Сәкен Майғазиев NINETY ONE тобының жақсы жақтарын атады
Сәкен Майғазиев NINETY ONE тобының жақсы жақтарын атады
Әнші Сәкен Майғазиев атышулы бойзбенд NINETY ONE тобын қолдаудың тоғыз себебін атады. Әншінің топ жайлы пікірі Instagram желісіндегі 91_world парақшасында жарияланды. Майғазиевтің айтуынша, әртіске қастандық жасаудың қажеті жоқ. "(...) Сұранысы болмаған актерлер күйзеліске түсіп кетеді. Менің айтқым келгені, жігіттер сонша боянып-таранып барған кезде оны ешкім қабылдамай қойса обал. Мен ол бауырларымды жақсы көремін", - деді ол.
Сондай-ақ, Сәкен Майғазиев NINETY ONE тобының жақсы қасиеттері көп екенін айта келіп, олар туралы тоғыз жағымды пікірін атап өтті. "Бірінші, ана тілінде ғана сөйлеп, сұхбат беріп, ән шырқап, қазақ тілін дәріптеп жүрген талантты жігіттер. Екінші, өз бағытының шебер орындаушылары. Үшінші, өте жақсы вокалистер, диапазондары кең, милизматиканы мықты меңгерген, тембрлері тамаша, тағысын тағы. Төртінші, керемет рэп орындаушылары. Рэп - ритмикалық америкалық поэзия. Ал бізде бұл айтыс, жыр, суырып-салма өнері", - деп санамалады әртіс.
Ал бесінші, жігіттердің сабырлы әрі байсалды қасиеттерін атады. "Оларға бағыттап, балағаттап, бейпіл сөздер айтылса да, боқтай білмейтін байсалды балалар. Мен өнер адамы болғаннан кейін оларды зерттедім, қарадым. Олар психология тұрғысында қандай да сынға дайын болды. Алтыншы, олар - еңбекқор. Кәсіби сахнаға шығу жолында екі жыл дайындалды. Жетінші, сахналық би қимылдары кәсіби, синхронды қимылдайды, сахнадағы еркіндігі өте керемет. Сахнадағы жұмысын Интернеттен тамашаладым. Өзім ұстаз болғаннан кейін аттандай бермей, қарап көрейін, зерттейін дедім. Сегізіншісі, Қазақстан эстрадасында үлкен пікірталас, сын-ескертулер, дау туғызған, былайша айтқанда "Атың шықпаса, жер өрте" деген мысалына "амал" жасап жүрген алғашқы топ", - деді Сәкен Майғазиев.
Ал соңғы, тоғызыншы қасиеті - топ үнемі қайырымдылықпен айналысады.
Бұдан кейін әнші топ жайлы үш рет қана сұхбат бергенін мәлімдеді. Алайда, айтуынша, журналистер оның NINETY ONE тобы туралы киіміне қатысты сөзін ғана жариялайды екен. Ал топтың қазақ тілін насихаттап жүргені, сонымен қатар, дарынды жігіттер екендігі жайлы сөзі қиылып қала беретін көрінеді. Айта кетейік, осыған дейін NINETY ONE тобының концертін өткізуге қарсы наразы топ Шымкентте, Қызылордада, Қарағандыда, Жезқазған қалаларынан шыққан еді.