Ауғанстаннан атажұртқа...

Ауғанстаннан атажұртқа...

Ауғанстаннан атажұртқа...
ашық дереккөзі

Таяуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Ауғанстан­нан 35 қандасымыз тарихи отанына қоныс аударды. Аласапыран шақта алыстағы ағайынға қол ұшын беріп, қамқорлық таныта білгеніміз абыройлы іс екені дау­сыз. Осы ретте қандастарды елге әкелудің жай-жапсарын білу үшін еліміздің Сыртқы істер министрлігіне бірнеше сауал жолдаған едік.

Ауғанстандағы этникалық қазақтардың нақты саны қанша? Қазақстанға қоныс ау­дар­ғандардың тізімі қалай жасалды, ар­найы комиссия құрылды ма, құрылса, оның құра­мына кімдер кірді? Ауғанстандағы қан­дастардың ұлтын анықтауға қатысты біраз кедергілер туындағаны белгілі, тіпті қа­зақ екенін дәлелдей алмай жүргендер де бар. Ал Қазақстанға көшіп келгендердің қа­зақ екені қалай нақтыланды? Әлі де Ауғанстаннан қандастарды көшіріп әкелу жоспарда бар ма? Осы секілді сұрақтарды бірінен соң бі­рін тізіп жолдаған хатымызға жауапты ми­нистрліктен қысқа ғана жауап алдық. Шет елдегі қандастар ҚР елшіліктері ар­қылы қандас мәртебесін және тұрақ­ты тұру рұқсат қағазын ала алады. Бұл жұмыс «Халықтың көші-қоны туралы» ҚР Заңының 20-бабымен және Еңбек және ха­лықты әлеуметтік қорғау министрінің «Орал­ман мәртебесін беру немесе ұзарту қағи­даларын бекіту туралы» бұйрығы негі­зінде іске асады. Ауғанстандағы ҚР Елші­лігінің ақпаратына сәйкес қазір ол жақтағы этникалық қазақтың саны шамамен 200 адам. Бұл – 23 отбасы. Алайда анықтау барысында олардың қа­зақ ұлтына қатысы бары жөнінде еш­қан­дай дәлел табылмаған. «Ауғанстаннан қо­ныс аударған қандастар қай өңірлерге ор­наластырылды? Оларға қандай жағдай жа­салды? Баспа­намен қамту, жұмыс беру, секіл­ді көмек-қолдау көрсетілді ме?» деген сұра­ғымызды Еңбек және халықты әлеу­мет­тік қорғау министрлігіне бағыттаған. Ол жақ­тағы Еңбек, әлеу­меттік қорғау және кө­ші-қон комитетінің бас сарапшысы Ти­мурхан Қошымбетовтің айтуынша, Ауғанс­таннан қоныс аударған қазақтардың дені солтүстік өңірге қоныстанған. Қыр­күйек айын­да келген төрт отбасыны Ақ­мола об­лысына қарайтын Атбасар ауылы, Көк­шетау қаласы, Бурабай ауданы және Сан­дықтау ау­данына орналастырған. – Жылы өңірден келгендіктен, толық киім-кешекпен қам­тамасыз етілді. Мектеп жа­сындағы балалар дәрігер мен психо­лог­тың тексерісінен өткеннен кейін, ертеңі­не мек­­тепке қабылданды. Олармен бірге әлеу­меттік көмек көр­сететін қызметкер бе­кітілді. Жұмысқа орналасу бойын­ша да біраз мәселе шешілді. Өңірдегі өндіріс орын­дары Ауғанстаннан қоныс аударған қа­зақтарды жұмысқа қабылдап жатыр. Көк­шетау қаласындағы «Асыл арман» атты өн­діріс орны жұмыспен қамтуға көмектесті. Атбасарлықтар да Ауғанстаннан келген қандастарға екі қолға бір күрек тауып берді. Олардың мамандығы жоқ болғандықтан, әртүрлі жұмысты істеуге келісті. Мемлекет тарапынан да квота бөлініп, олар құжат жи­науды бастады. Әр отбасы мүшелеріне 205 мың теңге көлемінде бір реттік жәрде­мақы төленетін болады. Одан бөлек, бала санына және коммуналдық шығынға қарай 43 мың теңгеден бастап, 87 мың теңге аралығында қаржылай көмек тағайындал­ды. Тұрғылықты жерінің экономикасына байланысты да жәрдемақы беріледі. Жәр­де­мақылардың дені қандас мәртебесіне ие құжаты болғанда және тұрғылықты жерінің рұқсатнама қағазы дайын болғаннан кейін бе­рілетінін айтып кеткен жөн, – дейді ресми өкіл. Қазақстанға қоныс аударған ағайын­мен тілдесудің реті келмеді. Есесіне Ауғанстандағы қазақтардың жай-күйімен таныс азаматтардың пікірін сұрадық.  width=Қажы Акбар АЮБИ, Данияда тұратын қазақ:

