Жаңалықтар

Сүлеймен МӘМЕТ: Үзілген алтын арқау жалғанды

ашық дереккөзі

Сүлеймен МӘМЕТ: Үзілген алтын арқау жалғанды

«Ойдағымыз болды. Төбедегі келді. Тек ұзағынан сүйіндіргей. Ақ жолдың алдындамыз. Үлкен тілектің үстіндеміз», – деп еді елдігімізді алып, еңсемізді тіктеп, кеткен есемізді қайтар сәт туғанда, қара сөздің хас шебері, қайраткер-қаламгер Әбіш Кекілбаев тебіреніп тұрып. Бұл шыңға талпынған, келешекке ұмтылған тұстағы ақиқат сөз еді. Иә, қазаққа, қазақ еліне Тәуелсіздіктен, бостандықтан азаттықтан артық қандай ұлы ұғым, қандай кие болуы тиіс. Бұл бабалар аңсаған, Алаш арыстары жетсек деген, жалындаған «Жас тұлпарлықтар» талпынған, Желтоқсан қаһармандарының аңсар арманы еді. Бұл Қазақ хандығынан кейінгі 535 жылдардан соң «ойдағымыз болған», төбедегіміз келген, ақ жолға береке бірлікпен жеткен күн болатын. Бір жыл бұрын 1990 жылдың 25 қазанында тарихи құжат «Мемлекеттік егемендік туралы декларациясы» қабылданып, егемендік деген сөз санамызға бір сәуле түсіріп еді. Сөйтіп, ой-санамыз өзгере бастады, қоғам жаңа үрдісте дамуға бет бұрды, қандастар сілкініп, ескі сүрлеудің шеңберінен, тың соқпаққа көз жіберіп, көңіл түкпірінде ұшқын пайда болды. Тәуелсіздік туралы ұлы қағиданы заң аясында әзірлеген: келбетті қазақ, білімдар ғалым, заңғар заңгер, шынайы академик Сұлтан Сартаев бастаған Еркеш Нұрпейісов, Талғат Донақовтар болатын. Қабылданған Конститутциялық заңда «Қазақстан Республикасы – тәуелсіз демократиялық және құқықтық мемлекет!...» «Қазақстан Республикасының  территориясы қазіргі шекараларында біртұтас, бөлінбейтін және қол сұғуға болмайтын территория болып табылады», деп тайға таңба басқандай көрсетілді. Осы ұлы заң қабылданған сәттегі жұртымыздың, ниеті дұрыс азаматтардың көңіл-күйін еске түсіргенде: шаттанбаған жас, «Иә, аруақ!» демеген үлкен болмаған шығар. Төрткүл дүние көз тігіп тұрды. Қос жанар теледидарға қадалды. 1991 жылғы 16 желтоқсанда, кешкі сағат алтыдан 14 минут өткенде Жоғары Кеңес көпшілік дауыспен Тәуелсіздік туралы Заңды қабылдады. Ол кезде шоғыр-шоғыр ұлт зиялылары мол еді. Олар шетінен қақ жарып алға жүретін топ жарып сөйлегенде айызыңды қандырған, абыройыңды асыратын тірессе тіліп түсетін, белдессе тізе бүктіретін. Солардың күш-жігері білім-білігі жеңіске әкелді. Жүрек шіркін таудай тулап, көгілдір экранға қарап отырғанымызда халық қалаулылары заң күшіне енді дегенде орындарынан тік тұрып кетіп еді. «Тәуелсіз Қазақ елі» деп ұрандатқан үндері құлақта әлі тұр. Жадыраған жүздері, бірін-бірі айқарап құшақтап жатқан кескін келбеттері көз алдымыздан өмірі кетер ме?!. Сол күні Президент Нұрсұлтан Назарбаев Жарлығымен 16 желтоқтан ресми түрде бүкілхалықтық мереке – Тәуелсіздік күні болып жарияланды. Жарты сағаттан кейін бауырлас Түркия елдігімізді таныды. Бұл бірінші тану еді. Бұрын әлемде түркі дүниесінде тәуелсіз ел Түркия болса, сол қатарға Тәңір жарылқап Қазақ елі қосылып еді. Ақиқатына келсек, қазақ осы күнге дейін жету жолында кейбір қилы кезеңдерді бастан өткерді. Ол тарих бетінде қайталанып тұр. Өткен ғасырдың соңғы онжылдықтарында ұлтымыз ұлттық рухты жаңғырту жолында тың қадамдарға барды. Тілін түлетуге бет бұрып еді. Қазақ мектептерін ашу жолында нағыз патриот Шона Смаханұлының, оның айналасында топтасқан азаматтардың жігерлі ісі ерекше болды. Мұндай қадам елдікті танып білуге септігін тигізді. Еліміз тәуелсіз, еңсемізді тіктеп жұмысқа келгенде, әріптестеріміздің ажары ашылып, көздері күлімдеп кеткеніне куә болдық. Ол кезде «Балауса» баспасында қызмет ететін едік. Баспа басшысы, сөз семсері Сейдағаң – Сейдахмет Бердіқұлов құттықтады. Ал бас редактор, жыр жампозы ой әлемінің тұнығын өлеңмен өрнектеген философ ақын ағамыз Қадыр Мырза Әлі арғы ата тартысты еске түсіріп келіп, «Үзіліп қалған алтын арқау жалғанды, бұл аталар аманаты еді, елдікті көру бақытына ие болған бізге адал қызмет ету – парыз ғана емес, қарыз», – деді. Сол ұлы сәттен бері де шапқан аттай, атқан оқтай зулап 30 жыл өтіп барады екен. Тәуба, азаттығымыз қалыбында, халқымыз орнында. Бір кездері ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Сөз жаздым жаным ашып, Алашыма!»  деген екен қамығып.  Сол Алаш бүтінделіп келеді. Ендігі бір атқарар бүтін міндет: Адамдық борыш, ар үшін, барша адамзат қамы үшін, серт бергем еңбек етем деп, алдағы атар таң үшін» (Шәкәрім) болуы тиіс. 30 жыл бұрынғы сертіміз де осы болатын.