Байбек Елбасы қолдауымен бой көтерген Түркістан музыкалық драма театрына барды
Байбек Елбасы қолдауымен бой көтерген Түркістан музыкалық драма театрына барды
«Nur Otan» Төрағасының Бірінші орынбасары Бауыржан Байбек Түркістан облысына жұмыс сапары барысында өңірде партияның сайлауалды бағдарламасының орындалу барысымен танысып, бірқатар әлеуметтік, мәдени нысандарда болды. Сондай-ақ, Түркістан музыкалық драма театрына барып, белгілі жазушы, драматург Дулат Исабековтің пьесасына қойылған «Бөрте» спектаклін тамашалады.
«Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бірнеше жыл бұрын Түркістанды жаңғырту туралы қабылдаған тарихи шешімі киелі қаланың өркендеуіне зор серпін берген ерекше маңызды оқиға болды. Түгел түркі тәу етер көне қала жаңа мәртебеге ие болғаннан кейін құрылыс қарқынды жүріп, қысқа уақытта шаһар келбеті қайта түледі. Зәулім ғимараттар мен заманауи әлеуметтік-мәдени нысандар бой көтерді.
Қойылымға арқау болып отырған Бөрте – әлем тарихындағы бірегей тұлға, дүниені дүр сілкіндірген ұлы қолбасшы Шыңғысханның жан жары. Қазақ хандығын әйгілі Алтын Орданың ізін басқан мұрагері санасақ, оның негізін қалаған Жошы ханның анасы – осы Бөрте ханым. Осынау ғажайып тұлғаның өмірін өзек еткен бұл қойылым тарихи астары терең, тәрбиелік мәні зор туынды ретінде көрермендердің көңілінен шығып, өрісті болатынына сенімдімін.
Қашанда «Nur Otan» игі істердің басынан табылып, елге қажетті бастамаларды тынымсыз атқара бермек», – деп жазды Бауыржан Байбек Instagram-дағы парақшасында.