Жаңалықтар

Қазақстан жастары: «Jastar-Otanga!» халықаралық форумы жиі өткізіліп тұрса игі

ашық дереккөзі

Қазақстан жастары: «Jastar-Otanga!» халықаралық форумы жиі өткізіліп тұрса игі

Түркістан облысы Төле би ауданында орналасқан «Тау самалы» демалыс аймағында «Jas Otan» жастар қанатының ұйымдастыруымен «Jastar-Otanga!» халықаралық жастар-саяси форумы өтіп жатыр. Халықаралық форматта тұңғыш рет ұйымдастырылып тұрған аталған форумға Қазақстанның түпкір-түпкірінен келген жастар белсенді қатысуда. Әсіресе, жастар шеберлікті арттыруға арналған түрлі тренингтер мен семинарлардың пайдасы мол екенін айтады. Сондай-ақ, олар халықаралық жастар ұйымдары өкілдерінің өз елінде жастарды көтермелеуге бағытталған жұмысынан хабардар болып, алдағы уақытта бірлесе жұмыс істегісі келетінін айтып жеткізді. Жанна Әбденова, Ақтөбе облысы Шалқар аудандық мәслихатының депутаты: –Бұл форумға Ақтөбе облысынан үш жас депутат келдік. Көптеген форумға қатысып жүрмін, бірақ мұндай жоғары деңгейдегі халықаралық форумға бірінші рет қатысуым. Форум барысында көрші елдерден келген жас көшбасшылар өз тәжірибелерін бөлісіп, бізбен бірлесіп жұмыс жасау мақсатында байланыс телефондарымызбен алмастық. Сондай-ақ, әр өңірден келген депутаттармен пікір алмасып, түрлі мәселелер бойынша өз ойымызды ортаға салдық. Бар айтарым, осындай халықаралық сипаттағы форумдар жиі өткізіліп тұрса екен деймін. Форумның пайдасы орасан екенін жастардың жүзінен-ақ байқауға болады, себебі олар балбұл жайнап, көтеріңкі көңіл күйде жүр. Бұл олардың ары қарай жұмысты бұрынғыдан бетер ерекше құлшыныспен жұмыс істеуіне ықпалын тигізері сөзсіз. Тіпті, облыстан бірге келген әріптестерімнің де керемет әсер алғанын байқап жүрмін. Сондай-ақ, форум барысында айтылған пайдалы ұсыныстар мен ақыл-кеңестерді түртіп алдық, ауданға барған соң, іс жүзінде іске асыратын боламыз. Сосын бұл форум тек Түркістан облысы мен Шымкентте емес, жыл сайын әр облыста өткізіліп тұрса деген ұсыныс айттым. Себебі бұл форумға Түркістан өңірінен жастар көп келетінін айтпаса да түсінікті. Басқа облыстағы жастар да мұндай халықаралық форумның қалай ұйымдастырылатынынан хабардар болса екен деймін.