Әдебиет

Мұзбалақ Мұқағали

Биыл – Мұқағали жылы. Қашаннан қазаны ортай­маған қазыналы қазақ поэзия­сындағы құбылыс, мұзарт шың, мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаевтың туғанына – 90 жыл. Жыл басынан бері ақиық ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған, оның өлмес мұраларын арқау еткен түрлі әдеби, мәдени, рухани шаралар еліміздің мәдениет ошақтарында, оқу орындарында, барлық дерлік ауыл-аудандарында көптеп ұйым­дастырылып, өткізіліп жатыр. Мақатаев жылының лайықты қорытындысы оның туған өлкесі – Нарынқол жерінде, Қарасаз ауылында жасалды. Қазан айының алғашқы күндері Мұқағали тойы осы өңірде дүбірлеп өтті. Үш күн бойы Хантәңірі сынды сұңқар биігі, Шарын шатқалы сынды ғажайып таби­ғат ескерткіші, Шалкөде сынды жасыл жайлауы, Ақбұлақ сынды бал қайнарымен әйгілі әсем өлкені Мұқағали Мақатаевтың асқақ рухы кер­неді. Үш күн бойы ән мен жыр бір толастамады, ақынның өлмес өлеңдері көптеп оқыл­ды. Жыл ішінде жарияланған түрлі байқаулар, жыр бәйгелері сәтімен қоры­тын­дыланды. Аудан орталығы Нарынқол кентінде ақын ескерткіші бой көтерді.

1633261247 3

«ҚАРАСАЗ КӨШЕЛЕРІ»

Қарасаз, қара шалғын өлеңде өстім,
Жыр жазсам оған, жұртым, елеңдестің.
Өлсе өлер Мұқағали Мақатаев,
Өлтіре алмас, алайда, өлеңді ешкім!
М.Мақатаев

Жалпы М.Мақатаевтың 90 жылдық торқалы тойына дайындықты Алма­ты облысы өткен жылдан қолға алған екен. Мерейтойды кең көлемде, өз дәре­же­сінде атап өтуге жергілікті бюджеттен қо­мақ­ты қаржы қарастырылыпты. Айтулы ша­раға орай құрылған арнайы жұмыс то­бына облыс әкімі Амандық Баталов өзі бас­шылық етіп, бар жұмысты бақылауында ұс­таған. Құрылыс және көркейту жұмыс­тары­на ерекше мән беріп, олардың сапалы атқарылуын қатаң қадағалаған.
Соның нәтижесінде Қарасаз ауылын­дағы ақын музейіне, мәдениет үйіне, А.Барманбекұлы атындағы орта мектепке жөн­деу жұмыстары жүргізіліп, аталған ны­сандар жаңа кейіпке еніпті. Елді мекеннің ор­талық көшелері, орталық алаңы абат­тан­дырылып, көше шамдары орнатылыпты. Ауызсу жүйесі «Ауыл – ел бесігі» бағдарлама­сының аясында республикалық бюджеттен бөлінген 427,1 миллион теңгеге қайта жаң­­ғыртудан өткізіліп жатыр екен. Ауылға кіре­берістегі «Жастар саябағы» абаттан­дырыл­ған. Іргелес Сарыжаз ауылында Райымбек батыр ескерткішінің маңы көр­кейтіліп, ескерткіш жанындағы су жүйесі жөн­деуден өткен, ауылдың орталық көше­лері көз тартар көркем қалыпқа келтірілген.
Қарасаз ауылында өнер мектебін салу да мерейтой аясындағы маңызды бас­тамалардың бірі көрінеді. Қазір ны­сан­ның жобалық-сметалық құжаттары әзір­леніп жатыр.
Биыл аумағы 3 гектар Мұқағали атын­дағы жаңа саябақтың құрылысы бас­талған. Құны 374,5 миллион теңгелік жо­­бада концерттік сахна, шағын футбол алаңы, балалар алаңы, воркаут спорт алаңы, аллея, демалыс аймағы қарастырылған. Сол сияқты аудандық әкімдік ғимаратының жанынан шағын саябақ салынып жатыр. Аудан­дық мәдениет үйінің алдындағы сквер мен орталық саябақ толық абаттандырыл­ған.
Міне, ұлы жерлестерінің мерей­тойы­на осындай тас түйін дайындықпен келген қарасаздықтар алыстан ат арылтып жет­кен құрметті қонақтарды зор қоше­мет­пен қарсы алды. Еліміздің түкпір-түкпірінен ке­ліп, Алматы қаласында тоғысып, ақын тойына бет түзеген әдебиет, мәдениет май­талмандары, өнер шеберлерінің салқар кө­шін Қазақстан Жазушылар одағының өкі­лі, ақын Бақыт Беделханұлы мен М.Ма­қа­таев мерейтойын ұйымдастыру комис­сия­сының белді мүшелерінің бірі Дүйсен Мағлұмов бастап жүрді. Райымбек ауданына жетер жолда атаулы меймандарды Еңбек­шіқазақ, Ке­ген аудандарының азаматтары ілти­пат­пен қарсы алып, ізетті құрмет көр­сетті. Кең дастарқан басында, дархан дала тө­сінде шал­қыған әсем ән мен келісті жыр, айтыл­ған ақжарылқап лебіздер, көкірек­терді кер­неген шат-шадыман көңіл күй ақын тойы­ның бөлек мәртебесінің бір көріні­сіндей болды.

