Қазақстан жастары: «Jastar-Otanga!» халықаралық форумы жиі өткізіліп тұрса игі

Қазақстан жастары: «Jastar-Otanga!» халықаралық форумы жиі өткізіліп тұрса игі

Қазақстан жастары: «Jastar-Otanga!» халықаралық форумы жиі өткізіліп тұрса игі
ашық дереккөзі

Түркістан облысы Төле би ауданында орналасқан «Тау самалы» демалыс аймағында «Jas Otan» жастар қанатының ұйымдастыруымен «Jastar-Otanga!» халықаралық жастар-саяси форумы өтіп жатыр.

Халықаралық форматта тұңғыш рет ұйымдастырылып тұрған аталған форумға Қазақстанның түпкір-түпкірінен келген жастар белсенді қатысуда. Әсіресе, жастар шеберлікті арттыруға арналған түрлі тренингтер мен семинарлардың пайдасы мол екенін айтады. Сондай-ақ, олар халықаралық жастар ұйымдары өкілдерінің өз елінде жастарды көтермелеуге бағытталған жұмысынан хабардар болып, алдағы уақытта бірлесе жұмыс істегісі келетінін айтып жеткізді.  width=

Мәди Бердібаев,

Алматы облысы Еңбекші қазақ ауданы Жастар ресурстық орталығының жетекшісі:
– Форумда жастар саясатына жауапты тұлғаларға көкейде жүрген сұрақтарымызды қойып, шешімін табу жолдарын қарастырып жатырмыз. Сондай-ақ, Қазақстанның әр өңірінен келгендіктен тәжірибемізбен бөлісіп, ауданда, ауылды жерлерде атқарылып жатқан жұмысты салыстырмалы түрде бағалап, пікірталас жүргізудеміз. Тіпті, форум біткен соң кешқұрым да әңгімеміз таусылар емес. Сонымен қатар, күн сайын өткізіліп жатқан семинарлар мен тренингтердің пайдасы орасан екенін айта кеткен жөн. Әсіресе, шешендік өнерге баулитын тренингтен үйренгенім көп болды. Жастар орталығының жетекшісі болғандықтан көпшілік алдына жиі шығамыз, сондықтан осындай пайдалы іс-шараны форум бағдарламасына кіріктіргені бізге жақсы болды. Жалпы, Еңбекші қазақ ауданында алпыс бес мыңға жуық жас тұрады. Біздің аудан Алматы облысы бойынша еріктілер қозғалысына ерекше серпін бергенімен ерекшеленеді. Өйткені қайырымдылықпен айналысатын түрлі ұйымдар құрылмай тұрып, біздің ауданның еріктілері тұрмысы төмен отбасыларға үй сатып әперу секілді үлкен істерді атқарып жүрген болатын. Бұл ең алдымен «Jas Otan» жастар қанатының қолдауымен қолға алынған іс. Осы форумнан кейін де көптеген идея туындап, ауданға барғанда іске асырсақ деп бел буып отырмыз. Сондықтан аудандағы біз секілді жастардың одан бетер нәтижелі жұмыс істеуіне септігін тигізетін осындай бас қосулар жиі өтіп тұрса екен деген тілек бар.
 width=

Жанна Әбденова,

Ақтөбе облысы Шалқар аудандық мәслихатының депутаты:
–Бұл форумға Ақтөбе облысынан үш жас депутат келдік. Көптеген форумға қатысып жүрмін, бірақ мұндай жоғары деңгейдегі халықаралық форумға бірінші рет қатысуым. Форум барысында көрші елдерден келген жас көшбасшылар өз тәжірибелерін бөлісіп, бізбен бірлесіп жұмыс жасау мақсатында байланыс телефондарымызбен алмастық. Сондай-ақ, әр өңірден келген депутаттармен пікір алмасып, түрлі мәселелер бойынша өз ойымызды ортаға салдық. Бар айтарым, осындай халықаралық сипаттағы форумдар жиі өткізіліп тұрса екен деймін. Форумның пайдасы орасан екенін жастардың жүзінен-ақ байқауға болады, себебі олар балбұл жайнап, көтеріңкі көңіл күйде жүр. Бұл олардың ары қарай жұмысты бұрынғыдан бетер ерекше құлшыныспен жұмыс істеуіне ықпалын тигізері сөзсіз. Тіпті, облыстан бірге келген әріптестерімнің де керемет әсер алғанын байқап жүрмін. Сондай-ақ, форум барысында айтылған пайдалы ұсыныстар мен ақыл-кеңестерді түртіп алдық, ауданға барған соң, іс жүзінде іске асыратын боламыз. Сосын бұл форум тек Түркістан облысы мен Шымкентте емес, жыл сайын әр облыста өткізіліп тұрса деген ұсыныс айттым. Себебі бұл форумға Түркістан өңірінен жастар көп келетінін айтпаса да түсінікті. Басқа облыстағы жастар да мұндай халықаралық форумның қалай ұйымдастырылатынынан хабардар болса екен деймін.

 width=

Бекзат Ырза,

Қызылорда облысы жастар кеңесінің мүшесі:
–Форумда ең алдымен шетелден келген мамандардың жастар саясатын жүргізуде қолданатын тәжірибесін бөліскені ұнады. Сондай-ақ, бізге беймәлім болған көптеген дүниені танып, көкжиегімізді кеңейтіп, білімімізді арттырып жатырмыз. Сосын қайырымдылық туралы өткен TedTalks-та спикердің «қайырымдылықпен саналы түрде айналысуымыз керек» дегені есімде қалып қойыпты. Бұл менің кәсіби тұрғыда дамуыма үлкен үлес қосады деп сенемін. Өйткені өз облысындағы жастардың жетілуіне немқұрайлы қарамайтын тұрғын ретінде біз жақта үздіктердің үздігі саналатын әдіс-тәсілдер қолданылғанын қалаймын. «Jas Otan» жастар қанатының осындай форумға қатысуға мүмкіндік бергеніне ризашылық білдіреміз. Осы ретте «Jas Otan» жастар қанатының өкілдерінің кәсібилігін атап өткім келеді, себебі халықаралық деңгейде тұңғыш рет ұйымдастырылған бұл форумды өткізуге тыңғылықты дайындалғаны байқалып тұр.