Жаңалықтар

IBF рейтингі: қазақстандық боксшылардың орны белгілі болды

Халықаралық бокс федерациясының (IBF) жаңартылған рейтингі жарияланды, – деп жазды Sports.kz.

Бұл тізімдегі қазақстандық боксшылардың позициялары туралы айтатын болсақ, екінші орта салмақ бойынша Айдос Ербосынұлы төртінші орында қалды, ол ресейлік Евгений Шведенкодан бір жол төмен орналасқан. Рейтингінің алғашқы екі позициясы бос. IBF әлем чемпионы – АҚШ боксшысы Калеб Плант.

Орта салмақтағы қазақстандықтардың рейтингі өзгермеді: Жәнібек Әлімханұлы – тоғызыншы, Мейірім Нұрсұлтанов – оныншы, ал Қанат Ислам 13-орында қалды. Әлем чемпионы титулы Геннадий Головкинге тиесілі, мұнда да алдыңғы екі позиция – бос, ал үшінші орында – Патрик Войцицки.

Жартылай орта салмақта Данияр Елеусінов бұрынғыша 14-орында қалды. Үздік үштікте – Кудратилло Абдукахоров (Өзбекстан), Шон Портер мен Джарон Эннис (екеуі де – АҚШ).

Бірінші жартылай орта салмақта Батыр Жүкембаев та өзінің позициясын өзгертпеді – бұрынғыша 13-орында тұр. Рейтингіде аргентиналық Йеремиас Понсе көш бастаған. Одан кейін пуэрто-риколық боксшы Сабриэль Матиас пен аустралиялық Лиам Паро орналасқан. Осы салмақтағы IBF әлем чемпионы белдігін британдық Джош Тэйлор иеленген.

Back to top button