Тынысы ашылып, тіршілігі қызған өңір

Тынысы ашылып, тіршілігі қызған өңір

Тынысы ашылып, тіршілігі қызған өңір
ашық дереккөзі

Осыдан 6 жыл бұрын Шымкент қала­сының аумағы кеңейіп, халық саны кө­бейген тұста төртінші аудан құрылған бо­латын. Ол кезде Шым­кент қаласы Оң­түс­тік Қазақстан облы­сының орталығы еді. Облыс әкімдігі мен мәслихатының «Шымкент қаласында төртінші ауданды құру және қала ау­дандарының шекара­ларын белгілеу туралы» бірлескен қау­лысы мен шеші­міне сәйкес төртінші ау­данның атауы Қа­ратау ауданы болып бе­кітілді. 2015 жыл­дың сәуір айынан бас­тап әкімдік ап­параты толық құрамда жұ­мысын бас­тады.

Басты мәселе – шалғай ауылдардың инфрақұрылымы

Аудан әкімі Абзал Әліқұлов қалаға кейін қо­сылған және жаңадан бой көтерген ша­ғы­наудандар мен тұрғын алаптарының инф­ра­құры­лым мәселелері әу бастан да қиын бол­ға­нын айтады. Әсіресе, әлі де ауызсу, табиғи газ және жарық, жол мәселелерінің түйіні ше­шілмеген елді мекендер бар. Алайда мұның бар­лығы да рет-ретімен шешімін тауып ке­леді. Ал бұдан бөлек, Қаратау ауданында көз тар­тар көркем ғимараттар орналасқан. Жаңа қала бой көтеріп келеді. Қала бойынша құры­лыс жұмыстарының 60 пайызы Қаратау ауда­нын­да жүргізіліп жатыр екен. Әсіресе, мем­ле­кеттік бағдарлама аясында қолжетімді тұр­ғын үй құрылысы қарқынды. BІ-group, «Отау-строй», «Оңтүстікқұрылыссервис» ком­­­паниялары салып жатқан тұрғын үй кешендері жаңа шағынаудандарда бой кө­теріп жатыр. Пайдалануға беріліп жатқан тұр­ғын үйлердің саны жыл сайын артып ке­леді. Мәселен, былтыр 537 616 шаршы метрлі тұрғын үйдің кілті табыс етілсе, алдыңғы жылы оның саны 40 пайызға төмен болатын. Бүгінде аудан аумағында орналасқан 24 елді мекенде 247 мыңнан астам халық тұрады. Аудан көлемі – 32,256 гектар. Жоғарыда атап өт­кен­дей, аудан аумағындағы шалғай өңір­лер­де инфрақұрылым жағдайына баса назар аударылған. Аудан әкімі бүгінде осынау жұ­мыстардың қаншалықты деңгейде атқарылып жат­қанына көңіл бөлді. Абзал Шымкентбайұлы бүгінде аудандағы 47 202 жеке тұрғын үйдің 36 324-і тәулік бойы сапалы ауызсумен қамтылып отыр­ға­нын жеткізді. Ал 5 937 тұрғын үй кесте бойын­ша, 4 941 үй тасымал сумен қам­ты­лып­ты. Елді мекендерді таза ауызсумен қамту бойынша Көмешбұлақ су жинақтаушысынан Тұран шағынауданы айналма жолына дейінгі ау­мақтағы 2 ниткалы суаққы құрылысы был­тыр мамыр айында басталған. «Сарыағаш-Аман» ЖШС жүргізіп жатқан құрылыс келесі айдың соңында пайдалануға беріледі. Ал, Тассай тұрғын алабын ауызсумен қамту жұ­мыс­тары 2018 жылдың соңында басталып, биыл ел игілігіне ұсынылған. Бұдан бөлек, қазір Тұран, Достық, Азат, Асар-2, Нұртас шағынаудандары мен Қайнарбұлақ тұрғын алабының Жаңақұрылыс аумағына сапалы ауызсу беру жұмыстары жүріп жатқан. Аудан­да осынау жұмыстар аяқталса, аймақтың сапалы ауызсумен қамтылу көрсеткіші 83 пайыз болады. Сонымен қатар ауызсуды қам­туды қажет ететін 6 елді мекен «Шымкент қала­сын дамытудың 2020-2023 жылдарға арналған іс-шара жоспарына» енгізілген. Аудан тұрғындарының 78 пайызы қала­лық Энергетика және коммуналдық шаруа­шылық басқармасы мен «Оңтүстік Жарық Транзит» мекемесінің балансындағы орталық электр жүйесін қолданады. Ал 21 пайыз тұрғын жеке меншіктегі электр трансфор­маторлары арқылы электр жарығын пайдала­нып отыр. Бүгінде Тұранда, Достықта, Тассай­да және Қайнарбұлақ шағынауданында электр желілерінің құрылысы жүріп жатыр. Ал 47 202 тұрғын үйдің 34 833-і табиғи газ­ды тұтынады. 12 мыңнан аса үй жылу үшін қатты отын пайдаланады. Елді мекендерді табиғи газбен толық қамту жоспарларына сай қазір бірқатар ауылдарда газ құбырының құрылысы жүріп жатыр. Жыл соңына дейін біраз құрылыс аяқталып, тұрғындар игілігіне ұсынылғанда ауданды табиғи газбен қамту 85 пайызға жетпек.

