» токсинді заттар болмайды. Өйткені олар тек сумен қоректенеді, – дейді Ермек Тауасаров.
Ғалымдардың құстарға, шошқаларға, балықтарға, егеуқұйрықтарға және басқа заттарға жүргізген зерттеулері құрттардың ұны тағамдық құндылығы жағынан ет пен сүйектен және балық ұнынан кем түспейтінін көрсетті. Бұл ретте тамақ өнімдерінің шығындары 40 пайызға дейін қысқарып, өзіндік құны 33 пайызға дейін төмендейді. Мамандардың айтуынша, шыбын дернәсілінен алынған зоогумуста өсімдіктер тікелей сіңіретін көптеген қоректік заттар, дәрумендер, антибиотиктер, аминқышқылдар мен пайдалы микрофлора жинақталған. Ол топырақтың физика-химиялық қасиеттерін жақсартады. Әрі қоректік заттардың шайылып кетуіне жол бермейді, зиянды тұздар мен фитотоксикалық элементтердің, радионуклидтер мен ауыр металдардың әсерін азайтады. Топырақтың құнарлылығын қалпына келтіру қабілеті бойынша бір тонна зоогумус 15 тонна көңді алмастырады. Мәселен, бір гектар алаңға 3-6 тоннасы жеткілікті. Зоогумустың артықшылығы – бұл өрістерде арамшөптердің көбейіп кетуіне жол бермейді. Ал кәдімгі көңді тыңайтқыш ретінде пайдаланса, сол жердегі арамшөптердің үлесі 30 пайызға артады.

Сонымен қатар зоогумустағы гумин қышқылдарының мөлшері қарашірікке қарағанда 1,5 есе жоғары, биогумуспен салыстырғанда фульво қышқылдарының мөлшері төрт есе көп. Мұндай тиімді технологияны ауыл шаруашылығында пайдалану бірнеше түйткілді мәселенің түйінін шешпек. Біріншіден, полигондарға тоғытылып жатқан тұрмыстық қалдықтарды азайтса, екіншіден, химикаттармен ластанған аграрлық аймақтар мен ағын суларды табиғи қалпына келтіруге мүмкіндік тумақ.

Кәмила ДҮЙСЕН