СҚО-да алаяқтық жасаған 2 полицейге сот үкімі шықты

СҚО-да алаяқтық жасаған 2 полицейге сот үкімі шықты

СҚО-да алаяқтық жасаған 2 полицейге сот үкімі шықты
ашық дереккөзі
Петропавл қалалық соты алаяқтық фактісі үшін патрульдік полиция батальоны қызметкерлеріне қатысты қылмыстық іс бойынша үкім шығарды. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Солтүстік Қазақстан облысы бойынша департаментінің мәліметінше, биыл 21 сәуірде патрульдік полиция батальонының екі инспекторы жүргізушіге оның жол қозғалысы ережелерін бұзғаны туралы жалған ақпарат беріп, алдау жолымен 150 мың теңге көлемінде ақшасын алған. Петропавл қалалық соты 12 қазанда тәртіп сақшыларына қатысты ҚР ҚК 190-бабы 3-бөлігі 2-тармағы бойынша қылмыстық істі қарап, үкім шығарды. Патрульдік полиция батальонының бұрынғы екі инспекторына алған ақшаның 10 еселенген мөлшерінде айыппұл түрінде жаза тағайындалды. Сондай-ақ олар өмір бойына құқық қорғау органдарында қызмет атқару құқығынан айырылды. Бұл іс-шараны Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі СҚО бойынша департаментінің бастамасымен заң бұзушылыққа жол берген сотталушылардың бұрынғы әріптестері онлайн режимде бақылады. Превенция басқармасының басшысы Дамир Хабибулиннің айтуынша, енді сыбайлас жемқорлыққа қатысты қылмыстық істер бойынша барлық сот процестерін осындай форматта өткізу жоспарланып отыр. «Агенттік бұл жаңашылдықты мемлекеттік қызметшілер арасында сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру үшін енгізді. Осылайша, біз сыбайлас жемқорлық іс-әрекеттерінің салдары туралы мемлекеттік қызметшілердің санасына олардың әріптестерінің мысалында әсер етуді мақсат еттік. Бұл бастама өз жемісін беріп, адамдардың ойы өзгереді деп үміттенеміз» - дейді Дамир Хабибулин.