Экономика министрлігі үш Ұлттық жобаны таныстырды
Экономика министрлігі үш Ұлттық жобаны таныстырды
Үкімет отырысында Ұлттық экономика министрі Әсет Ерғалиев үш Ұлттық жобаны таныстырды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Реформалар жөніндегі жоғары кеңестің тапсырмасын орындау мақсатында, Ұлттық экономика министрлігі мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп үш Ұлттық жобаны әзірледі. Олар «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тұрақты экономикалық өсу» және «Кәсіпкерлікті дамыту», сонымен бірге «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» атты Ұлттық жобалар. Аталған жобалар Еліміздің 2025 жылға дейінгі дамуының ұлттық жоспарын және «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасын іске асыру бойынша жол картасын орындау мақсатында әзірленді», - деді Ә. Ерғалиев.
Оның айтуынша, «Қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған тұрақты экономикалық өсу» Ұлттық жобасы келесі 5 бағытты қамтиды.
Олар индустриялық-инновациялық даму, мұнай-газ-химия, энергетика кешендерін, геология саласын дамыту, сондай-ақ шикізаттық емес экспортты арттыруға қатысты.
Аталған бағыттарды іске асыру аясында 6 міндет, 13 көрсеткіш және 55 іс-шара көзделген.
«Ұлттық жобаны қаржыландырудың жалпы көлемі 15,9 трлн теңге, оның ішінде республикалық бюджеттен 402 млрд теңге қарастырылған. 15,5 трлн теңгеге жеке инвестициялар тарту көзделіп отыр. Ұлттық жоба 2025 жылға қарай тұрақты экономикалық өсуді 5 пайыздан жоғары деңгейде қамтамасыз етуге бағытталған. Өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындарын технологиялық жаңғырту бойынша шаралар қабылданатын болады. Өндіріс көлемін ұлғайтуға және өңдеу өнеркәсібі тауарларының номенклатурасын кеңейтуге ықпал ететін 418 индустриялық жобаны іске қосу жоспарлануда. Ұлттық жоба аясында 1000 белсенді экспорттаушының сыртқы нарықтарға шығуы, сондай-ақ 350 жуық экспорттаушыны «Alibaba» және «Amazon» сияқты халықаралық электрондық платформаларға шығару қамтамасыз етілетін болады», - деді министр.
Сонымен қстар, өңдеу өнеркәсібінің жоғары технологиялық өнімдерін шығару мақсатында 2025 жылға қарай 5 мұнай-газ-химия зауытын пайдалануға беру жоспарланып отыр. Энергетикалық кешенді белсенді жаңғырту арқылы электр энергиясын өндірудің жалпы көлеміндегі жаңартылатын энергия көздерінің үлесі 6%-ға жетеді.
«Қабылданған шаралар нәтижесінде өңдеу өнеркәсібі өнімдерінің өндірісі 1,5 есеге артады. Шикізаттық емес экспорт 2 есеге ұлғайып, 2025 жылы 41 млрд долларды құрайды. Шикізаттық емес сектордың негізгі капиталына инвестицияларды 75%-ға арттыру жоспарлануда. Экономикадағы еңбек өнімділігі 1,2 есеге өседі. Энергетикалық кешенді жаңғырту есебінен 2000 мегаватт жаңартылатын энергия көздерінің қосымша қуаттарын іске қосу жүзеге асырылатын болады. Геологиялық зерттелетін аймақтың көлемі 2,3 млн. шаршы киллометрге дейін ұлғайту жоспарлануда», - деді Ә. Ерғалиев.