dsc 1805
Той шымылдығы ауылдық мәдениет үйінде арнайы дайындалған әдеби-мәдени көркем кешпен ашылды. Алғаш бо­лып сөз алған Б.Беделханұлы «Адамдар ара­сындағы, өмірдегі, табиғаттағы жарас­тық пен келісімнің жыршысы» (Ә.Кекіл­байұлы), Абай, Мағжан, Ілияс, Қасымдардан соң, қазақ поэзиясында бір өзі бір мектеп қалыптастырған ұлы Мұқағалидың өмірі мен шығармашылығына қысқа-нұсқа тоқ­талып өтті. Содан соң осы мерейтойға орай тү­сірілген «Қарасаз көшелері» деректі филь­мі көрермендер назарына ұсынылды.
Жобаның авторы – көрерменге «Ән мен әнші» бағдарламасы арқылы жақ­сы таныс продюсер, «Қоңыр media group» компаниясының басшысы Сержан Мол­да­санұлы. Режиссері – Жандос Еспенбетов, ком­позиторы – Ермек Елгезек. Қасиетті Қара­сазды бетке алып, жолға шыққан қос жігіт – ақын туған мекеннің төл перзенті, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, М.Әуезов атындағы ұлттық театрдың әртісі Еркебұлан Дайыров пен белгілі сықақшы Олжас Сыдықбектің басты мақсаты – Қарасазда еңбектеген баладан еңкейген кәріге дейін Мұқағали жырларын жатқа оқитынын ел ішінде кең тараған қағидаға көз жеткізу. Расында, «Бабалардың баласы – қариялардан» (Мұқағали) бастап, Қа­ра­суға шомылып жүрген қарасирақ ба­лаларға дейін мұзбалақ ақынның өлеңдерін мүдірместен оқи жөнелетіні еріксіз таң­ғал­дырады, сүйсінтеді. Бұл да болса, Қарасаз хал­қының даңқты жерлестеріне деген, оның шығармаларына деген шексіз ма­хаб­баты.
Бұл күнде Қарасаз – Махамбеттің Қараойы, Абайдың Қарауылы сияқ­ты, туған халқына Мұқағалидай ұлы дарын­ды сыйлаған текті топырақ, қасиетті мекен, жоралы жұрт. Ауылдың табиғи келбеті жа­­­сандылықтан ада, шынайы берілген фи­льмнің өн бойына Мұқағали өлеңдеріне жа­зылған әндер жібек желі болып тар­тыл­ған. Бірегей туынды жөнінде ой бөліскен ақын­ның ұлы Жұлдыз Мақатаев пен келіні Ба­қытгүл Айдарова: «Балалық шағымыз Қа­расаз, Қарасу өзендерінің бойында өтті. Ки­нодағы ауыл көріністері, көшелері бізге ете­не таныс. Фильмде адам мен табиғат, қара­пайымдылық пен шынайылық шебер үйлесім тапқан екен», – дей келіп, фильмді түсірген шығармашылық топқа ризашылық білдірді.
«Еркін елдің ертеңі» атты жас ақын­дар арасында жарияланған жыр мүш­әйра­­сының қорытындысы шығарылып, жеңім­паздары мен жүлдегерлерін мара­пат­тау рәсімі болды. Жыр әлемінің есігін енді ғана ашқан жас ақындар өздерінің балауса жырларын көпшілік алдында оқып берді.
Содан соң Қазақстанның еңбек сіңір­ген әртісі Сұлушаш Нұрмағанбетова, ерлі-зайыпты Қанат-Айтгүл Құдайбер­ге­новтер, жезтаңдай әнші Өмірқұл Айниязов т.б. бастаған Сүйінбай атындағы Алматы облыстық филармониясының әртістері ән мен күйден шашу шашты.

