Жаңалықтар

Ауласындағы қарды видеоға түсірген тұрғынға кешірім сұратқан әкім жазаланады

ашық дереккөзі

Ауласындағы қарды видеоға түсірген тұрғынға кешірім сұратқан әкім жазаланады

Павлодар облысы Баянауыл ауданы Егіндібұлақ ауылының тұрғыны қар жауғанын видеоға түсіргені үшін жергілікті әкімнен кешірім сұрады. Тұрғынның кешірім сұраған видеосы Instagram-да жарияланды. Бірінші видеода ол ауласындағы қардың қалыңдығын көрсетіп, қазан айында дәл қаңтар-ақпандағыдай қар түскенін айтқан. Видеоның жалғасында ауыл тұрғыны камераға жауған қарды түсіргенін мойындап, бірақ еш шағымы жоқ екенін қосады. – Таңертең немеремді мектепке шығарып салып, есікті ашсам қалың қар түскенін көрдім. Еш шағымым жоқ. Мен шағымданатын адам емеспін. Қарды видеоға тек түсіріп, жақындарыма жібердім. Түркістандағы туыстарымда әлі мұндай қар болған емес, – дейді қария. Видеоның түсіріп тұрған азамат одан әкімдікке қандай шағымы бар деп сұрайды. Оған әжей еш шағымы жоқ екенін айтып, кешірім сұрайды. Бұл жағдайға желі қолданушылары наразы болып, әкімдікке хабарласқан Кейіннен Баянауыл ауданының әкімі Қанат Кәрімов кешірім сұратқан әкім жазаланатынын мәлімдеді, ол бүгін таңертең ауыл тұрғынына кешірім сұрап барды. - Бізде тәулік ішінде бір жарым айлық жауын-шашын түсті, ТЖ жарияланды, әкімдерге тұрғындардың барлық өтініштерін қарап, түсіну тапсырылды. Әкім тапсырманы дұрыс түсінбеген. Біз әкімге шара қолданамыз, - деп түсіндірді Қанат Кәрімов.