Nur Otan

Сәкен Бибосынов: 2024 жылы кәсіби боксқа ауысамын

«Jas Otan» жастар қанатының ұйымдастыруымен өтіп жатқан «Jastar-Otanga!» халықаралық форумына бокстан Токио Олимпиадасының қола жүлдегері Сәкен Бибосынов қатысты. Жастар байрақты бәсекелерде ел намысын қорғап, байрағымызды желбіретіп жүрген боксшыны жылы қарсы алып, көкейде жүрген сұрақтарын қойды.

whatsapp image 2021 10 08 at 13.58.24

Жастар бәрінен бұрын Сәкеннің Олимпиада ойындарының жартылай финалында төрешілердің шешімі туралы пікірін сұрады.

–Жеңісті қарсыласыма беріп қойған соң, аппеляцияға берген едік. Бірақ мұнымыздан түк шықпады. Олимпиадаға жайдан жай баруға болмайды. Басты мақсат – алтын медаль алу еді, бірақ бұйырғаны қола жүлде болды. Ел ішінде «Шын мықтыға тұсау жоқ» дейді. Бапкерлеріміз «бір бас жоғары бол» дейді тағы, десе де спортта әділетсіздіктер жиі болады. Жеңіліс бар жерде жеңіс те бар. Себебі жеңілістен соң өз-өзіңді қайрап, келесіде тау мен тас қопарардай күшке ие боласың, – дейді боксшы.

Сондай-ақ, жиналған көпшілік Олимпиададан алтын жүлде алмай қайтпайтын қазақстандық боксшылардың сәтсіз өнер көрсетуіне не себеп екенін де сұрады.

– Олимпиадаға барған сегіз боксшының барлығы да әлем біріншіліктерінде топ жарып жүрген мықтылар. Әркім кінәні өзінен іздеу керек, десек те жаттығу жұмыстарын жүргізуде қателіктер болды. Менің жұмысым – бапкерлерге сын айту емес, шаршы алаңда өнер көрсету. Физикалық тұрғыда дайындық нашарлау болды. Бізді жарыстан жарысқа, жиыннан жиынға үздіксіз қатыстыра берген соң, олимпиадаға қатысқанда көпшілігі шаршап қалды деп ойлаймын. Бірақ Қазақстан боксының бәсі биік екенін алдағы уақытта дәлелдеу үшін аянбай еңбек етеміз, – дейді С.Бибосынов.

Ал жастардың «Спорттық мансабын аяқтаған соң саясатқа араласу ойда бар ма?» деген сұрағына боксшы былай жауап берді:

–Бізде Олимпиада чемпионы атанса болды, депутат я болмаса бір жерде бастық болып отырады. Ал басқа елдің спортшыларын қарасаң, екі, үш дүркін Олимпиада чемпионы атанып, ел мерейін асырып жатады. Мұндай чемпиондар біздің арамыздан да шығады. Тілегім – Қазақстан спортында екі, үш, төрт дүркін олимпиада чемпиондары болса екен. Сол кезде олар саясатқа араласпай, өз білген-түйгендерін жастарға үйретіп, оларды спортқа баулиды. Ал менің саясатқа араласу ойымда жоқ. Кәсіпқой бокста шыңдалып, әлем чемпионы атансам деген мақсатты көздеп жүрмін. Сосын 2024 жылы Парижде өтетін олимпиадада атой салып, діттегеніме қол жеткізген соң, жеке бапкеріммен ақылдасып, кәсіпқой боксқа ауысатын боламын.

Кездесу соңында боксшы әр өңірден келген жастарға сәттілік тілеп, олармен кездесуге мүмкіндік бергені үшін «Jas Otan» жастар қанатының өкілдеріне ризашылығын білдірді.

–Қазақстанды күллі әлемге бірге танытайық, бірлесіп жұмыс істейік, жоспар құрайық. Жоспарсыз жүрген адам жүгенсіз жүрген есекпен бірдей, әркім мініп жүреді. Сондықтан жоспарлай біліңіздер, арман-мақсаттарыңызға жету жолында аянбай еңбек етіңіздер, – деді боксшы.

Back to top button