«АЛАШ ЖҰРТЫНЫҢ АҚИЫҒЫ»

Жат жерді жастанғанда жазатайым,
Қанымен жазды, мүмкін, ағатайым.
…Қасиетіңнен, қара өлең, айналайын,
Қазақтың дәл өзіндей қарапайым.
М.Мақатаев

Екінші күнгі іс-шараларға екпін бер­ген, дәл осындай тақырыппен өткен ғылыми-тәжірибелік конференцияның тіз­гінін ақын, ғалым, филология ғылым­да­рының докторы Бауыржан Жақып ұстады. Қа­зақстан Жазушылар одағы басқар­ма­сы­ның төрағасы, ақын Ұлықбек Есдәулет құт­тықтау сөз сөйлеп, М.Мақатаевтың қа­зақ әдебиетінде алатын орнына, өзінің шы­найы шығармашылығымен халқының зор ықыласына бөленген ақиық ақынның өл­мес туындыларының мән-маңызына тоқ­талды. Жазушылар одағының, барша қауым­ның атынан ақынның ұлы мен келіні Жұл­дыз бен Бақытгүлге, сондай-ақ ақын қыз­дары Алмагүл мен Шолпанға лайықты сый-құрмет көрсетті.
Конференцияда негізгі баяндаманы «Мұқағали» журналының бас ре­дак­торы, жергілікті қаламгер Батық Мәжитұлы жасады. Одан кейін алыс-жақыннан келген ақын-жазушылар, маман-ғалымдар кезе­гі­мен сөз алып, М.Мақатаевтың өмірі мен шы­­ғармашылығының қырлары жайында жан-жақты сөз қозғап, ой өрбітті. Атап айт­қанда, ТҮРКСОЙ ұйымының өкілі Атагелді Күл­тегін, Қазақстан Республикасы Пар­ла­ментінің депутаттары, қаламгерлер Нұртөре Жүсіп, Жанарбек Әшімжан, белгілі сыншы Амангелді Кеңшілікұлы, ақын Ханбибі Есен­қараева, журналист Рысбек Сәрсен­бай­ұлы, ғалымдар Сәмен Құлбарақ, Дүкен Мә­сім­хан, Жанат Әскербекқызы т.б. өз сөз­дерін­де сан қырлы, мол құнарлы М.Мақа­таев поэзиясының асқақ болмысына, биік дең­гейіне әр тараптан барлау жасады, бар­шаға жағымды, жұғымды, «халқының дәл өзіндей қарапайым» өлеңдерінің өмір­шең­дік сиқырына жұртшылық назарын аудар­ды. Тілші ғалымдар Б.Қалиев пен Ш.Құр­­­­манбайұлы «Мұқағали тілінің сөздігі» атты то­лымды еңбектің орындалуы, басылып шығу тарихымен таныстырды.
Халқымызда: «Тау алыстаған сайын биіктей береді» деген қанатты қа­ғи­да бар. Небәрі 45 жасында өмірден озған ақиық ақынның арамыздан кеткеніне 45 жыл болса да, қалың бұқараның оған деген құр­меті, оның өлең-жырларына деген ілти­па­ты, бағасы мысқалдай да кеміген емес. Қай­та оның шығармаларына деген сұраныс жыл санап артып келеді. Өлең-дастандары, аудар­малары жаңа қырынан танылып, түрлі зерт­теу нысанына айналды. Аға буын өкіл­дері тұрмақ, кейінгі буын жастар арасында оның шығармаларын жата жастана, жатқа оқитын, өлең жолдарын үлгі-өнеге ретінде тұ­тынатын адамдар легі толастар емес. Те­гінде, «Өлді деуге бола ма айтыңдаршы, өл­мейтұғын соңында сөз қалдырған» деген сөз осындайда айтылса керек.

