Таяуда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен Ауғанстаннан 35 қандасымыз тарихи отанына қоныс аударды. Аласапыран шақта алыстағы ағайынға қол ұшын беріп, қамқорлық таныта білгеніміз абыройлы іс екені даусыз. Осы ретте қандастарды елге әкелудің жай-жапсарын білу үшін еліміздің Сыртқы істер министрлігіне бірнеше сауал жолдаған едік.
Ауғанстандағы этникалық қазақтардың нақты саны қанша? Қазақстанға қоныс аударғандардың тізімі қалай жасалды, арнайы комиссия құрылды ма, құрылса, оның құрамына кімдер кірді? Ауғанстандағы қандастардың ұлтын анықтауға қатысты біраз кедергілер туындағаны белгілі, тіпті қазақ екенін дәлелдей алмай жүргендер де бар. Ал Қазақстанға көшіп келгендердің қазақ екені қалай нақтыланды? Әлі де Ауғанстаннан қандастарды көшіріп әкелу жоспарда бар ма? Осы секілді сұрақтарды бірінен соң бірін тізіп жолдаған хатымызға жауапты министрліктен қысқа ғана жауап алдық.
Шет елдегі қандастар ҚР елшіліктері арқылы қандас мәртебесін және тұрақты тұру рұқсат қағазын ала алады. Бұл жұмыс «Халықтың көші-қоны туралы» ҚР Заңының 20-бабымен және Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің «Оралман мәртебесін беру немесе ұзарту қағидаларын бекіту туралы» бұйрығы негізінде іске асады. Ауғанстандағы ҚР Елшілігінің ақпаратына сәйкес қазір ол жақтағы этникалық қазақтың саны шамамен 200 адам. Бұл – 23 отбасы.
Алайда анықтау барысында олардың қазақ ұлтына қатысы бары жөнінде ешқандай дәлел табылмаған. «Ауғанстаннан қоныс аударған қандастар қай өңірлерге орналастырылды? Оларға қандай жағдай жасалды? Баспанамен қамту, жұмыс беру, секілді көмек-қолдау көрсетілді ме?» деген сұрағымызды Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігіне бағыттаған. Ол жақтағы Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон комитетінің бас сарапшысы Тимурхан Қошымбетовтің айтуынша, Ауғанстаннан қоныс аударған қазақтардың дені солтүстік өңірге қоныстанған. Қыркүйек айында келген төрт отбасыны Ақмола облысына қарайтын Атбасар ауылы, Көкшетау қаласы, Бурабай ауданы және Сандықтау ауданына орналастырған.
– Жылы өңірден келгендіктен, толық киім-кешекпен қамтамасыз етілді. Мектеп жасындағы балалар дәрігер мен психологтың тексерісінен өткеннен кейін, ертеңіне мектепке қабылданды. Олармен бірге әлеуметтік көмек көрсететін қызметкер бекітілді. Жұмысқа орналасу бойынша да біраз мәселе шешілді. Өңірдегі өндіріс орындары Ауғанстаннан қоныс аударған қазақтарды жұмысқа қабылдап жатыр. Көкшетау қаласындағы «Асыл арман» атты өндіріс орны жұмыспен қамтуға көмектесті. Атбасарлықтар да Ауғанстаннан келген қандастарға екі қолға бір күрек тауып берді. Олардың мамандығы жоқ болғандықтан, әртүрлі жұмысты істеуге келісті. Мемлекет тарапынан да квота бөлініп, олар құжат жинауды бастады. Әр отбасы мүшелеріне 205 мың теңге көлемінде бір реттік жәрдемақы төленетін болады. Одан бөлек, бала санына және коммуналдық шығынға қарай 43 мың теңгеден бастап, 87 мың теңге аралығында қаржылай көмек тағайындалды. Тұрғылықты жерінің экономикасына байланысты да жәрдемақы беріледі. Жәрдемақылардың дені қандас мәртебесіне ие құжаты болғанда және тұрғылықты жерінің рұқсатнама қағазы дайын болғаннан кейін берілетінін айтып кеткен жөн, – дейді ресми өкіл.
Қазақстанға қоныс аударған ағайынмен тілдесудің реті келмеді. Есесіне Ауғанстандағы қазақтардың жай-күйімен таныс азаматтардың пікірін сұрадық.
Хамидуллаһ ТАДАШ,
Кабул университетінің оқытушысы:
Ауғанстан қазақтарына қазақ тілін үйрететін кітап жазып жатырмын
– Халыққа тиген зардап – аштық. Жұмыс жүйесі тоқтап тұр. Үкімет те құлады. Адамдар бір айдан бері жұмысқа бара алмай отыр. Айлық та жоқ. Біраз тұрғын мемлекеттік банкке жинаған ақшасын ала алмай жүр. Өзімде де осы мәселе болып тұр. Үш күннен бері, осы күнге дейін азын-аулақ жинаған 300 АҚШ долларын ала алмай жүрмін. Банкте ақша жоқ болғасын бере алмай жатыр. Екі айдан кейін қыс түседі. Газы мен жарығы жоқ ауыл тұрғындары отын түсіруге ақша таппай жатыр. Өзім 2012 жылдан бері Кабулда тұрамын. 2010 жылы 30 жасқа толғанда қазақ тілін үйрене бастадым. Қазір Ауғанстан қазақтарына қазақ тілін үйрететін оқулық жазып жатырмын. Жақын арада жарық көреді. Отбасым, екі қыз, үш ұлым бар. Тәліптер келгелі отбасымды Құндыз ауылына жіберіп, өзім ғана Кабулда пәтер жалдап тұрып жатырмын. Руым – кіші жүз, таз. Парсы тілінде сөйлесіп, өзбек, тәжікпен араласып кеткен қазақ көп. Бірі қазақ тілін біледі, екіншісі білсе де сөйлемейді. Ауғанстанның Шамали облысы Түркіменстанға жақын орналасқан. Ол жақта тәжіктер мен түркімендер, өзбектер мен қазақтар тұрады. Олар парсы тілінде сөйлейді. Өзбек тілінде білім беретін мектептер бар, бірақ өте аз. Қазақша тек үйде ғана сөйлеседі. Екі қазақ парсы тілінде сөйлесіп тұрғанын да көрдім. Қазақ балалары мектепке барса да, өзбек немесе парсы тілінде сөйлеседі. Қазір Ауғанстандағы қазақтар санын ешкім нақты білмейді. Шыны керек, тәліптер келгелі қазақ еместердің өзі «Мен қазақпын» деп қашуға дайын отыр. Бірақ түпкі ата-бабасын білмейді. Жеті атасын, руы мен жүзін сұрасаң, жауап жоқ. Ауғанстандағы ұлты қазақтардың бәрі үдере көшіп келмесі анық. Олар Иран мен Пәкістанға да қашып кетпейді. Қазақстан билігі мүмкіндік берсе де, өз еркімен бас тартқандар бар. Себебі бір атадан тараған ұрпақ көп. Туған-туыстарын тастап, ешқайда кете алмасы белгілі. Ағайын-бауырдан ажырағысы келмегендіктен, осы жақта қалуға мәжбүр болып отыр.
Ауғанстан қазақтарының жай-күйі ел назарында. Алдағы уақытта да қандастардың тұрмыс-тіршілігін баяндайтын боламыз.