Спорт алаңқайларына ден қойылған

Шыны керек, соңғы жылдары жол салу жұмыстары қарқынды жүріп жа­тыр. Биыл аудан аумағындағы Ақжайық, Азат, Бозарық, Нұртас, Асар-2, Қайтпас шағынаудандары мен Сайрам, Шапырашты, Орманшы, Мәртөбе, Қайнарбұлақ, Өтеміс, Таскен, Достық, Тассай тұрғын алаптарында­ғы ұзындығы 42,3 шақырым 38 көшеге орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Қазір аудандағы жалпы ұзындығы 61 шақырым көшелерге шағал тас төсеу жұмыстарына қаржы қаралып, Қайнарбұлақ тұрғын алабы мен Асар-2, Достық, Тұран шағынаудандарында шағалтас төсеу жұмыс­тары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар қо­сым­ша 52,5 шақырымға шағал тас төсеуге ұсы­ныс жолданған. Қаратау ауданы аумағында 439 көп-қабатты тұрғын үй 159 аулаға біріктірілген. Биыл осынау аулалардың 32-не қосымша ба­лалар ойын және спорт алаңқайын салу жұмыстары жоспарланып, мемлекеттік акт алынған. Қазір 7 аула мен 1 елді мекенге балалар ойын алаңқайын салу жұмыстарына қаржы қаралып, құрылысын жүргізуді жеңіп алған мердігер мекемелер жұмыстарын бастап кетіпті. Жуырда Шымкент қаласы мәслихат сес­сия­сында Тұран, Ақжайық және Асар шағын ауданындағы 39 үйге қарасты 21 аулаға ба­лалар ойын алаңқайы мен жаттығу трена­жер­ларын орнатуға қаржы қаралыпты. Қазір құжат­тандыру шаралары жүріп жатыр. Одан бөлек, көпфункционалды 25 ашық спорт алаңқайын салуға 479,7 млн тенге, 2 әмбебап спорт алаңқайын салуға 116,1 млн тенге қаралып, Мемлекеттік сатып алу бас­қармасы тарапынан конкурс өткізілуде. Бұдан өзге демеушілер есебінен де ашық спорт алаң­қай­ларын салу қарқын алды. «Ауданда бейберекет қоқыс жиналуына жол бер­меу мақсатында тұрғын­дарға қатты тұр­мыс­тық қалдықтарды шы­ғара­тын мекеме­лермен келісімшарт түзу қажет­тігін айтып жатырмыз. Нәтижесінде, тұрғын­дардың 99 пайызы келісімшартқа отырды», – дейді Абзал Әліқұлов. Аудандағы 481 көпқабатты тұрғын үйдің 384-і орталық жылу жүйесіне қосылса, 97-і автономды жылуды тұтынады. Атап өтейік, көпқабатты тұрғын үйлерге 6 сервистік мекеме қызмет көрсетеді екен. Олар кіре­беріс­тер мен баспалдақтарды тазалау, жер­төледегі жиналған суды шығару, үй ауласын тазалау, жертөледегі инженерлік жүйелерді күтіп-ұстау жұмыстарын атқарады. «Сонымен қатар «Тұрғын үй қатынастары туралы» заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізілуіне байланысты тұрғындарға тұрғын үйлерді басқару жүйесін, «Мүлік иелерінің бірлестігін» немесе «Қарапайым серіктестік» құру қажеттігі бойынша түсіндірме жұмыс­тары жүргізілді. Нәтижесінде, қазір 9 мүлік иелерінің бірлестігі және 183 қара­пайым серіктестік құрылды», – дейді аудан әкімі.

Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы