13 қазан: ел тарихындағы маңызды оқиғалар күнтізбесі

13 қазан: ел тарихындағы маңызды оқиғалар күнтізбесі

13 қазан: ел тарихындағы маңызды оқиғалар күнтізбесі
ашық дереккөзі
1929 жылы 13 қазанда Солтүстік Қазақстан радиохабары алғаш рет эфирге шықты. Бүгінде облыстық радио бағдарламасын өңірдің барлық аудандары, сонымен қатар көрші Ресей облыстарының шекарадағы аудандары қабылдай алады. 1950 жылы Қостанай облыстық атқару комитетінің шешімімен Қостанай облысындағы Амангелді ауданының құрамында Арқалық жұмыс кенті пайда болды. 1956 жылы 27 қазанда Қазақ КСР Жоғарғы кеңесі президиумының жарлығымен ресми түрде жұмыс кенті статусына ие болды. 1965 жылы 30 маусымда Арқалыққа қала мәртебесі берілді. Бүгінгі аумағы - 1 558 мың га. 1970 жылы Торғай облысының орталығы болды. 1990 жылы «Ақмола ақиқаты» (қазіргі «Astana aqshamy») газетінің алғашқы саны жарық көрді. Алғашында аптасына бір рет шығып тұрған басылым 1998 жылдың қаңтарында – «Ақмола ақшамы», одан кейін «Астана хабары» кейіннен «Астана ақшамы», «Astana aqshamy» атанып, республикалық қоғамдық-саяси газет мәртебесіне ие болды. Астананың алғашқы қалыптасу кезеңінде газет бас редакторы міндетін атқарған Жұмагүл Саухат пен Мағжан Садыханұлы, олардан кейін бас редактор қызметін атқарған Нұртөре Жүсіп, Амантай Шәріп, Ерболат Қамен, Аяған Сандыбай және Жанболат Аупбаев, Дидахмет Әшімханұлы, Талғат Батырхан, Бауыржан Омаров секілді қарымды қаламгерлер де басылымның өркендеуіне өзіндік қолтаңбаларын қалдырды. 1995 жылы Қазақстанда Диабет қауымдастығы құрылды. Ол 1996 жылы 176 ел біріккен Халықаралық диабет федерациясының құрамына кірді. 1999 жылы ҚР Энергетика, индустрия және сауда министрлігінің Атом энергетикасы комитеті құрылды. Негізгі міндеттері – ато энергиясын пайдалану саласындағы мемлекеттік реттеу, Қазақстан Республикасының аумағында ядролық және радиациялық қауіпсіздікті қадағалау, атом энергиясын пайдалану нысандарындағы апатқа қарсы жоспарлауды бақылау, ядро материалдары мен қондырғыларын физикалық қорғауды қадағалау. 2010 жылы Аустралияның Канберра қаласында өткен Монета сарайлары директорларының 26-шы Конференциясында Қазақстанның «Барыс» монетасы «Ең әдемі монета» және «Технологиялық жағынан ең сәтті орындалған монета» аталымдарын жеңіп алды. Монета 925 сынамалы күмістен соғылған, диаметрі – 38,61 мм, әрбірі бір миллиметр диаметрге ие екі бриллиант орнатылған. 2014 жылы Нью-Йоркте Қазақстан Республикасы мен Того Республикасының БҰҰ жанындағы тұрақты өкілдері Қайрат Әбдірахманов пен Коджо Менан екі мемлекет арасында дипломатиялық қатынастарды орнату жөніндегі бірлескен коммюникеге қол қойды. Того Республикасы – Батыс Африкадағы мемлекет, батысында Ганамен, шығысында Бенинмен және солтүстігінде Буркина-Фасомен шектеседі. Оңтүстігінде Гвинея шығанағы жағалауының кішкене бөлігі бар. Жер аумағы – 56 785 км2 шамасында. Астанасы – Ломе қаласы. Ресми тілі – француз тілі. Ақша бірлігі – CFA франкі. Мемлекет басшысы және Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы – 5 жылға жалпыға бірдей тікелей дауыс беру арқылы сайланған президент (қайта сайлау құқығын шектемей). 2015 жылы Таразда республикалық маңызы бар «Көне Тараз» археологиялық саябағы ашылды. Қазақ хандығының 550 жылдығы салтанаттарының ең ірі нысаны болып табылатын кешен құрылысының жалпы құны 2,5 млрд теңгені құрайды. «Көне Тараз» саябағы аумағының 20 гектарында кіреберіс аркасы, бақылау мұнарасы, Достық үйі мен конгресс-холдың жанындағы этномәдени орталық, этнографиялық мұражай, «Тараз саздары» стеласы, сондай-ақ «Мыңбұлақ» саябағы орналасқан. 2017 жылы «ҚазАқпарат» халықаралық ақпарат агенттігі мен The Business Year (TBY) халықаралық баспасы және зерттеу компаниясы жалпы қызметті ұйымдастыру, контент алмасу, біріккен жобалар әзірлеп, бірлескен шараларды ұйымдастыру жөнінде келісім жасасты. «The Business Year» - ұлттық экономикадағы жылдық экономикалық ресурстар баспасы және алдыңғы қатарлы зерттеу фирмаларының бірі. 35 елде өкілдігі бар. 2018 жылы қазақстандық спортшы Диас Бахраддин жасөспірімдер арасындағы 2018 жылғы Олимпиадада каноэнің дара жарысында алтын медаль еншіледі. Тартысты бәсекеде Диас топ жарып, 1:54:66 нәтижесімен мәреге бірінші жетті. 2019 жылы Алматыда Халықаралық жеңіл атлетика федерациялары қауымдастығының (IAAF) I деңгейлі халықаралық курстары басталды. Мұндай курс тек Қазақстанда емес, Орта Азияда алғаш рет ұйымдастырылды. Бағдарлама мақсаты – жаттықтырушыларға, оқытушыларға және оқытушыларға халықаралық жеңіл атлетиканың қазіргі заманғы білімі мен тенденцияларын жеткізу, білімді жетілдіру және орталық аймақтар үшін де, еліміздің барлық аймақтары үшін ақпарат алу. 2020 жылы Малайзияның Куала-Лумпур қаласындағы Ұлттық кітапханада Абай атындағы Қазақ әдебиеті мен мәдениеті орталығы ашылды. Абай орталығын ашудағы мақсат – шетелдік аудиторияны Қазақстанның бай әдеби, тарихи және мәдени мұрасымен таныстыру. Орталыққа қазақ әдебиетінің өзге де кітаптары мен шығармалары және ұлттық музыкалық аспап – домбыра сыйға тартылды.