Павлодарда «Қасиетті қазақ елі» халықаралық өнер фестивалі басталады

14-15-қазан күні Павлодар қаласындағы Естай атындағы мәдениет сарайында «Қасиетті қазақ елі» халықаралық өнер фестивалі өз жұмысын бастайды. Фестивальға шетелде тұратын, сондай-ақ, әлі азаматтық алмаған елдегі қандастар қатысады.

Жыл сайынғы дәстүрлі фестиваль, биыл – Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы аясында Қазақстан Республикасы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігі қолдауымен «Отандастар қоры» КеАҚ мен «Дүниежүзі қазақтары қауымдастығы» қоғамдық бірлестігімен бірлесіп өткізіледі.

Фестиваль аясында вокал-дәстүрлі ән айту, жыр мүшәйрасы, терме сайысы өтіп, қолөнершілердің үздік туындылары жиылған жұртшылыққа көрсетіледі. Өнер фестиваліне еліміздің әр өңірінен келетін қандастарымыздан бөлек, Түркия, Моңғолия, Ресей, Қытай, Өзбекстан сияқты мемлекеттерден қырық өнерпаз қатысады деп жоспарланған.

Шетелдегі дарынды қазақтардың қолөнерді, сөз өнерін, ән мен термешілік дәстүрді меңгерудегі шығармашылық шеберлігіне баса назар аударылып, олардың ұлттық нақышта жасалған бұйымдары, кәдесыйлары, өлеңдері мен орындаушылық шеберлігі жұртшылыққа таныстырылады. Сондай-ақ, қандастарымыздың әр алуан елде тұрса да бір тұтастығы мен отансүйгіштігін кеңінен насихаттау көзделген.

«Қасиетті қазақ елі» халықаралық өнер фестивалінің Гран-при иегері мен жүлдегерлерге арнайы төсбелгілер мен дипломдар, бағалы сыйлықтар табысталады. Фестиваль лауреаттарын салтанатты марапаттау рәсімі танымал шығармашылық орындаушылардың қатысуымен өтетін Гала-концертке ұласады.

Back to top button