14 қазанда қандай елеулі оқиғалар болды?

14 қазанда қандай елеулі оқиғалар болды?

14 қазанда қандай елеулі оқиғалар болды?
ашық дереккөзі
1994 жылы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстандағы Ресейдің Төтенше және Өкілетті Елшісі В. Долговтан және Қазақстан Республикасындағы Ватиканның Төтенше және Өкілетті Елшісі, Әулиелі тақтың апостолдық нунцийі Мариан Олледен сенім грамоталарын қабылдады. 1994 жылы Ақмоланың Революция көшесінде (қазіргі Астана қаласындағы Сейфуллин көшесі) ақын Сәкен Сейфуллиннің 100 жылдық мерейтойына орай ескерткіш ашылды. 1994 жылы Қазақстан Республикасы БҰҰ-ның Шөлге айналумен күрес жөніндегі конвенциясына (БҰҰ ШКК) қол қойып, 1997 жылдың 7 шілдесінде бекітті. 1999 жылы «Қазақстан Республикасы мемлекеттік органдары құрылымын жетілдіру жөніндегі және олардың құзыреттерін анықтау шаралары туралы» Қазақстан Республикасы Президенті Н.Назарбаевтың Жарлығы басылым бетіне шықты. 2000 жылы Астанада К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театры өзінің алғашқы театрлық маусымын ашты. Театр сахнасында М.Төлебаевтың «Біржан мен Сара», Дж.Вердидің «Травиата», П.Чайковскийдің «Аққу көлі» опералары қойылды. Бүгінгі таңда театр репертуарында Л.Минкустың «Дон Кихот», А.Аданның «Жизель», Б.Астафьевтің «Бақшасарай бұрқағы», Е.Рахмадиевтің «Қамар сұлу» сияқты 20-дан астам қойылымдары бар еліміздегі ең жас театр сахнасында Құрманғазы атындағы Алматы консерваториясының, Қазақ ұлттық музыка академиясының, А.Селезнев атындағы Алматы хореография училищесінің түлектері және басқа да театрлардан шақырылған әртістер өнер көрсетеді. 2002 жылы Астана қаласында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен, салтанатты жағдайда, жаңа халықаралық әуежайдың іргетасы қаланды. 2008 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Қазақстандағы тұңғыш алтыжолақты Астана-Щучинск автобанында қозғалысты ашу салтанаты өтті. Мұндай жолдың бір шақырымының құны 3-4 миллион долларға жетеді. Бірақ оның сапасына 20-25 жылға кепілдік беріледі. Астана-Щучье жолының ұзындығы - 224 шақырым, соның ішінде алты жолақты қозғалысы - 215 шақырым. Жобаның жалпы құны - 115 млрд теңге. 2009 жылы Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев нормативтік құқықтық актілер жобасына сыбайлас жемқорлыққа қарсы міндетті сараптаманы кезең-кезеңмен енгізуді көздейтін «Нормативтік құқықтық актілер туралы» Қазақстан Республикасының Заңына ғылыми сыбайлас жемқорлыққа қарсы сараптама өткізу мәселелері бойынша өзгертулер енгізу туралы» Заңға қол қойды. 2009 жылы БҰҰ-ның Мәскеудегі ақпараттық орталығында Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың «Жаһандық қоғамды түбегейлі жаңарту стратегиясы және өркениеттер серіктестігі» кітабының таныстырылымы өтті. Кездесу аясында ресейлік және қазақстандық ғалымдар талдап жасаған 2050 жылға дейінгі «Өркениеттер болашағы және өркениетті серіктестік стратегиясы» жаһандық болжамының ІХ бөлімі таныстырылды. 2009 жылы Қазақстанда www.yandex.kz порталының іздестіру жүйесі ашылды. Яндекс порталында қазақстандық пайдаланушыларға бағдарланған барлық негізгі қызметтері ұсынылған. Онда іздестіру қазақ және орыс тілдерінің морфологиясын ескереді, сондай-ақ пайдаланушылардың оқшау сұраныстарына жергілікті сайттарды көрсетумен жауап береді. Мысалы, «Конституция» деген сұраныс бойынша - Қазақстан Республикасы Ата заңының мәтінін береді. Пайдаланушылар іздестіру тілін қазақ және орыс тілдерінде қолдана алады. Сондай-ақ порталда Астана және Алматы қалаларының толық әрі дәл карталары, жергілікті пойыздар мен ұшақтардың қозғалыс кестесі пайда болды. 2010 жылы Шымкентте «Мен әлемді жүрегіммен сеземін» зағиптар шығармашылығының бірінші фестивалі өтті. 2011 жылы Анкарада Қазақстан елшілігі мен Түркия Ұлттық кітапханасы ұйымдастырған фотокөрме ашылды. Ол Қазақстан тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналды. 2014 жылы Грекияда қазақтың қоғам қайраткері, жазушы Сәкен Сейфуллинге қатысты 1930 жылдардағы кезеңдегі латын әліпбиінде жазылған құжаттар табылды. 2014 жылы ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Қырғыз Республикасының Премьер-министрі Жомарт Оторбаевпен кездесті. Кездесу барысында екі елдің сауда-экономикалық, инвестициялық және отын-энергетикалық салалардағы ынтымақтастық мәселелері қарастырылды. 2014 жылы Павлодар облысындағы Ақсу қаласының тұрғындары халықтың көп саны қатысқан флешмоб ұйымдастырып, Гиннестің рекордтар кітабына енді. Қала күнін мерекелеуге келген 11 мыңға жуық адам жергілікті стадионның футбол алаңын толтырып, акцияға қатысты. Энергетиктер мен металлургтар қаласының тұрғындары орталық стадионда қолдарына ұстаған сары және көгілдір түсті плакаттардың көмегімен «Бір Отан, Бір Тағдыр, Бір Елбасы! Алға, Қазақстан» патриоттық жазбасын шығарды. 2015 жылы ғарышкер Айдын Айымбетов ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевқа ғарышта болған және жерімізді 150 реттен астам ұшып өткен Қазақстан Республикасының мемлекеттік туын тапсырды. 2015 жылы Оңтүстік Қазақстан облысында Шетелдік инвесторлар кеңесі құрылды. Олар ОҚО Кәсіпкерлер палатасы жанында жұмыс істейтін болады және шетелдік капиталдың қатысуымен өңірлік компаниялардың мәселелерін көтереді. 2016 жылы Мысыр Араб Республикасының астанасы Каир қаласында қазақтың ұлы ақыны әрі ойшылы Абай Құнанбайұлына арналған ескерткіш-бюстің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Абай ескерткіші Каир орталығындағы ең көрікті жерлердің бірі «Еркіндік және достық» саябағына қойылды. 2016 жылы Каспий құбыр консорциумы (КҚК) іске қосу-баптау шеңберінде жүргізілген жұмыстар кезінде Қашаған кен орнынан шамамен 7 700 тонна экспортқа шығарылатын мұнайдың бірінші партиясын жөнелтті. Сонымен қатар «ҚазТрансОйл» АҚ құбырлық жүйесіне 18 800 тонна экспортқа шығарылатын мұнайдың партиясы жөнелтілді, ал «Интергаз Центральная Азия» АҚ магистральді жүйесіне 22,8 млн текше метр тауарлық газ берілді.