Ауғанстан қазақтары­ның статис­тикасын дайындап жатырмыз

– Менің Ауғанстаннан шығып кет­кеніме біраз жыл болды. Жа­қын­да Ауған­станнан қазақпыз деген бір­неше адам хабарласты. Ол жақта екі түрлі қазақтар тұра­ды. Бірі – 1930 жыл­дары ата-бабасы көшіп барғандар. Олар ата-тегін, руын, ті­лін 100 пайыз сақтамаса да, қазақша сөйлейді. Екіншісі – 300 жылдан бері тұрып жатқан­дар. Олар – біздің ата-ба­ба­мыздан да бұрын барғандар. Түрлі саяси оқиғалар се­бебімен кө­шіп кеткен. Ашаршылықтан босып кеткен халық көп. Олар тәжік пен өзбектер­ден қыз алған, сондықтан тілдері де ауысып кеткен. Жүз бен руларын ғана біледі, бірақ қай бө­лім екенін білмейді. Қазір Ауғанстанда жағдай өте қиын. Ке­зінде мемлекеттік қызметте жүргендер жұмыссыз қалды. Тәліптер екі ай тегін істетіп, кейін жалақы береміз деп жат­қан көрінеді. Қызметкерлер олардың сөзіне сенбегесін, жұ­мысты, тіпті тұратын қаласын тастап, ауылдарына кетіп қал­ған. Онда тұрып жатқан қазақтар ауыл шаруашылығымен ай­налысады. Сол жұмыстың арқасында күн көріп жатыр. Тал­қан деген қазақ көп шоғырланған жер бар. Ауғандар «Та­лыған» деп атайды. Оның негізгі аты – «Толық қан». Соғыс ке­зінде адам шығыны көп болғандықтан, аймаққа осындай атау берген. Қазір Ауғанстандағы қазақтармен байланыс ор­наттық. Қанша ауылда қанша қазақ қалғаны туралы ста­тистика жасап жатырмыз. Бірқатары Мемлекет басшы­сының қолдауымен тарихи Отанға оралды, олар қазақ бауыр­ларымен араласып, бейімделіп кетсе құба-құп. Одан бөлек, Қазақстан университеттері студент­терді қабылдаса, ата-бабадан қалған мәде­ниетті қалыптастыруға үлес қосар едік деген тілегі бар. Қазір «Ауғанстан қазақтары» деген қо­ғам­дық ұйым құрылды. Күні кеше олардың үшінші отырысы өтті. Ол отырыста ата-баба мәдениетін қалай дамытамыз, алыс-беріс мәселесі қалай шешіледі деген мәселелер талқыланды. Көп қазақ Ауғанстанның шет ауылдарында тұрады. Қазақстан өз азаматтарын алып кетіп жатқанын бірі білсе, бірі білмейді. Мысалы, ел астанасы Кабулдан 500 шақырым жерде орналасқан Мазар деген ауыл бар. Қазақ отбасылары тұрады. Бір отбасы жолдың ұзақтығынан келе алмай жатыр. «Елшілікке барып қалай құжаттарымызды өткіземіз? Жолда тәліптер қоршап тұр» дейді. Осы жағы қиынға соғып тұр. Халық қатты үрей­леніп, қорқып қалған.  width=Хамидуллаһ ТАДАШ, Кабул университе­тінің оқытушысы:

Ауғанстан қазақтарына қазақ тілін үйрететін кітап жазып жатырмын – Халыққа тиген зардап – аштық. Жұ­мыс жүйесі тоқтап тұр. Үкімет те құлады. Адам­дар бір айдан бері жұмысқа бара алмай отыр. Айлық та жоқ. Біраз тұрғын мемле­кет­тік банкке жинаған ақшасын ала алмай жүр. Өзімде де осы мәселе болып тұр. Үш күн­нен бері, осы күнге дейін азын-аулақ жи­наған 300 АҚШ долларын ала алмай жүр­мін. Банкте ақша жоқ болғасын бере ал­май жатыр. Екі айдан кейін қыс түседі. Газы мен жарығы жоқ ауыл тұрғындары отын түсіруге ақша таппай жатыр. Өзім 2012 жылдан бері Кабулда тұрамын. 2010 жы­лы 30 жасқа толғанда қазақ тілін үйрене бас­тадым. Қазір Ауғанстан қазақтарына қа­зақ тілін үйрететін оқулық жазып жа­тырмын. Жақын арада жарық көреді. Отба­сым, екі қыз, үш ұлым бар. Тәліптер келгелі отбасымды Құндыз ауылына жіберіп, өзім ғана Кабулда пәтер жалдап тұрып жатыр­мын. Руым – кіші жүз, таз. Парсы тілінде сөйлесіп, өзбек, тәжікпен араласып кеткен қазақ көп. Бірі қазақ тілін біледі, екіншісі білсе де сөйлемейді. Ауған­стан­ның Шамали облысы Түркіменстанға жа­қын орналасқан. Ол жақта тәжіктер мен түркімендер, өзбек­тер мен қазақтар тұрады. Олар парсы тілін­де сөйлейді. Өзбек тілінде білім беретін мек­теп­тер бар, бірақ өте аз. Қа­зақша тек үйде ғана сөйлеседі. Екі қазақ парсы тілінде сөй­лесіп тұрғанын да көрдім. Қазақ бала­лары мектепке барса да, өзбек немесе парсы тілінде сөйлеседі. Қазір Ауған­стан­дағы қа­зақтар санын ешкім нақты біл­мейді. Шыны керек, тәліптер келгелі қазақ еместердің өзі «Мен қазақпын» деп қашуға дайын отыр. Бірақ түпкі ата-бабасын біл­мейді. Жеті ата­сын, руы мен жүзін сұрасаң, жауап жоқ. Ауғанс­тандағы ұлты қазақтардың бәрі үдере көшіп келмесі анық. Олар Иран мен Пәкістанға да қашып кетпейді. Қазақ­стан билігі мүмкіндік берсе де, өз еркімен бас тартқандар бар. Себебі бір атадан тараған ұрпақ көп. Туған-туыстарын тастап, ешқай­да кете алмасы белгілі. Ағайын-бауырдан ажырағысы келмегендіктен, осы жақта қалу­ға мәжбүр болып отыр. Ауғанстан қазақтарының жай-күйі ел назарында. Алдағы уақытта да қандастардың тұрмыс-тіршілігін баяндайтын боламыз.