М.Мақатаевтың 90 жылдық мерей­тойы­на арналған іс-шаралар қатарында туған өлкесі Райымбек ауданы мен «Мұқағали» жур­­­­налы бірлесе отырып, «Білгің келсе, ал­ды­мен зертте мені» атты ғылыми-танымдық материалдарға бәйге жариялаған болатын. Ақынның рухани қазынасын ғылыми тұрғыда зерттеуді мақсат тұтқан бәйгеге елі­міздің түкпір-түкпірінен әдебиетші ға­лым­дар, жазушылар, сыншылар белсене қа­­тысты. Бәйгені ұйымдастыру алқасы аты­нан сөз алған оның төрағасы Д.Мағлұмов: «Бәй­геге түскен еңбектер қазылар алқасы тара­пынан мұқият сараланды. Мақаланың жаңа­шылдығы мен ойлылығына, көркем­дігі­не, көңілге қонатын нақты түйіндеріне же­те көңіл бөлінді» дей келіп, бәйге қоры­тын­дысын жария етті. Оның жеңімпаздары мен жүлдегерлері арнайы сертификаттармен бір­ге, қомақты ақшалай сыйлықтарға ие бол­ды.

Mukagali muzeyi
Мұқағали Мақатаев атындағы Ха­лық­­ара­лық қоғамдық қордың ат­қару­шы дирек­торы Бақытгүл Айдарова өз сө­зінде ақын­ның артында қалған мұра­лары­ның жүйе­ленуі, жариялануы, насихат­талуы жайына тоқталды. Бүгінде ел көле­мін­де М.Мақатаев атында әдеби-мемо­риал­дық музей, әдеби сыйлық, көшелер мен сая­бақтар, білім беру мекемелері т.б. бар. Бір­неше ескерткіші орнатылған. Жыл сайын ақын өлеңдері бойынша көркемсөз оқу шеберлері байқауы, көрмелер, әртүрлі фор­маттағы тағылымдық кездесулер, әдеби кеш­тер, шығармашылық сайыстар т.б. өт­кізіліп тұрады. Ақынның өз даусы жазылған бей­не және аудиотаспалар телеарна мен ра­диолардың архивтерінде сақталған. Ақын­ның өлең-жырлары үзбей, жеке кітап­тар күйінде басылып келеді. Биылдың өзін­де ақын шығармаларының 10 томдығы жа­рық көрмекші. Ақын атына арнайы жа­салған төсбелгімен бұрынырақта ақын-дра­матург Иран-Ғайып, ақын Р.Ниязбеков, ға­лым М.Жолдасбеков, жазушы-публицист Б.Ғабдуллин, сыншы А.Кеңшілікұлы т.б. ма­рапатталған екен. Бұл жолы мұндай құр­метке арқалы ақын Светқали Нұржан ие бол­ды.
Конференциядан соң сахна билігі қайтадан өнер шеберлерінің қолына көшіп, ән мен жыр әуеледі.

МҰЗБАЛАҚ АҚЫН ТҰҒЫРЫНА ТҰРДЫ

Мен сені қызғанамын,
Қызғаныштан мұз шайнап,
Тұз жаладым.
Шаңқылдап алдымнан шық, Ана қыран,
Алыстан келеді ұшып мұзбалағың…
М.Мақатаев

Мерекелік салтанаттың үшінші күні Қазақстан Республикасының Мем­ле­кеттік хатшысы Қырымбек Көшербаев бас­таған үкіметтік делегация Хантәңірі мұз­­­­балағының туған жері Қарасазда болып, ауыл тұрғындарымен кездесті. Үш күн бойы есігі бір жабылмаған ақын музейін аралап кө­ріп, оның қорына әйгілі әдебиеттанушы ға­лым Мекемтас Мырзахметов аманаттаған, ақын Светқали Нұржан алып келген ақын қо­бызын тапсырды.
Сол күні аудан орталығы Нарынқол ауы­­лындағы орталық алаңда
М.Мақа­­таев­тың еңселі ескерткіші ашылды. Ашылу рә­сі­міне Алматы облысының әкімі Амандық Баталов, Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, ҚР Жа­зушылар одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет, ақынның ұлы мен келіні Жұлдыз Мақатаев пен Бақытгүл Айдарова, ТҮРКСОЙ ұйымының өкілдері, Парламент депутат­тары, ел зиялылары және аудан жұртшы­лығы қатысты. Қоладан құйылған, тұғыры граниттен соғылған ескерткішті орнатуға об­лыстық бюджеттен 61,1 миллион теңге қарас­тырылыпты. Жұмысты мердігер ұйым «Тайқазан» ЖШС атқарған. Ескерткіштің биік­тігі – 8,2 метр, авторы – сәулетші А.Рүс­­­тем­беков, мүсіншісі – Қ.Кәкімов.

