Жаңалықтар

Мерзімі өткен: «СК-Фармация» 159 млн теңгенің дәрі-дәрмегін жояды

Сенатор Андрей Лукин өзінің депутаттық сауалында Денсаулық сақтау министрлігі және оған қарасты компаниялардың қызметіндегі заң талаптарын бұзу фактілерін атады.

Сенатордың айтуынша, Денсаулық сақтау министрлігі дәрі-дәрмек және медициналық өнімдерге арналған шығындарды жоспарлағанда маңызды көрсеткіштер жоқ немесе жоғары белгіленген бюджеттік өтінім негізінде жасаған. Жұмыстағы мұндай тәсіл 66 миллиард теңгеге жуық бюджет қаражатының тиімсіз жұмсалуына алып келді.

«2020 жылы 39 нозологияға шамамен 66 млрд теңге тиімсіз жұмсалды. Онда 6 нозология бойынша 26 млрд теңге көлемінде толық қаржыландырылмау аясында заң талаптарының осылай бұзылуына жол берілген.

«СК-Фармация» ЖШС сақтау қоймаларында 2019-2020 жылдары 159 млн теңгеге сатып алынған препараттар сақтаулы, мерзімі өтуіне байланысты олар жоюға жатады. Сонымен қатар, министрлік Ұлттық орталықтың есептеулері негізінде, сондай-ақ Кодекстің 76-бабына қарамастан дәрі-дәрмектің шекті бағасын көтеріп жіберген. Нәтижесінде, дәрі-дәрмек өз құнынан 1,5 млрд теңгеге қымбатқа сатып алынды», – деді Андрей Лукин Сенаттың жалпы отырысында.

Сенатор осыған байланысты дәрілік заттарды жеткізушілер арасындағы бәсекелестікке қарсы келісімдерді әзірлеуге, пациенттер туралы мәліметтерге маңыз бере отырып анықтығын қамтамасыз етуге қатысты сұрақтарға жауап беруді сұрады.

Андрей Лукин сонымен қатар министрліктің бюджеттік өтінімін дайындау кезінде барлық медициналық ұйымдарға арналған дәрілік заттар мен медициналық бұйымдарға қажеттілікті айқындаудың бірыңғай ережесін әзірлеудің маңыздылығын атап өтті.

Back to top button