СҚО-да қандастарды қолдау орталығы ашылды

СҚО-да қандастарды қолдау орталығы ашылды

СҚО-да қандастарды қолдау орталығы ашылды
ашық дереккөзі

Солтүстік Қазақстан облысында қандастар мен елдің еңбек күші артық аймақтарынан азаматтарды қабылдау жөніндегі ақпараттық кеңес орталығы құрылды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Халықты әлеуметтік қорғау және жұмыспен қамту басқармасының тапсырысы бойынша ашылып отыр. Бұл жерде жеті адам жұмыс істеп жатырмыз. Екі қызымыз телефон қоңырауларын қабылдап, Call-орталықта отыр. Олар да өңірге бағдарламамен келген. Біреуі - Шымкенттің тумасы, екіншісі – Қытайдан оралған қандасымыз. Сондықтан олар көші-қон бағдарламасы жайында бүге-шігесіне дейін біледі. Әлеуметік желіде парақшаларымыз бар, онымен арнайы маман айналысады. Сондай-ақ психолог, заңгер жұмыс істейді, қажетті көмек береді», - дейді қандастар мен елдің еңбек күші артық аймақтарынан азаматтарды қабылдау жөніндегі ақпараттық кеңес орталығының жетекшісі Әнуар Тоқпанов.
Орталық мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс аясында құрылған.
«Оңтүстік өңірлерден қоныс аударғысы келетіндер көп. Оларға ақпараттық көмек береміз. Қандай құжаттар жинау керек, кімдерге басымдық беріледі. Қай аудандарда қоныс аударушыларға үйлер бар, мәселен, қай ауылда мұғалім немесе мал дәрігері керек. Көшіп келушілерге қойылатын талаптар бар, әрине. Ол көп балалы және мамандығының болуы. Дәрігерлерге, мұғалімдерге, ветеринарларға басымдық беріледі», - дейді Әнуар Тоқпанов. Орталық қызметкерлері сондай-ақ оңтүстік өңірлерге іссапарға шығып, тұрғындармен кездеспек. Келесі аптада Түркістан, Қызылорда облыстарына жол жүрмек. «Басқармадағылар бізге биылдыққа квотаның біткенін айтты. Біз келесі жылға көшіп келушілермен сөйлесеміз. Қоныс аударушылардың 90 %-ы орнығып қалып жатыр. Кеткендер де бар. Біріне ауа райы жақпады, денсаулығына, жұмысқа байланысты қайта көшкендер бар. Жалпы біз қандастар, қоныс аударушылар арасында сауалнама жүргіземіз. Соның нәтижесі бойынша жылдың соңында басқармаға ұсыныс әзірлейміз. Қандай мәселелер бар, неге баса назар аудару керек деген сияқты», - дейді орталық жетекшісі.