dsc 1622 kopiya
Қ.Көшербаев: «Мұқағали – қазақ жы­ры­ның асыл қазынасы. Ол – өткен мен жаңа­ның арасын жалғаған алтын көпір. Елбасы мен Президенттің бастамасымен ақынның ғасырлық тойын ЮНЕСКО көлемінде өт­кізуге ұсыныстар дайындалып жатыр. Хал­қы­мыздың рухы Мұқағали жырларындай таза, Хантәңіріндей асқақ, Көлсайдай кө­рік­ті болсын», – дей келіп, Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың арнайы құттық­тауын оқып берді.
Мұнан соң Мәдениет және спорт ми­нистрі Ақтоты Райымқұлова, Жазу­шылар одағының төрағасы, ақын Ұлық­бек Есдәулет, ТҮРКСОЙ ұйымының өкі­лі Атагелді Күлтегін Мұқағали – қазақ­тың ғана емес, тұтас түркі әлемінің, адам­зат­тың ақыны екенін атап өтіп, торқалы той­дың рухани мән-маңызын паш етті.
Облыс әкімі Амандық Баталов ше­кара­лық аймаққа көрсетілген қол­дау­ларға тоқталды: «Ақиық ақынымыз Мұ­қа­ғалидың 90 жылдық мерейтойы үлкен дең­гейде аталып өтіп жатыр. Президент тойға өз құттықтауын, көпшілікке ыстық сәле­мін жолдады. Елбасының қолдауымен 2 ау­данды бөлу арқылы Райымбек ауданы қайта құрылып, бүгінде гүлденіп жатқанын мақтанышпен айтамыз. Бұл – Тәуелсіздіктің жемісі. Қазір шекаралық аумақтағы ауыл тұр­ғындарының өмір сүру жағдайы жақ­сарып келеді, қаншама жаңа нысандар бой көтерді, жаңа үйлер салынды. 500-ден астам отбасы Нарынқолға қайта көшіп келді. Екі жарым мың жас туған жеріне оралды. Мұқағалидай ақыны бар қазақ халқы ба­қыт­ты. Ақынның рухы жас ұрпақты қолдап жүр­сін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, Тәуел­сіздігіміз тұғырлы болсын», – деді ай­мақ басшысы.
Сол күні 50 отбасына жаңа үйдің кілті табыс етілді. Нарынқол ауылында са­лына бастаған жоспарлы 83 үйдің 33-і бұған дейін пайдалануға берілген екен. Бұл жолы жобаның 3 және 4-ші кезеңдері аяқ­талып, 50 үй беріліп отыр.
Бұдан соң мерейтой орталық алаңда ақынның сөзіне жазылған әндердің гала-концертімен жалғасты.
«Жүрегінің түбіне кір жасырмай», қалың қазағымен ағынан жарыла сырласып өткен ақын Мұқағали жырлары ақ-қарасы шен­дескен аумалы-төкпелі өмірдің қай­шы­лықтары: қуаныш пен қайғыны, сағыныш пен мұңды, ерлік пен өрлікті шынайы да көркем кестелей білгенімен ерекше құнды, алабөтен құрметке ие. Сол ретте жан бала­сына жаттығы жоқ, жаны жомарт, жүрегі жұмсақ, алапат дарын иесі – ақиық ақын көкірегінен буырқана ағылған жыр жанар­таулары ақынжанды халқымызға, өлең­сүйер қауымға таусылмайтын сый, мол сы­баға болып қала бермек. Ақынның сөзі өл­месе, өзі де өлмегені. Мұқағали мұрасы, мар­жан поэзиясы – болашақ ұрпақтың мәңгілік еншісі, қастерлеп, қадірлей беретін қымбат қазынасы! Мұқағалитанушы ғалым, сын­шы А.Кеңшілікұлының сөзімен айт­қанда: «Мұқағали поэзиясы ұлттық орби­таға шығып, өзіне лайық орнын алды. Ұлы Абай сияқты енді Мұқағалидың да адам­заттың ақынына айналу ғасыры басталғалы тұр».

Жомарт ОСПАН,
Нұр-Сұлтан – Алматы – Қарасаз – Нарынқол – Нұр-Сұлтан

Back to top button