Жаңалықтар

Аспан мен Жер

Ә.Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінде Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА профессоры Әлібай Бапановтың «Аспан мен жер» атты көрмесінің салтанатты ашылу рәсімі өтті.

Іс-шара Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арналды.

Көрмені тамашалауға еліміздің әр саладағы белгілі тұлғалары, ғалымдар, суретшілер, өнертанушылар, Әлібай Бапановтың әріптестері келді. Атап айтқанда, Т.Жүргенов атындағы ҚазҰӨА ректоры м.у.а Ш. Әмірбеков, Б. Байділдә, Ө. Жұбаниязов, Е.Жангелдин, Б. Барманқұлова тағы да басқа қоғам қайраткерлері болды.

Суретші-монументалшы кең құлашты композициялар жасауға бейімделген. Алғашында гобелен тоқып, сосын текемет пен жүннен көлемді артефактілер (жәдігер бұйымдар) жасай бастады. Соңғы жылдары ескі кілемдер бетіне метафоралық композицияларды бейнелеуге көшкен. Көрмеге қойылған жұмыстар сондай киіз, гобелен, кескіндеме техникаларында орындалған. Бір қарағанда бір-бірінен айырмашылықтары анық байқалғанымен, оларды көшпенділер мәдениеті тақырыбы байланыстырады. Себебі, автор шығармашылығының басты тақырыбы да осы. Олардың қатарындағы көрмеде қойылған «Жарқындүние» (2020), «Әлем айшықтары» (2021), «Мәңгілік» (2020), «Наурыз» (2021) жұмыстары таңғаларлық еркіндікте орындалған.

Жиын барысында суретшінің әріптесі, ҚазҰӨА«Кескіндеме, мүсін және дизайн» факультетінің деканы Бауыржан Байділдә сөз алып, автордың туындыларындағы, бейнелеу өнеріндегі сол еркіндікке тоқталса, өнертанушы Баян Барманқұлова көрменің маңызына тоқталып өтті: «Суретші қазақ мәдениетінің кеңістігінен ешқашан шет шықпайды. Бір ғана талантты адамның өткен шаққа деген махаббаты өшкенді тірілтіп, үндес-тілектестер үшін өзінің маңызын арттыра алады»,дейді көрме кураторы Баян Барманқұлова.

Көз тартарлық туындылар көрмесі 7 қараша ғадейін жалғаспақ.

Back to top button