Жаңалықтар

Тараздан шыққан белгілі Таразилерді түгендеп, олардың есімдері мен еңбектерін ұрпаққа жеткізу маңызды – Мәжіліс депутаты

ашық дереккөзі

Тараздан шыққан белгілі Таразилерді түгендеп, олардың есімдері мен еңбектерін ұрпаққа жеткізу маңызды – Мәжіліс депутаты

Түркі өркениетінің ошағы, тарихы терең Тараз – тек еліміздегі ғана емес, Орталық Азиядағы ең көне қалалардың бірі. Мұны айғақтайтын тарихи негіздер, мазмұнды мысалдар жетерлік. Бұл туралы облыс әкімдігінің ұйымдастыруымен өткен халықаралық ғылыми конференцияда жан-жақты айтылды.

Жиынға отандық және АҚШ, Түркия, Жапония, Өзбекстан, Қырғызстан елінен келген ғалымдар қатысты.

Аймақ басшысы ауқымды шараның маңыздылығына тоқталып, Елбасының «Рухани жаңғыру» және «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларында көрсетілген ұлттық құндылықтарды, ерекшелігімізді саралай отыра, жалпытүркілік өркениеттің мәдени дамуы мен тарихи өркендеуіне тың тұжырымдармен үлес қосатынына сенім білдірді.

- Нұрсұлтан Әбішұлы атап өткендей, қазақ жерінде Жібек жолынан бері барлық карталарда келе жатқан екі қала бар. Бірі Тараз қаласы, екіншісі Жаркент. Елімізде ЮНЕСКО-ға енетін 11 объекті болса, соның 5-і Жамбыл облысында орналасқан. Осының өзі өлкеміздің тарихы терең екенін, күллі өркениеттің бастауы болғанын көрсетеді.

 АҚШ-тан келген тарих ғылымдарының докторы, профессор Юлай Шәмілоғлы Қытай саяхатшысы Суан Цяньның  жетінші ғасырда Әулиеата өңірінде болып, жүргізген зерттеулерінен құнды мәліметтер келтірді. Сонымен қатар, Талас құрылтайының тағылымын тілге тиек етті.

 Жапон ғалымы, «Нара» ұлттық мәдени мұра мен ұлттық мәдени құндылықтарды зерттеу институтының зертханалық археология секциясының директоры Садакатцу Кунитаке Жамбыл өңірінде жүргізген экспедициясынан ақпараттар бөліссе, қырғызстандық Түркология ғылымдарының РҺD докторы Негизбек Шабданалиев және тағы басқалар тағылымды пікірлерін білдірді. Сондай-ақ, шетелдік ғалымдар халықаралық конференцияның жоғарғы деңгейде ұйымдастырылған айтып,  ел тарихы үшін маңызды шара деп бағалады.

Аймақ басшысы басқосуда ғалымдар тарапынан көтерілген   барлық ой-ұсыныстар «Тарихы терең Тараз» атты мәдени бағдарламасында назарға алынатынын жеткізді, деп хабарлайды Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі.